Ақ жаулықты аналардың алғысы шексіз

Расында, бір палатада Ақгүл апамен бірге тереңөзектік Бекзада Әлжанова, Алмагүл Сақыпбекова, Гүлстан Яссауи, Жанат Досмағанбетқызы, Самал Әбділдаева ем қабылдап жатқан болатын. Әрбір науқастың дертіне байланысты дәрігер тағайындаған ем-шараны медбике, жас маман Ақбота Наматулла жүргізуде. Өз кезегінде жүрек аурулары негізінде күнделікті қатынап ем қабылдап жүрген Бекзада Әлжанова дәрігерлерге өз алғысын жеткізді.
– Менімен бірге ем қабылдап жатқан аудан тұрғындары бөлімше мамандарының қызмет көрсету сапасын жоғары бағалайды деп ойлаймын. Негізінен жас та, жасамыс та дертті болғанын көзіміз көріп жүр. Өзім медицина саласында 40 жыл еңбек еттім. Саланың маманға артар жүгі ауыр. Қарап отырсаңыз, адамның бойынан күнде бір дерт табылып жатады. Жыл сайын жоспарлы ем қабылдап келемін. Ем алатын уақытым жақындағаннан кейін ауырмаудың амалын жасап, Қайрат балама келген жайым бар. Әркез жылы қабақ танытып, қарсы алатын ақ халатты абзал жанға алғыстан басқа айтарымыз жоқ, – дейді Бекзада Әлжанова.
Күнделікті сырқатына байланысты дәрігер нұсқаулығына сүйенген Самал Әбділдаева бүйрегінде ақау болғандықтан, күнделікті бөлімшеге қатынап ем қабылдап жүр. «Күндізгі стационар» бөлімшесіне келген әрбір науқас Қайрат Жоламанұлына дән риза.
Б.ОРДАБЕКОВ