Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№88 газет

05 қараша 2024 ж.

№87 газет

02 қараша 2024 ж.

№86 Газет

29 қазан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Өнерім – өмірімнің гүлі

Өнерім – өмірімнің гүлі

Қазақ ән әлемінде өзіндік орны бар абыройлы жерлестеріміздің жұлдызды жолын жалғап келе жатқан жергілікті жас өнерпаздарды қолдау, шығармашылық шабыт сыйлау – біздің ортақ міндетіміз. Сол ортақ міндет аясында аудандық газет редакциясы жас дарын иелеріне ақпараттық қолдау көрсетіп, жергілікті басылымда тұрақты түрде мақалалар жариялап келеді. Бұл жолғы мақаламыз жақында, яғни 29 ақпан күні өзінің ең алғашқы жеке шығармашылық кешін өткізетін жас әнші Ақбота Талғатқызына арналмақ. Біз шығармашылық кеш алдында жас әншіге бірқатар сұрақ қойып, сұхбаттасқан болатынбыз.

– Ақбота, ең алғашқы шығармашылық кешіңіздің аудан­дық мәдениет үйінде өткізілейін деп жатқаны құтты болсын! Көңіл-күйіңіз қалай?

– Көңіл-күйім жақсы, бірақ қобалжу да бар. Ең алғашқы шығарма­шылық кешімнің жақсы, жоғары деңгейде өтуіне барынша дайындалып жатырмын. Талғамы биік тыңдарман қауымның көңілінен шығу оңай жұмыс емес. Шығармашылық ізденісім абыроймен және сәттілікпен ұштасса, бәрі жақсы болады деп сенемін.

– Сізді аудандағы мәдени іс-шараларда әуелете ән шырқап жүрген жас әнші ретінде білеміз. Балалық шағыңыз туралы айтсаңыз.

– Менің естен кетпес балдәурен балалық шағымда бақыт пен қуанышқа толы ерекше сәттер көп болды. Әкем мен анамның сүткенжесі болып, 1997 жылы өмірге келіппін. Есімі Сыр өңіріне белгілі дін қайраткері Қалжан ахун ауылында кіндік қаным тамды. Тыныс-тіршілігі адал еңбекпен ұштасқан берекелі ауылдың қарапайым отбасында өсіп-жетілдім.

Үйдегі үш қыздың кенжесі болғандықтан кішкентайым­нан арманшыл едім. Алдымдағы қос әпкеме еліктейтінмін. Ерке болатынмын. Балабақшадағы еркелігімді, еркелігім деймін-ау балалық бұзықтығымды бүгінде анам зор тебіреніспен айтып отырады. Бәлкім анашым бала­бақшада тәрбиеші болып жұмыс істегендіктен сол кісіге арқа сүйеп, еркелеген шығармын...

Мен өмірге келгенде әкем ерекше қуаныпты. Халқымыз «Қыз – елдің көркі» деп бекер айтпаған ғой. Шүкір, әкемнің сол қуанышы, бізге деген сезімі мен шексіз махаббаты бізді қанаттандырды. Анамыз екеуі бір үйде тетелес өскен үш қыздың бақыты үшін барын салды. Сондықтан да мен перзент ретінде балдәурен балалық шағым бақыт пен қуанышқа толы болды деп айта аламын.


– Ал мектеп пен студенттік жылдарыңыз туралы не айтасыз?

– Жоғарыда айтып өткен бақытты балалық шағым өсе келе оқушылық кезеңге ұласты. 2004 жылы ауыл мектебінің табалдырығын имене аттап, №126 орта мектептің ұстаздарынан тәлім алдым. Мен оқыған мектептен ұстаздар сенімін, ата-ана үмітін ақтаған елімізге белгілі азаматтар түлеп ұшқанын әркез мақтан тұтамын.

Өміріме айналған өнерге алғашқы қадам­ды мектепте жасадым десем де болады. Мектепішілік іс-шараларға белсене қаты­са­тынмын. Ән айтып, би билеп, түрлі қойы­лымдарда өнер көрсетуші едік. Өнерге деген сол талпыныс, ізденіс, бала күнгі арман 9-сыныптан кейін Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық колледжіне же­теледі.

– Қай мамандық бойынша білім алдыңыз?

– Колледжде «Академиялық ансамбль» мамандығы бойынша оқыдым. Тұрмағамбет атындағы халық аспаптар оркестрінің солисі, Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық колледжінің оқытушысы, «Құрмет» орденінің иегері Самал Байсейітованың сыныбында білім алып, 2017 жылы бітірдім. Студенттік жылдары облыс көлеміндегі мәдени-көпшілік іс-шаралар мен байқауларға қатысып, білімімді кәсіби тұрғыда жетілдіруді мақсат еттім.

– Еңбек жолыңыз, бүгінгі жұмысыңыз жөнінде білсек.

– Алғашқы еңбек жолым 2017 жылы Сырдария аудандық мәдениет үйінде басталды. Алғашында «Дала дидары» халықтық-мәдени үгіт бригадасының құрамында өнер көрсеттім. Әріптестерімізбен бірге ауыл­дарды аралап, ұжымдармен кездесіп, өз өнерімізді паш еттік.

Аудандық мәдениет үйінің директоры Нұрхан Көшербаев біз секілді жас мамандарға әркез қолдау көрсетіп, бағыт-бағдар беріп келеді. Қазіргі таңда Сырдария аудандық мәдениет үйінің әдіскері ретінде еңбек жолымды жалғастырудамын. Ең алғашқы еңбек жолым бірлігі бекем, тірлігі көркем, өнері өркен жайған іргелі ұжымда басталғанына қуанамын. Мәдениет саласының майталманы атанған аға буын өкіл­дерінен үйренеріміз көп деп есептеймін.

Еңбек жолымның басталуы өміріме көп өзгеріс әкелді. Алға ұмтылуды, ізденісті серік етуді, жетістікке талпынуды үйрендім. Бірақ, адам өмірі, әсіресе өнер адамының өмірі әркез қуаныштан құралмайды екен... 2017 жыл – мен үшін сындарлы да сынақты жыл болды. Тамыз айында ауыр науқастан әкеміз бақилық сапарға аттанды. Алланың ісіне шара жоқ десек те, көңіліміз күпті болып, жан-дүниеміз жабырқап, жүрегіміз де, жүзіміз де ыстық жасқа толды. Адамда арман таусылған ба? Шіркін, ардақты әкем алғашқы шығармашылық кешімнің төрінде отырып: «Менің арманшыл қызым биікті бағындырды» деп маңдайымнан сүйсе, менен бақытты жан болмас еді-ау... Әкеге деген сағыныш – мәңгілік сағыныш болып қала бермек.

– Болашақта қандай жоспарларыңыз бар?

– Қазір мен жаңашылдық пен мүмкіндіктерге толы өрлеу кезеңіне қадам бастым. Ең басты жоспарым – шығармашылық кешімді ойдағыдай өткізу. 29 ақпан күні өтетін шығармашылық кешімнің аудандық мәдениет үйінде өткізілейін деп жатқаны – мен үшін зор абырой әрі үлкен жауапкершілік. Мен шын жүрегіммен, ақ адал көңіліммен тыңдармандарыма басымды иемін.

Өнер – ұшы-қиыры жоқ, қызығы да, қиындығы да мол үлкен сала. Осы жолда мен тыңдармандарыммен биікпін, мықтымын, бақыттымын. Өнерге, өнер адамына құрмет көрсетіп, алтын уақытын бөліп, концертіме келетін әрбір жанға шексіз алғысымды айтамын. Бұйырса, көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, бойымдағы таланттың бәрін талғамы биік тыңдарманға арнайтын боламын.

– Сәттілік тілейміз! Шығармашылық кешіңіз ойдағыдай өтсін!

– Ақпараттық қолдау көрсеткеніңіз үшін рақмет! Сізді және аудандық газет редакциясының ұжымын шығармашылық кешіме шақырамын.

– Рақмет!

Сұхбаттасқан
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ
24 ақпан 2024 ж. 189 0