Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудандық газетке алғысым шексіз

Аудандық газетке алғысым шексіз

«Тұрақты түрде ерекше ақпараттық қолдау көрсетіп, «Қазақстан дауысы» мегажобасының жеңімпазы атануыма қосқан үлесі үшін аудандық «Тіршілік тынысы» газетіне шынайы алғысымды білдіремін. Шығармашылық ұжымға шын жүректен сәттіліктер мен жақсылықтар тілеймін». Бұл – жас әнші, «Қазақстан дауысы» мегажобасының жеңімпазы Құралай Мейрамбектің аудандық газеттің бас редакторы Ақтөре Ибрагимұлымен пікірлесу барысында айтқан жүрекжарды лебізі.

Ауданымыздың мақтанышы Құралай Мейрамбек Туған жері – Сыр өңіріне жасаған шығармашылық сапары барысында аудандық газет редакциясына ризашылығы мен ілтипатын білдірді. Талант иесі аудандық газеттің бас редакторы Ақтөре Ибрагимұлына ақпараттық қолдау көрсетіп, жерлестерінің қолдауы мен құрметін қалыптастыруға атсалысқаны үшін алғысын айтты.

– Алыста жүрсем де газеттеріңіздің ПДФ нұсқасын міндетті түрде оқимын. Мен туралы бірнеше рет мақала жазып, сұхбатымды жариялап, ерекше қолдау білдірдіңіздер. Сол қолдауларыңыз бен тілектеріңіздің арқасында «Қазақстан дауысы» мегажобасының жеңімпазы атандым. Сондықтан ата-анамның және жеке өзімнің атымнан сіздерге алғыс айтамын. Сенімдеріңізді ақтауға уәде беремін, – деді Құралай Мейрамбек.

Өз кезегінде аудандық газеттің бас редакторы, депутат А.Ибрагимұлы жас әншінің жетістігі ауданымыздың ғана емес облысымыздың абыройын асқақтатқанын атап өтті.

– Жас та болса, көрегенділік танытып, аудандық газет редакциясына арнайы көңіл бөліп, ақ тілек арнап жатқан Құралайдың ілтипатын біз зор құрметпен қабыл алдық. Жас әншіге қолдау көрсету – біздің азаматтық та, ағалық та міндетіміз. Редакция ұжымы – Құралайдың нағыз тілектес жанашырлары. Біз талантты қарындасымызға барлық жақсылықты тілейміз, – деді А.Ибрагимұлы.
03 наурыз 2022 ж. 578 0