Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Амал мерекесінде қарияларға құрмет көрсетілді

Амал мерекесінде қарияларға құрмет көрсетілді

Амал мерекесі – жыл басында халқымыздың арқа-жарқа болып, бір-бірімен көрісетін күні. Сондай-ақ, бұл күні жасы үлкендерге ерекше құрмет көрсетіледі. Осыған орай, бүгін аудан әкімі Берік Сәрменбаев аудандағы қариялармен көрісіп, мерекемен құттықтады.

Аудан басшысы алдымен Ұлы Отан соғысының ардагері, Сырдария ауданының Құрметті азаматы, 104 жастағы Яхия Тасыровты мерекемен құттықтап, сый-құрмет көрсетті. Қадірлі қарияға амандық тілеп, ынтымақ-бірліктің ұйытқысы болып жүре беруіне тілектестік білдірді. Ұлы Отан соғысының ардагері өзінің ризашылығын жеткізіп, батасын берді.

Мұнан соң аудан әкімі Қоғалыкөл ауылының еңбек ардагері, 105 жастағы Рахия Ақжанованы арнайы мерекемен құттықтап барды. Қос ғасырдың куәгері елдің тыныштығын тілеп отыр. Аудан басшысы Амал мерекесінде ардақты қариямен қауышқанына қуанышты екенін жеткізді.
Берік Әбдіғаппарұлы Тереңөзек кентіндегі спорт саласының ардагері Сергей Тоқсанбаев пен Н.Ілиясов ауылындағы білім саласының ардагері Қатира Байманованы да ұлттық құндылықтар дәріптелетін мерекемен құттықтап, ілтипат көрсетті. Өз кезегінде құрметті қариялар алғыстарын жеткізіп, еліміздің дамуына, халықтың ауызбірлікте болуына ақ баталарын берді.

Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі
15 наурыз 2024 ж. 109 0