Ақынға құрмет көрсетілді
Ақпан айының 5-і ақын, Қазақстанның Құрметті журналисі, «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» Мұхтар Сақтаповтың туған күні. Жылдағы дәстүрге сай ақынға аудандық газет редакциясы тарапынан құрмет көрсетілді.
Ақынды құттықтау іс-шарасына аудандық газеттің бас редакторы, аудандық мәслихат депутаты А.Ибрагимұлы бастаған аудан журналистері қатысты. Олар ақынды туған күнімен құттықтап, 88 жасқа қадам басқан ардагерге игі тілегін білдірді.
– Ардагерлік жасқа абыроймен жеткен ақын ретінде өзіңізді үлгі-өнеге тұтамыз. Сіз кемеңгерлік пен кемелдік кезеңіне жарқын көңілмен, жақсы жетістікпен келіп отырсыз. Қазақ әдебиетіне, аудандық газет редакциясының дамуына зор үлес қосып, поэзия әлемінде өзіндік орныңызды қалыптастырдыңыз. Рухты өлеңдеріңізден жас ұрпақ тағылымды тәрбие алды. Түрлі тақырыптағы шығармаларыңыз да халық көңілінен шығып, жүрегінен орын тапты. Сырдария аудандық «Тіршілік тынысы» газетінде үзіліссіз 40 жыл жұмыс істеп, корректор, әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, баспахана директоры қызметтерін абыроймен атқардыңыз. Мәселен, «Тереңөзек» деп аталатын өлеңіңіз барша жерлестердің мақтана айтатын гимніне айналды. Сондықтан ауданның бас ақыны деген атқа лайықтысыз. Туған күніңіз құтты болсын, – деді А.Ибрагимұлы.
Ақынға «Сырдария ауданының 95 жылдығы» медалі табысталды. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы М.Келдібаев пен қоғамдық кеңес төрағасы М.Еспенбетов ардагерді туған күнімен құттықтап, лебіздерін білдірді.
А.МҰХАНБЕТҚАЛИ