Ағзаңыз көктем мезгіліне дайын ба?
Күн мен түннің теңеліп, табиғаттың жанданып, бар жаратылыс жаңарып, түрленіп, гүлденетін көктем мезгілі де келіп жетті. Көктем – көпшілік үшін «қыстан аман шығып, көктем келді» деп бір шаттанатын уақыт. Әсіресе балалар үшін ең сүйікті жыл мезгілдерінің бірі. Алайда көктем мезгілінде ағзада айтарлықтай өзгерістер болады. Иммунды жүйе әлсіреп, ағзада дәрумендер жетіспеушілігі пайда болады. Ал дәрумендер ағзаға қажетті маңызды микроэлементтердің бірі. Сондықтан бұл уақытта денсаулыққа аса көңіл бөлген жөн. Көктем мезгілінде не себепті ағзада өзгерістер пайда болады? Иммундық жүйені қалай көтергеніміз жөн деген сұрақтарға жауап іздеп көрелік.
Қыс суығында үйде отырып, далаға көп шыға бермейтініміз анық. Сол себепті қимыл қозғалыс та азаяды. Ал көктем келісімен бірден пайда болатын қимыл қозғалыстың көбеюі салдарынан әлсіздік пайда болады. Қыстың қысқа күніндегі аз қимылға үйренген ағза көктемдегі жылы ауаның өзгерісіне бірден бейімделе алмағандықтан әлсірейтін көрінеді. Әлсіздік көбінесе орта жастан асқан кісілерде болады. Көктем мезгілінде ауа-райының өзгерісі денсаулыққа айтарлықтай әсер етіп, қан қысымының төмендеуі, бас айналуы, көздің қарауытуы, тұмау ауруы мен бас ауруларына алып келеді. Сонымен қоса ұйқы қысып, ашушаңдық, көңіл-күйдің жиі құлазуы, тәбеттің болмауы және шаршағыштық сезімі жиілейді. Көктемгі шаршау авитаминозға да байланысты болады екен.
Ағзадағы дәруменнің жетіспеушілігінен денедегі әлсіздік созылмалы аурудың өршуіне сеп болатын көрінеді. Мамандардың айтуынша егер осы кезде ағзадағы дәрумендер қорын толықтырып отырмаса, эндокринді жүйенің жұмысы нашарлайды. Қыс мезгілінде вирустан қорғануға барынша қызмет еткен иммундық жүйе қолдауды қажет етеді. Тәбеттің болмауы иммунитеттің әлсіреуінің басты белгілерінің бірі. Тәбеттің жоқтығына қарамастан уақытылы дұрыс әрі жүйелі тамақтану керек. Әсіресе таңғы асты міндетті түрде ішу қажет. Дәрігерлер құрамы дәрумендер мен ақуыздарға бай тағамдарды, сүт, ет, сары май, жұмыртқа және жеміс-жидек сияқты пайдалы өнімдерді пайдалануға кеңес береді. Сонымен қоса маманмен кеңесе отыра ағзаңызға қажетті дәрумендерді алып ішу керек. Алайда дәрігердің кеңесінсіз кез келген дәрумен түрін қолдануға болмайтынын ескергеніңіз абзал.
Ағзадағы өзгерістер жұмысыңызға әсер етпей қоймайды. Түнгі уақытта 8-9 сағатты ұйқыға бөлсеңіз де , ұйқыңыз қанбай, шаршау бойыңызды басып алуы мүмкін. Түнгі ұйқыдан бөлек мүмкіндік болса түс ауасында бір тынығып алған дұрыс. Адам денсаулығы үшін дұрыс ұйқының маңызы зор. Сол себепті де бос уақытыңызда жиі тынығып тұрғаныңыз жөн.
Көктемде буын мен бұлшық ет сырқырап, созылмалы аурулар сыр беріп, одан әрі үдей түседі. Қанша сақтансаңыз да суық жел сізге жетпей қоймайды. Сол үшін дәріханадан арнайы майларды, медициналық кремдерді және ауруды басатын гельдерді алуға кеңес береміз.
Күнделікті табиғат аясында серуендеп уақыт өткізу ағзаға жақсы әсерін тигізетіні сөзсіз. Таза ауа арқылы өкпеңіз сергіп қалады. Ми жасушалары оттегімен қанығып, шаршауды басуға септігін тигізеді. Сонымен қоса көңіл-күйіңіз де көтеріңкі болады.
Қарап тұрсаңыз қарапайым ғана қиын емес амалдар. Ал ағзаға тигізер пайдасы орасан зор. Сол себепті осы қарапайым амалдарды уақытылы орындап, көктемнің жаймашуақ күндерінде барлық ауру сырқау мен әлсіздікті артқа тастап, өз денсаулығыңызды жақсартуға кеңес береміз.
Алтынай ҚАЙРАТҚЫЗЫ
Фото: Мatritca.kz