Майдангер жолы өнеге
Биыл Ұлыс Отан соғысының жеңіспен аяқталғанына – 78 жыл. Маңызды датаны лайық атап өту – парызымыз. Себебі бейбітшіліктің тәтті жемісіне қол жеткізіп, тәуелсіз елде өмір сүріп жатқанымыз соғысқа қатысып, қасық қаны қалғанша жан алып, жан берген аталарымыз бен аналарымыздың арқасы. Бүгінгі ұрпақ жауынгерлердің ерлігін ешқашан ұмытпауы тиіс. Соғыстың алғашқы күнінен бастап мұздай қаруланған жауға қарсы тұрып, табандылық көрсеткен қазақ жауынгерлерінің де өшпес ерлігі ешуақытта ұмытылмайды.
Тұтқиылдан Кеңес одағына шабуыл жасаған фашистік Германияға қарсы соғысқа аттанған жерлестеріміздің қатарында жауынгер Алпысбай Оразбеков те болды. Бұрынғы Қызыл Ту ауылдық кеңесінде туып-өскен азамат, әскерге 1942 жылы 18 жасында алынады. Түркіменстанның Красноводск қаласында кіші командирлер дайындайтын училищеде оқып, дайындықтан өтеді. Бір жылдан соң қан майданға аттанып, сұрапыл соғыстың сойқаны болып жатқан Сталинград майданынан бір-ақ шығады. Взвод командирі ретінде майдан даласында жауынгерліктің ерен үлгісін көрсетіп, жанындағы майдандастарымен Отан үшін отқа түседі. Үш жыл бойы соғыстың өрті өршіген қан майданда болған командир Алпысбай Оразбекұлы Жеңісті Чехословакияның Прага қаласында қарсы алады. Кеңес одағы Ұлы Жеңіске қол жеткізгенімен, көптеген жауынгерлер Отан алдындағы борышын өтеу үшін әскери міндетін жалғастырғаны белгілі. Алпысбай ата да туған елге оралмай, 2 жыл бойы әскери борышын жалғастырды. Тәжікстанда Отан алдындағы борышын 1947 жылға дейін өтеп, елге аман-есен оралды.
– Әкем Алпысбай оқ пен оттың ортасында 5 жыл бойы жүреді. Атам Оразбек пен әжем Тойғанның жалғыз баласы болған. Елге аман есен келген соң соғыстан есеңгіреген елдің әл-ауқатын көтеру үшін тынбай тіршілік етеді. Елге келісімен көзі ашық, көкірегі ояу азамат жауапты жұмыс атқарып, аудандық комсомол комитетінде нұсқаушылықтан бастап, партия комитетінің жалпы бөлім меңгерушісіне дейін көтеріледі. Ауданда құрылған «Комхоз» мекемесі жанындағы электростанция жұмысын үйлестіріп, оған басшылық етеді. Әкем соғыс туралы айтуды жөн көрмейтін. Мүмкін жамандықты атамауды жөн көрген болар. Есейгенімше ата-анамның тұңғышы болғандықтан әжем Тойғанның баласы болдым. Сүйегі асыл жандардың мейіріміне бөленіп, жақсы мен жаманды ажыратуды, елге адал қызмет етуді үйрендім, – дейді бүгінде өзі де ардагерлікке жеткен үлкен баласы Нұрлан Алпысбайұлы.
Аудан тарихында жазылғандай өткен ғасырдың 50-60 жылдары әлеуметтік нысандар асар әдісімен салынып, ел игілігіне берілген. Елдің ұйытқысы болу сауаттылықты әрі әділдікті талап етеді. Осындайда ел дамуына дұрыс жол сілтеуде Алпысбай ата аянып қалмаған. Нәтижесінде арда азамат білім ошақтары, мәдени клуб, медициналық бекеттердің салынуына басшылық жасаған. Ел-халықты жұмылдырып, ең қажетті деген нысандардың құрылысы аз уақытта біткен. Мұндайда жақсы ұйымдастырушы болған, өзінің айтар сөзімен, орнықты ойымен ауылдастарын бірлікке шақырып, жақсы іс тындырған Алпысбай Оразбекұлының орны бөлек болғанын, адамгершілік қасиетін оның көзін көргендер ұмыта қойған жоқ. Әсіресе ауданға алғаш электрстанция орнатылған жылы әрбір үйге жарықтың берілуіне күндіз-түні жұмыс басынан табылған басшы Алпысбай атаның жасаған жұмысы ерлікпен пара пар болған. Бұл сөзімізді сол жылдары қарамағында жұмыс істеген ардақты азамат, еңбек ардагері Сәйділдә Сәдуақасұлы да қуаттайды.
– 1965 жылдары болуы керек, Тереңөзекке электр энергия беретін үлкен насос орнатылды. Бір күні насос істен шыққанда әкемді Алпысбай аға шақыртып, қажетті бөлшекті оңдап беруін сұрайды. Темір ұста болған әкем насосты қайта іске қосады. Сонда әкем мені жанына ертіп апарғанда, Алпысбай аға «ұстаның баласы ұста болады» деген сеніммен насостың жұмысына жауапты етіп жұмысқа қабылдайды.
Бақылаушы-механик болып талай жыл поселкеге электр жарығын бердік. Алпысбай аға өте кішіпейіл болатын. Оның қасиеті басшымын деп қарап тұрмайтын, алдымен өзі сәлемдесетін. Тіл табысқыш еді. Әдептілікті, тілдесуді сол кісіден үйрендік десем артық айтқандық болмас. Майдангердің одан кейінгі жылдары аудандағы маңызды салада жұмыс істегенін көрдік, – дейді әке жолын қуған шебер Сәйділдә аға.
Шын мәнінде ағайынды ауызбірлікке шақыруда өзін де, өзгені де сыйлай білетін қасиетінің арқасында Алпысбай Оразбекұлын жан-жағындағылардың барлығы құрметтеді. Әсіресе оның елшілік қасиетін жоғары бағалады. Сырттағы ағайынның қайтадан туған жерге қоныс аударуына көмектесуге алдына жан салмаған. Ақиық ақын Асқар Тоқмағамбетовтің жақын ағайыны болған. Алпысбай атаның баласы Нұрлан аға үйленгенде Асқар Тоқмағамбетов арнайы беташар өлеңін жазып берген. Ал Алпысбай ата сол кездері ақындығымен танылған жерлесіміз Қайырбек Асанов атақты ақын Күләш Ахметованы келін етіп әкелгенде Жамбылға елшілікке барып, құда болып қайтқаны бүгінде керемет естелікке айналған.
– Атам ауданның қалыптасуына, дамуына атсалысқан азамат. Ауданда атқару комитетінде төтенше жағдай бөлімінің өкілі болса, кейін алғаш құрылған газ мекемесінде 1970 жылы зейнетке шыққанша басшылық қызмет атқарды. Ағайынның арасында өте беделді, сыйлы болды. Қандай іс басталмас бұрын атама келіп кеңесетін. Атам ағайынға, тұтас бір руға басшы болды. Тойды да, қазаны да атқарып шығуды ұйымдастырып, жанашырлық танытатын. Енем Аякүл Ақтөбенің қызы болатын. Екеуі тату-тәтті 45 жылдай отасты. Атам мен енемнің еш уақытта бір-біріне ренжіскенін көрмедім. Үлкен кісілерден көп нәрсе үйрендім. Ағайын арасындағы татулыққа кірбің түсірмеудің, береке-бірліктің, сыйластықтың үлгісін көрдім, – дейді шаңырақтың үлкен келіні ардагер-ұстаз Ұлтуған Бимырзаева.
Үлкен әулеттің басшысы болу, ағайын-туысқа сыйлы болу үлкен бақыт. Құрмет пен беделді болуды сөзбен емес, іспен көрсете білген Алпысбай ата ұрпақтары да әкенің ізгі жолын жалғастырған саналы ұрпақ. Бүгінде 7 баласынан өсіп өнген ағайындылардың үлкені Нұрлан аға әке жолымен жүріп өтті. Білімділігі мен іскерлігінің арқасында 43 жыл еңбек өтілінің 37 жылында ауданда телекоммуникация торабын басқарды. Ұзақ жылғы абыройлы қызметі үшін «Қазақстанның құрметті байланысшысы», «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» атағымен марапатталды. Алпысбай атаның екінші ұлы Нұрхан әртүрлі қызмет атқарды, өкініштісі өмірден ерте өткені. Одан кейінгі қыздары Мираш пен Саракүл зейнетке шыққан ардагер-ұстаздар. Кіші қыз – Гүлмира, Алматы қаласында қызметте. Нұралы – энергетик, қарашаңырақтың иесі Нұрмағанбеттің де мамандығы энергетик.
Әке салған сара жолмен келе жатқан ұрпақтары бүгінде бір-бір шаңырақтың иесі. Атадан тараған немере-шөберелері де әулеттің атын жақсы жағынан шығаруда.
– Әкеміз бала кезімізден бізді еңбекке баулыды. Достыққа адал болуға, кісінің ала жібін аттамауға үйретті. Барлығымыздың білім алуымызға жағдай жасады. Тәрбиелі және білімді болуға баулыды. Жақсы қасиеттерді балаларына да, ағайынға да үйретуден жалыққан емес. Қоғамның белсенді мүшесі болған әкем мен үшін де, ұл-қыздары, немерелері үшін де үлгі. Соғыста жүріп, бірнеше марапатқа ие болған әкемнің ерлігі үшін алған орден-медальдары бар. Сол кездегі соғыстан аман келген әрбір азамат сияқты менің әкем де ауданды көтеруге белсене араласты. Әкем соғыс ардагері ғана емес, еңбек ардагері де. Оның «Ұлы Отан соғысы» ордені мен көптеген медальдарын ұрпақтары әлі талай жыл көзінің қарашығындай сақтайтын болады. Әкемнің есімін мәңгі қалдыру мақсатында кенттен жаңа қоныстану аймағынан атына көше атауын бергеніне қуаныштымыз. Әкем Алпысбай Оразбекұлының есімі әрқашан біздің жүрегімізде ерлік пен еңбектің табандылық пен әділдіктің үлгісі болып қалады, – дейді еңбек ардагері Нұрлан Алпысбайұлы.
Биылғы жылы наурыз айында туғанына 100 жыл толатын майдангердің елі үшін жасаған ерлігін ұрпағы осылайша мақтан тұтады.
Бибісара ЖАНӘЛІ