Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Оқырманға мың алғыс

Оқырманға мың алғыс

Шұғылалы көктемнің алғашқы күнін жақындарымызға алғыс айтумен бастау әдетімізге айналды. Бұл мерекенің берекелі наурыз айында болуы тіптен тамаша. Бүгін ұйқыдан ояна сала, бізді көркем бейнеде жаратқан Тәңірге шүкір етіп, әуелі ата-әжемізге, кейін ата-анамыз бен бауырларымызға, жақындарымызға алғыс айтсақ, көңіліміз толып, жүзімізге шаттық ұялайды емес пе! Мен де жергілікті газеттің «Бас редактор бағаны» айдары бойынша барша оқырманға газет редакциясы атынан шынайы алғыс айтқым келеді.

Басылым тірегі – ойлы оқырман. Бұл қанатты қағида біздің жұмысымыздың басты негізіне айналды. Шығармашылық топ өкілдері оқырман қауыммен ашық байланыс орнатып, тығыз жұмыс істеп келеді. Нәтижесінде жаңа айдарлар ашылып, мақалалар топтамасы әзірленіп, түрлі сала өкілдерінің жұмысы мен жетістігі кеңінен насихатталуда. Бұл біз үшін де, оқырман қауым үшін де өте тиімді. Себебі, басылымды тұрақты оқырмансыз елестету мүмкін емес, оқырман да біздің мазмұны байыған басылымымызды асыға күтетініне сенеміз.

Бүгінде біздің аудандық газет Тәуелсіздік жылдары тарихында бұрын-соңды болмаған көп таралыммен таратылуда. Біз бірлесе атқарған жұмыстарымыздың нәтижесінде соңғы үш жылда газет тиражын жүздеген данаға арттырдық, яғни біздің жаңадан жүздеген тұрақты оқырманымыз пайда болды. Бүгінде аудандық газетті күтетін, әр нөмірін тұрақты түрде оқитын оқырмандардың бар екенін зор мақтанышпен айтамыз. Атап өту керек, төріңіздегі төл басылымға айдынды Арал мен жаңарған Жаңақорған ауданынан да жаздыртып алып, оқитын оқырмандарымыз бар. Сондықтан Алғыс айту күні оқырмандарымызға алғыс айтып, жақсылық тілеу – біздің міндетіміз.

Оқырманның пікірі, ұсынысы біз үшін маңызды. Газет арқылы келелі мәселелер көтеріп, оның түйінін тарқатып, оқырман қауымның көңілінен шығу, оң бағасын алу – редакция тілшілеріне қойылатын бірден-бір талап. Осы талаптың үдесін шығып, жаңалықтардың жаршысы бола алсақ, абыройымыздың артқаны, мерейіміздің өскені деп білеміз. Сондықтан аудан жаңалықтарын дер кезінде таратып, ақпараттық қолдау көрсетіп келе жатқан қаламгерлерге де алғыс айтқанымыз жөн. Түптеп келгенде, оқырман мен басылым – бір ұғым. Ендеше, Алғыс айту күні басылым қызметкерлері мен тұрақты оқырмандарға құтты болсын!

Ақтөре Ибрагимұлы,
Сырдария аудандық
«Тіршілік тынысы» газетінің
бас редакторы

01 наурыз 2023 ж. 244 0