Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Абырой-амандық тілейміз

Абырой-амандық тілейміз

Мемлекет басшысының Жарлығымен Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаев Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары болып тағайындалды. Президенттің бұл тағайындауын республика жұртшылығы оң бағалап, қолдау білдіруде. Біз де тілектестік, тілеулестік ниетте оң болсын айтып, асқан жауапкершілік пен сенім жүгін иыққа артқан азаматтың бастамаларына сәттілік тілейміз.

«Халық – Құдайдың бір аты» деген тағылымы мол даналық сөз бар. Ешкім де, ештеңе де халықтан биік емес! Себебі, бәрінің бағасын халық береді. Бүгінде ел-халық Сыр өңіріндегі жүйелі де жасампаз жұмыстарды жоғары бағалап, өркендеген өңірдің даму белестеріне қызыға қарап, көз сүйсініп, көңіл марқаятын тірліктерді мақтанып та, мақтап та айтып жүр. Шын мәнінде, Қызылорда облысы қай қырынан алсақ та, қай салаға көз тастасақ та көш басында деп нық сеніммен айта аламыз. Мойындау да ерлік емес пе! Туған жерге ту тіккен Нұрлыбек Машбекұлының еңбегін, ел үшін жасап жатқан іргелі істерін лайықты бағалай білуіміз де елдіктің белгісі, адамгершілігіміздің асқақтығы, азаматтығымыздың таразысы деп ойлаймын.

Облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаевтың еңбегін Ұлттық құрылтайдың тарихи бесінші отырысында Президентіміз оң бағалап, нақтысын айтты. Мемлекет басшысынан асырып не айтуға болады! Таяу жылдары Сыр еліне келген үш сапарында да Мемлекет басшысы тарапынан Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаевтың елді ортақ игіліктерге жұмылдыра білген қарымды қызметіне жоғары баға берілуі де осы ерен еңбектің ел көлемінде мойындалғанын көрсетеді. Сол себепті, мұнда артық даңғаза да, жасанды мақтау да жоқ, тек белгілі, баршаға аян шынайы жағдай. Нәтиже сөйлеген жерде артық сөздің өзі қажет емес. Бүгінде Үкімет Қызылорда облысы әкімінің озық жұмыс үлгісін өзге өңірлерге үздік тәжірибе ретінде таратуда.

Иә, әркімнің туған жері – өзінің Меккесі мен Мәдинасы. Қасиет қонып, құт дарыған, бірлігі бекем, тірлігі көркем Қызылорда – біздің алтын бесігіміз. Сыр-Ана – бет түзер құбыламыз, адастырмас шұғыламыз, тұғыр еткен тұрағымыз және мәңгі өшпес шырағымыз. Алқабы дәнге, өрісі малға толы берекелі өңір, Сыр елі – Алты алаштың анасы ғана емес, қиын-қыстау кезеңдерде панасы болған мекен. Алып тұлғаларға алтын бесік болған өңірден талай тұлғалар түлеп ұшып, ортақ Отанымыздың мақтанышына айналды. Жыл өткен сайын сәулеті мен дәулеті артып, үздіктер көшін бастаған облысымызда Мемлекет басшысының тапсырмасымен облыс әкімінің қолдауымен көптеген игі жұмыстар атқарылды. Барлық салада дамудың оң динамикасы қалыптасты. Жаңа нысандар да көптеп салынып, ел игілігі үшін пайдалануға берілуде. Бұл жұмыстарға жанашыр азаматтар да атсалысып, туған жеріміздің гүлденуіне өз үлестерін қосуда. Әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси жұмыстардың ұйытқысы болып жүрген Сырбойылықтар кемел келешегімізге сеніммен қарап, алдағы уақытта да ынтымақ пен бірліктің үлгісін көрсетері анық. Сыр елі жаңарып, жайнай берсін! Құрметті Нұрлыбек Машбекұлы, Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары болып тағайындалғаныңыз құтты болсын! Абырой-амандық тілейміз!

06 мамыр 2026 ж. 50 0