Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Туған жер – Тереңөзегім!

Туған жер – Тереңөзегім!

Тереңөзек ауданының тумасы, ақын Қайырбек Асановтың есімі әдеби ортада ғана емес, зиялы қауым өкілдері арасында да құрметпен аталады. Өлең өлкесінде өзіндік орны бар азамат бүгінде «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атанып, мемлекеттік наградаға да ие болды. Сондай-ақ ол – Тараз қаласының және Сырдария ауданының Құрметті азаматы. Өмірдің өзіндей шынайы, салмақты да салиқалы жырларымен қазақ поэзиясында өзіндік қолтаңбасы бар белгілі ақын, қоғамдағы маңызды әрі жауапты сала – журналистикада қырық жылға таяу абыройлы қызмет атқарған қарымды қаламгер. Ағалықтан асып, абыз ақсақалдықтың асуына иек артқан ақынның өнегелі өмір жолына зер сала отырып, оның шығармашылығы қазақ әдебиетінің қазынасына айналғанын анық аңғаруға болады. Қазір Жамбыл облысында тұрып жатқан ақынды сырдариялық жерлестері әркез мақтан тұтады және көрнекті ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Күләш Ахметова екеуіне зор денсаулық тілейді. Ақын азаматтың ақпан айындағы туған күніне орай жергілікті газетке бірқатар өлеңін жариялап, жырсүйер қауымды поэзиямен сусындатуды жөн көрдік.


Менің болмысым

Жаныма терең үңілші,
Мен де бір жеке құбылыс.
Сыйынарым – бірінші
Алла деген ұлы күш!

Пейілім таза досқа да,
Жамандық деген жоқ менде.
Мейірімімді төгем тасқа да,
Еш өкпем жоқ өткенге.

Бойымда барлық қуатым,
Жүрегім ылғи жыр тілеп.
Адалдық – асыл мұратым,
Жүремін тасып, күркіреп!

Қызым да көркем, ибалы,
Ұлым да жігіт сұлтаны.
Шарықтап асау қиялы,
Жарым да жырдың сұңқары!

Қарсы алып таңның арайын,
Батырам Күнді – Батысқа.
Қып-қызыл шоққа қарайын.
Шашырап түскен әр тұсқа!
Бұл әлем көркем – бір дас­тан,
Тоймайды-ау көзің мәңгіге.
Дөңгелей берер тынбастан,
Тіршілік – ұзақ әңгіме!

Мықтымын, мен де білгенге,
Шаруама әркез тас-түйін.
Күн шыққандайын – күлгенде
Оралар қайта жас күйім!

Осылай менің әр күнім,
Өтеді өршіл екпінмен.
Жанымның ғажап жарқылын
Жан-жағыма төктім мен!

Кеудеме күйлер толсын деп,
Өшірдім үнін үрейдің.
Ғұмырым ұзақ болсын деп,
Алладан ғана тілеймін!

Түс немесе Мұқағалимен ұшырасу

Апыр-ау, түсім бе еді, өңім бе еді,
Көз алдымнан бояулар өріледі.
Ақ жауындар аспаннан төгіледі,
Жер қыртысы біртіндеп сөгіледі,
Қопарылып тау-тастар үгіледі
Бір нәрсеге көңілім бөлінеді.


Жүзі жарқын көрінді жан шырайлы,
Маңдайымнан моншақ тер тамшылайды,
Алға адымдап тағы да аршындайды,
Өжет ойлар үмітті тамшылайды,
Бұлдыр бейне жақындап хал сұрайды.
Апыр-ау бұл кім еді
Таң шырайлы?


– Ей, батырым, сен мені таныдың ба?
Мұқағали сен үшін жаңа ұғым ба?
Табиғаттың, ғажап қой таңы мына,
Ештеңе де жетпейді жарығыңа...
Көзім жетті осының, анығына,
Осыны айт жұртыңа жаның ұға,
Сәлем айтшы Қарасаз – алыбыма!


Осыны айтып өр ақын күрсінеді,
Менің жаным дір етіп түршігеді.
Ол да ананың бір кезде бүршігі еді,
Қос жанары мәңгіге өшіп еді,
Түнде кеп оятқаны несі мені?

– Қарасазың аман, аға, сұраған,
Барлығы да, барлығы да дін аман.
Орныңда тұр КазГу атты ғұламаң,
Тек сағынып қалғандай-ақ бар досың,
Сағыныш боп сарғаюда Жыр-Анаң.
Көп оқырман жырыңды оқып жылаған,
Абайсызда ай-арманы құлаған,
Қайран, ұлы ағам!

Халқың сені құрметтеуден жалықпас,
Жырыңды оқып, ештеңеден тарықпас.
Сен дегенде бір қозғалып қояды,
Өзің сүйген Алатауың – алып тас.

Өмір еді өлеңіңнің ұраны,
Көп нәрсеге тағдыр ғана кінәлі.
Өлген жоқсың ортамызда өзің боп,
«Өмір-өзен» қол алысып жүр әлі.

Ақын келіп белгісіз бір ғайыптан
Ақ сәулесін шашқанында жайып таң.
Бар дүние аппақ нұрға малынып,
Сияқтымын сырқатымнан айыққан.

Абайға тағзым

Өлең – Айдың сәулесі,
Өлең – Күннің жарығы.
Абай – жырдың әулиесі,
Абай – сөздің алыбы.

Мойындайтын жер үсті,
Ұлы ұлағат бар мұнда.
Халық әркез борышты,
Ұлылардың алдында.

Жыр бұғауға көнбейді,
Жыр түспейді зынданға.
Абай – жұлдыз, сөнбейді,
Қазақ тірі тұрғанда.

Тағзым етсең алыпқа,
Қазынасын табасың.
Қазақ деген халыққа,
Бір жақындап қаласың.

Оқығанға ой тұнып,
Ойсыздықты азайтқан.
Қазаққа айттым дей тұрып,
Адамзатқа сөз айтқан.

Қайталанбас құдірет,
Қара сөздің жарқылы.
Қарайықшы бір рет,
Қазаққа Абай арқылы.

Алтын бесік, құт мекен

Сенде тудым,
Сенде өстім.
Сенен артық әлемде
Жер бар десе сенбеспін.
Кіндік қаным тамған жер
Ар-намысты алған жер.
Оң-солымды таныған
Мектепке алғаш барған жер
Құт-мекен – Тереңөзегім!

Киелі жерім –
Мекенім
Қасиеті мол бесігім.
Талайға қоныс болғансың,
Талайға әлі жалғансын
Өзіңнен өсіп өрбіген
Жандарға мәңгі қорғансың,
Жыр арнап ақын толғансын.
Туған жерім – Тереңөзегім!

Балалық шағым
Сенде өтті
Айқындап жастық келбетті,
Әкемнің сүйген мекені,
Анамның сүйген мекені,
Бауырымның сүйген мекені,
Әлімсақтан белгілі
Жаныммен егіз екенің
Алтын бесік – Тереңөзегім!

Жүрсем де
Қиыр шеттерде
Сен деп соғар жүрегім,
Мадрид, Рим, Париж де
Сендей емес, білемін,
Айнымайтын қазағым,
Қабыл болсын тілегім
Сағыну сені – бір емім!
Қасиетті – Тереңөзегім!

Өмірге
Махаббатым да
Өзіңде ғана бүр жарған,
Көкірегім толып сезімге
Сен арқылы нұр шалған.
Топырағыңды басып өзіңнің.
Болашағымды болжағам,
Құдайдың құлы болғанмен,
Өтер де, кетер бұл жалған.
Ұрпаққа мәңгі мекен бол,
Туған жер – Тереңөзегім!

Уақыт

Уақыт, шіркін, тоқтамай барады асып,
Абыр-сабыр тірлікпен жағаласып.
Кей күндерім көл-көсір қуаныш та,
Кей күндерге көңілім қалады ашып.

Уақыт – ұлы, анықтап аңғарғанға,
Қанша боздақ түсінбей қалды арманда.
Қанша заман адамдар күн кешкелі,
Талайлары сан соғып алданған да.

Ешкім оны ұстамас уысында,
Түсіреді қаншама ұлы сынға.
Бәрі де уақытпен өлшенеді,
Соңғы сәтте алатын тынысың да!

Сенің арқаң, уақыт, самғайтыным,
Ұшсам деймін сен барда алмай тыным.
Ғажап шағын өмірдің болашақпен –
Тек сенімен белгілі жалғайтыным.

Айта алмаймын, қаншалық үлес бердім,
Жамандық боп жаныңа ілеспедім.
Қайда жүрсем қайратты сезінемін,
Өзің шыңдап өсірген күрескермін.

Алтын ғасыр, мен сені аялайын,
Жүрегімнің жылуын аямайын.
Саулығыңды тілейміз әр сәт сайын,
Шарт кетпеші кінәмшіл баладайын.

Өте берсін алаңсыз, тыныш күнім,
Онда мәңгі бақытты, ырыстымын.
Жауаптымыз, уақыт, сен де, мен де,
Сақтау үшін жұмыр жер тыныштығын!

Өркениет өрісі

Халық едік қашанда кешірімді,
Айқара ашқан мейманға есігімді.
Тәңір өзі жарылқап, әу бастан-ақ
Түзу еткен киелі бесігімді.

Болмысымнан ақылды, өнерлі едім,
Бодандықта ғасырлар бөгелді елім.
Тар жол, тайғақ кешулі жолдарыңда
Теңдік үшін, қазағым, не көрмедің?

Тағзым етем – ардақты аналарға,
Тағзым етем – баһадүр бабаларға!
Рухыңды сендердің түсірмеспіз,
Ұлан-байтақ қастерлі дала барда!
Өркениет өрісті көшіне ердім
Байрағымды тік ұстап төсінде елдің.
Намысымды қайрап ап найзағайға
Ризығын көрермін несібемнің!

О, Жаратқан, бере гөр құт бағыңды,
Көгімнен ысыра гөр бұлттарыңды!
Өркениет еліне сапар шектім,
Аман-есен сақтай гөр ұрпағымды!


17 ақпан 2024 ж. 213 0