Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Бақыттың кілтін еңбектен тапқан ардагер

Бақыттың кілтін еңбектен тапқан ардагер

Аудандық газет редакциясының тілшілері әрдайым оқыр­ман пікірін тыңдап, айтылған ұсыныс-тілегін қабыл алуды дәстүрге айналдырған. Жақында газетте жарияланған «Алып бәйтеректің саялы бағы» атты мақала әлеуметтік желіде де жақсы оқылым жинап, құнды пікірлер жазылды. Осы мақала негізінде ауданда еңбек ардагерлері туралы мақала жазуға ұсыныс айтушылардың да қатары қалың. Сондай оқырманымыздың бірі өмір жолы өнеге, ауыл шаруашылығының ардагері Есенбай Асанұлы мен «Алтын алқа» иегері Наббат Тұрғанова туралы жазуымызды сұрады. Ардагерлік жасқа жеткен ардақтылар бұл күнде үлкен әулетке айналып, бала-шағаның ортасында отырған жайы бар.

Аты әлемге әйгілі ақын, философ, қоғам қайрат­кері Жүсіп Баласағұн бабамыз «Кісіге екі дүние­де пайдалы үш нәрсе бар, біріншісі – халқына адал қызмет ету, екіншісі – әділдік, үшіншісі – ар-ұят. Адам осы үш қағида арқылы бақытын табады» деген екен. Бұл қағида мақаламызға арқау болған еңбек ардагері Есенбай аға мен зайыбы Наббат апаға арналғандай. Себебі қос ардагердің бойында бабамыз айтып кеткен қасиеттің барлығы табылады. Олар саналы ғұмырында адал еңбек етіп, туған ауылы мен туған жердің түлеуіне қызмет еткен адамдар.

Сәл шегініс жасап Есенбай Асанұлының еңбек жолына үңілсек. Осыдан 72 жыл бұрын наурыз мерекесінде С.Сейфуллин ауылында дүние дидарын ашқан азамат әке-шешесінің тұңғышы болып ер жетеді.

– Әкем Асан Әбдікәрімов С.Сейфуллин кең­шарын­да атақты күрішші болды. Адал еңбегі үшін «Құрмет белгісі», «Еңбек Қызыл Ту» ордендері­мен, көптеген медальмен марапатталған. Анамыз Үмбігүлсім кеңшарда есепші болып еңбек етті. 4 ұл мен 2 қызды тәрбиелеп өсірген ата-анамыз біздің есейгенімізді көріп, адамгершілік асыл қасиеттерді бойымызға сіңірді, – дейді бүгінде өзі де ардагерлікке абыроймен жеткен Есенбай аға.

Ардагер – құрметті, ардақты, қадірлі деген мағынаны білдіреді. Ел қамын ойлап, намысын қорғаған, елеулі еңбек сіңірген, абырой, беделі асқақ адамды халық «ардагер» деп жоғары бағалай­ды. Есенбай Асанұлы – туған елі үшін ауыл шаруашылығын түлетуге қырық жылдан астам уақыт күш-қуатын жұмсаған шаруа адамы. Азамат ес білгелі ауыл шаруашылығы техникасын тізгіндеді. Бұрынғы №88 селолық кәсіптік училищеде тракторист-машинист мамандығын алып, 18 жасында Партияның ХХІ съезі атындағы кеңшарда тракторист болып еңбек жолын бастады. Арыс қаласында әскери борышын өтеп, ауыл шаруашылығында еңбек жолын жалғастырды.

1975 жылы ауданда С.Сейфуллин атындағы кеңшар құрылғанда, кеңшар директоры Ж.Бодықбаев өз ісінің майталманы атанған білікті маман­ның еңбегіне сүйсініп, жаңа кеңшарға жұмысқа шақырды. Бойында жалындаған жас­тық жігері мен еңбекке деген құлшынысының арқасында машинист, жаткист-комбайнер болды. Кеңшардағы түрлі техниканың тізгініне отырды.

– Кеңшардың жаңадан құрылған кезі. Техника­ның саны санаулы, барлығы ескірген. Сонда да директордың талапшылдығы мен іскерлігі еңбек­керлерді жігерлендіретін. Директор кеңседе отырмайды. Қай кезде де шаруа адамдарының жанынан табылатын. Таңертеңнен басталатын еңбек­ке қызу кірісіп, шаруашылықтың жұмысы іркіліссіз болуын қамтамасыз ететін. Сондай қиын-қыстау кезінде мал азығынан тапшылық көрдік. Шаруашылыққа алыстағы Қарақұмнан, Мыңбұлақ деген жерден шөп әкелуге аттанатынбыз. Қара жұмысты еңсеріп, мал-жан амандығына күш сал­дық. Техниканың ақауын да өзіміз жөндейміз. Таң атқаннан бастап кеш батқанша тыным таппай еңбек еттік, – дейді байырғы тракторист Есенбай аға.

Еңбек адамы – ел көшін алға сүйрейтін қуатты күш. Қара жұмыста шыңдалып, саланың сайыпқыраны атанған Есенбай аға жұмысына деген адалдығы мен жауапкершілігінің арқасында 1984 жылы 7 қарашада облыс орталығында өткен ең ауқымды мерекенің құрметіне К-700 тракторымен техникалар шеруіне қатысқан. Осылайша құр­мет төріне шығып, техникасын күтіп ұстағаны үшін облыс басшылығынан марапат алып, абыройы асқақтағанын бүгінде оның достары ұмыта қойған жоқ.

Байырғы тракторшы саналы ғұмырында шаруа­шылықтың жұмысынан қол үзбей, еңбекте қатар жүрген замандастары Сайлау Нұртаев, Дос­бол Арысбаев, бригадирі марқұм Ж.Төлебаев, агро­ном С.Нұрымов пен О.Дүйсенов, т.б. адал еңбегі көпке үлгі болғанын мақтанышпен еске алады. Арда азамат еселі еңбегінің нәтижесінде әр жылдардағы облыстың бірінші басшылығының қолынан ІІІ дәрежелі «Еңбектегі Ерлігі үшін» және «Еңбек Даңқы» ордендерімен наградталды. Мұнан басқа көптеген медаль абыройлы еңбектің жемісі ретінде еңбек адамының кеудесінде жарқырап тұр.

Есенбай Асанұлы елдің басына келген тоқырау кезеңінде де қолынан келетін іспен айналысты. Отбасымен аудан орталығына қоныс аударып, «Харрикейн Құмкөл Мұнай» компаниясында, кейін «Бастау-S» мекемесінде жұмыс істеп, 2015 жылы зейнет демалысына шықты. Биыл өмірлік жары Наббат Тұрғановамен отасқанына 51 жыл болды. Алтын алқалы ана қай кезде де арқа сүйер азаматына қолдау білдіріп, өзі де қол қусырып отырған жоқ. Егін егіп, сиыр сауды. Ауылда клубта жұмыс істеді. Қиын қыстау кезеңде қолда бар малды ұқсатып, оны көбейтіп, ағарғанын үзбеді. Бала-шағасын асырау қамымен дорба арқалап, саудамен де айналысты.

–Отбасын құрып, шаңырағымыздың шат­ты­­ғы балаларымыз өмірге келгенде қиындықты еңсеру­ге тырыстық. Отағасының жағдайын жасап, бала-шағамызбен жұмыстан келетін уақытында ас-суымызды әзірлеп отырамыз. Есік алдына тоқта­ған тракторының дауысын естігеннен ас та дайын тұрады. Жұмыстан шаршап келсе де үйге апыл-ғұпыл кірмейді. Алдымен күні бойы жұмыс істеген тракторын сүртіп, жуып-тазалап, тап-тұйнақтай етіп, жалтыратып барып, ішке кіретін. Қай кезде де тиянақты, техникасы жалтырап тұратын. Бұл қасиеті балаларына да жұқты. Ұлдар көліктерін күтіп ұстайды. Тазалықты жаны сүйеді. Қарапайымдылығынан ешқашан тайған емес. Қазір де көлік айдайды, қай кезде де тап-таза тұрады, – дейді ақ адал жары Наббат апа.

Кеудесі орден-медальға толы, жүрісі ши­рақ, арқа-жарқа болып жүретін Есенбай аға еш­қашан кісіден бірдеңе сұрап, алдына баруды құптамайды. Адал маңдай терін төккен еңбегі үшін зейнетақысы бар. Шүкіршілік ету оның қанына сіңген қасиет. Ерлі-зайыптылар Құдайдың берген балаларын да жақсы тәрбиеледі. Әр баласына бір-бір үй тұрғызып, өзі де кең сарайдай қарашаңырақта қосағымен бейнетінің зейнетін көріп отыр. Балалары Меңдігүл, Нұркен, Бибігүл, Алмагүл, Дастан, Гүлвира, Рүстем, Гүлжазира түрлі салада еңбек етіп жүр. Бірі мемлекеттік қызметкер болса, енді бірі медицина саласында, араларында қарапайым жұмысшы мен әке жолын қуған көлік жүргізушісі де бар. Шаңырақтың үш келіні Нұргүл, Жанар, Ақшолпан ибалы да инабатты, ата-әжелеріне немерелер сүйгізіп отырған сүйікті жар. Перзенттерінің арасында Бибігүлі анасының жолын жалғастырған «Алтын алқалы» ана.

Жарты ғасыр қол ұстасып, жарасымды отбасы құрған әулет бүгінде тамырын тереңге жайып, бір қауым елге айналды. Достық көшесінің үлкені ретінде де көршілер арасында құрметке ие. Көз қуаныштары немерелері мен шөбере қызығына кенеліп отырған қос қария­ға ұзақ өмір тілейміз.

Бибісара ЖАНӘЛІ
17 ақпан 2024 ж. 491 0