Алғысы шексіз оқырман
Газеттің есігі оқырман қауымға әркез ашық. Оның үстіне біз ашықтық пен қолжетімділік қағидатын нық ұстанып отырмыз. Кез келген оқырманмен пікірлесіп, аудан үшін ортақ тақырыпты талқылауға да дайынбыз.
Алғыс айту күні қарсаңында газет оқырманы Ақмарал Оспанова редакцияға соқты. Бөлім басшысы Бибісара Жанәлімен аз-кем пікірлескен ақ жаулықты ана үлкенге де, кішіге де алғыс айтып жүр екен. Есіктен кірген бойда жасы жетпістен асқан жан әңгімесін «Келе жатқан Алғыс айту күні құтты болсын!» деп бастады. Риза болып қалдық. Бір ауыз жылы сөз жанды семіртеді деген осы шығар...
Ақ жаулықты ана көктемнің алғашқы күнімен тұспа-тұс келген алғыс айту күнінің мәні мен маңызы жөнінде әңгімеледі. Тарихқа көз жүгіртіп, өткен мен бүгінді байланыстырып, халқымыздың дархандығы, кең пейілі шексіз алғысқа лайық екенін атап өтті. Сосын бүгінгі қоғам жөнінде ой қозғап, үлкенді сыйлау, кішіге қамқор болу, жоқ-жітікке көмектесу, сырқат жанға жәрдем беру секілді тақырыптарда өз ойын ортаға салды.
– Ең бірінші Аллаға шүкір, бізді сау етіп жаратты, ақыл-ес берді. Кейін ата-анамызға, ұстаздарымызға алғыс айтуымыз керек, – деген ойлы оқырман Ақмарал Оспанова перзентінің бала жасынан мүмкіндігі шектеулі екеніне тоқталды. Әрине, бұл өмірдің сынағы. Оған ешкім қарсы тұра алмайды. Десе де алға талпыну керек. Осындай ой айтқан ана ауданға белгілі білікті дәрігерлер Қайрат Ерманов пен Айгүл Жакупованың дәрігерлік көмегіне, әлеуметтік қызмет көрсетуге жауапты маман Нұргүл Орынтаеваның қызметіне риза екенін айтты.
Алғыс айту күні – ауыртпашылықты бірге көтеріп, қиындықты бірге еңсеруге жәрдемдескен жандарға ризашылық білтіретін ерекше күн. Елбасының бастамасымен соңғы төрт жылдан бері тұрақты түрде аталып өтіліп келе жатқан мереке бүгінде жалпыұлттық сипатқа ие болды. Ал газет оқырманы Ақмарал Оспанова секілді үлкен-кішіге алғыс айтуға бейім тұратын жандар көп болса, қоғам мүшелерінің бір-біріне мейірімі мен жанашырлығы артары сөзсіз. Біз де өз кезегімізде газет оқырманын Алғыс айту күнімен құттықтап, зор денсаулық және отбасына қуаныш тіледік.
Гүлсім ӘЛЖАНОВА