Бейнетпен еңсерген еңбектің жемісі
Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары кәсіпкерліктің көкжиегін кеңейту, халықтың тұрмысын жақсарту күрделі мәселеге айналған болатын. Сауда-саттық саласында тәжірибесі бар көпшілік бизнес көзін ашуға мүдделі екенін байқатты. Аудан орталығында алғаш Тәуелсіздік алған уақытта санаулы дүкен жұмыс жасаған. Өз кезегінде қажыр-қайратымен нарықтың көшіне ілескен тереңөзектік Бақыт Баков пен Гүлсара Бакова тауар айналымын арттыруға үлес қосты. Жақында күні бүгінге дейін кәсіпкерлік саласында өзіндік қолтаңбасын қалдырған Гүлсара Бакова жөнінде мақала жазуды еңбек ардагері Әсия Масилова ұсынған еді. Бұл ретте, бас редактордың тапсырмасына сәйкес аяулы анамен пікірлескен едік.
«Жүзі жылыдан түңілме» деген тәмсіл өз өміршеңдігін жойған емес. Үнемі тұтынушыға жылы шырай танытып, жұмысына ыждағаттылық танытатын Гүлсара Кәрімқызы – Тереңөзек кентінің тумасы. Сауда-саттық саласын дайындайтын кооператив техникумын осыдан 48 жыл бұрын бітірген Гүлсара Кәрімқызы алғашқы еңбек жолын сол кездегі «Галантерия» дүкенінде сатушы ретінде бастаған. Кейіннен, аяқ киім дүкеніне жұмысқа орналасып, бизнес әліппесінің бүге-шүгесіне дейін меңгереді.
– Негізінен, саудамен айналысу қиынның-қиыны. Әрбір заттан түскен пайданы есептеп, бір тиынына дейін кассаға өткізетінбіз. Қай кезде де кез келген заттың сақталу мерзіміне, бағасына мән береміз. Талонмен зат алатын кездер ел есінде болар. Осындай ауыртпалықты еңсеріп, нарыққа бейімделу оңайға соқпады. Аудандағы алғашқы кәсіпкерлердің бірі ретінде Бәкең талай қиындықты еңсергені көпке мәлім. Сауда-саттық саласында кез келген мәселені назардан тыс қалдырмау керектігі тағы бар. Аудан экономикасының өсіміне барынша үлес қосып келеміз, – дейді кәсіпкер.
Тұрмысқа қажетті тауарлар сататын дүкенде еңбек ете жүріп Гүлсара Кәрімқызы қоғаммен етене байланыс орната білген. Отбасы мен кәсіпкерлікті қатар алып жүрген аяулы ана дүниеге 4 перзент әкелді. Қазіргі уақытта тәжірибелі кәсіпкердің ұл-қыздары «Дильназ» дүкенінің жұмысын жетілдіруге үлес қосып келеді. Күнделікті халық сұранысын қанағаттандырып, азық-түлік, тұрмыстық заттар секілді тауарларды жергілікті халыққа ұсынуда.
– Ең алғаш отағасы екеуміз жеке кәсіпті игере бастаған тұста Шымкент қаласынан көтерме бағамен тауар әкелдік. Қолымыздағы тауарды сатып, күнкөріс қамын жасадық. Ол кезеңде балаларымыз кішкентай. Соған қарамастан ел-халықтың игілігі үшін аянбай еңбек еткен едік. Біздің саудадағы орасан зор еңбегімізді жергілікті халық өз деңгейінше бағалайды деп білемін. Шындығында, Бәкең алғаш дүкен ашқан жылдары өзіндік көзқарасын көпшілікке таныта білді, – дейді Гүлсара Бакова.
Кәсіптің көзін тапқан асыл ана бір жылдары аудандық кеңестің үш мәрте депутаты болған екен. Сонымен қатар сол кездегі аудандық мәслихаттың құрамында болып, кәсіби біліктілігін арттырған. Дүкенімен қатар тігін цехын ашқан жеке кәсіпкер аудан халқын киіммен қамтамасыз еткен. Сондай-ақ ағаш ұстаханасы бірнеше аудан тұрғынын жұмыспен қамтыған. Ал наубайханасы аудандық ауруханаға нан тасымалдағаны ел есінде.
– Бірнеше жыл сырқаттанған арқасүйер азаматым 2021 жылы бақилыққа аттанды. Көзі тірісінде үнемі балаларына ақыл-кеңесін айтып отыратын. Аудандағы зиялы қауым өкілдері отағасымен кеңесіп, келелі істердің жүзеге асуына ықпал етуін сұрайтын. Бұл ретте, кәсіпкер болудың машақатын сезінген әрбір адам тоқсаныншы жылдары аяққа тұрып, табыс табудың ауыртпалығын анық сезеді. Осы кезге дейінгі еңбегімізді елеп, қолдау көрсеткен Әсия замандасыма, басылым редакторы Ақтөреге шынайы алғысымды білдіремін, – деді ауданға белгілі кәсіпкер.
Өз кезегінде 6 немере, 2 шөбере сүйіп отырған ақ жаулықты анаға ұзақ ғұмыр тілейміз.
Б.ОРДАБЕКОВ