Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Бар құрметке лайық

Бар құрметке лайық

Шұғылалы көктемнің шуақты мерекесінде аудан көлемінде ауқымды іс шаралар ұйымдастырылды. Солардың бірі – білім саласында елеулі еңбек етіп жүрген ұстаздар қауымына көрсетілген құрмет. Аудан бойынша білім саласындағы жандардың 80 пайызы әйел адам екенін ескерсек, 8 наурыз қарсаңында сала мамандарына ерекше құрмет көрсетілуі орынды.

Аудандық мәдениет үйінде аудандық білім бөлімі және білім қызметкерлері кәсіподағы комитетінің ұйымдастыруымен мерекелік жиын өтті. Салтанатты іс шараға білім бөлімінің басшысы Б.Жәнібеков, білім қызметкерлері кәсіподақ комитетінің төрағасы А.Есназар, ардагер-ұстаз­дар, қонақтар, білім саласының қызметкерлері қатысты. Ұстаз-аналар­ға ерекше құрмет көрсетілген іс шара қонақтарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Аудандық білім бөлімінің басшысы атаулы күн иелеріне құрмет көрсетіп, құттықтау лебізін арнады.

– Құрметті аналар, аяулы арулар! Ұлттың да, ұрпақтың да бесігін түзейтін, тілімізді, дінімізді, ділімізді ана сүтімен санаға сіңіретін, тәрбиелейтін – сіздер. Тәуелсіз еліміздегі бейбіт тірліктің, мызғымас бірліктің, жарқын болашаққа деген сенімнің ұйытқысы да – Аналар қауымы! Адамзат үшін анадан құдіретті, анадан ардақты, анадан аяулы жан жоқ. Сіздер әсемдік әлемінің үлгісіндей сұлу да сымбатты қалыптарыңызды сақтай отырып, шаңырақтың шырайын келтірер аяу­лы ана, адал жар, кәсіби маман және жауапты лауазым иесісіздер! Білім саласының дамуына қосқан үлестеріңіз үшін, баға жетпес адал еңбектеріңіз үшін алғыс білдіремін, – деді Берік Съездұлы.

Одан кейін білім қызметкерлері кә­сіп­одақ комитетінің төрағасы А.Есназар құрметті қонақтарды құттық­­­тады.

– Қадірлі аналар, арулар! Сіздер өмірдің гүлі, көңілдің жыры, әр отбасының алтын діңгегісіздер. Бала­лары­мыз бен немерелеріміздің ада­ми келбеті, ұлт болашағы – тек аналар­дың ықыласы мен мейірімінде. Өздеріңізге деген құрметім шексіз. Мерейлі мерекеде зор денсаулық, қажыр­лы еңбектеріңізге биік белес пен толағай табыс, шаңырақтарыңызға шаттық пен қуаныш, таусылмас баянды бақыт, ұзақ өмір тілеймін, – деді Алмас Зейноллаұлы.

Салтанатты іс шара барысында білім саласында ерен еңбегімен, жоғары кәсібилігімен шығармашылық табыстарға жеткен ардагерлер мен мұғалімдер Сырдария ауданының әлеу­меттік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін «Сырдария ауданының 95 жылдығы мерекелік төсбелгісімен» және Оқу-ағарту ми­нистрі­нің «Алғыс хатымен», «Білім және ғылым қыз­меткерлері кәсіп­одағына сіңірген еңбегі үшін» төс­белгісімен, облыстық білім басқармасы мен облыстық кәсіподақ комитетінің «Құрмет грамотасымен» марапатталды. Сондай-ақ аудан өнерпаздары әйел-аналардың құрме­тіне әннен шашу шашып, концерттік бағдарламасын ұсынды.


А.МҰХАНБЕТҚАЛИ
12 наурыз 2024 ж. 195 0