Ерекше балаға – айрықша қамқорлық
Мемлекеттің басты байлығы – адам. Елімізде балаларға қамқорлық көрсетуге бағытталған кешенді ойластырылған ауқымды жоба жеткілікті. Жалпы білім беретін барлық мекемеде ерекше балаға жан-жақты қолдау көрсетуге көптеген мүмкіндік қарастырылған. Яғни, жасөспірімді әлеуметтендіру бағытында ұлағат ұясы атанған әрбір білім ошағында «Психологиялық-педагогикалық қолдау көрсету» кабинеті ашылған. Осы бағытта жүйелі қызмет етіп келе жатқан №35 Иса Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицейдің арнайы педагогы Айнұр Нұржакиева күрделі сала жөнінде бізге кеңінен тарқатып айтып берді.
Негізінен, білімнің қарашаңырағы саналатын №35 Иса Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицейде ерекше білім беру қажеттілігі бар оқушы саны – 18. Оның ішінде, үйден оқытылатын балалар да бар. Денсаулығында кінәраты бар және оқу үлгерімі төмен білім алушыны жан-жақты тәрбиелеу асқан ыждағаттылықты қажет етеді. Арнайы кабинет базасы жасақталған мектеп-лицейде инклюзияны қолдау мақсатында жоспар бойынша бекітілген сабақ өткізіледі. Тақырыптық сабақтың мазмұнын аша түсетін кез келген көрнекілік құрал-жабдық бала зейінін дамытуға септігін тигізеді. Олардың ойын анық жеткізуіне, түсінікті тілде сөйлеуіне дағдылау – арнайы педагогтың тікелей міндеті.
– Шын мәнінде, ерекше бала және ата-анамен тығыз қарым-қатынаста болу үлкен жауапкершілікті жүктейді. Баланы түзету-дамыту бойынша жасалатын оқу бағдары арнайы бекітіліп, кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Жалпы, арнайы педагогтың мақсаты – ПМПК қорытындысы мен ұсыныстарына және мектеп кеңесінің шешіміне сәйкес, білім алуда ерекше қажеттілігі бар мектеп оқушысына арнайы педагогикалық қолдау көрсету. Сонымен қатар ЕББҚ бар оқушыларды мектепішілік жекелеген іс-шараға қатыстырып, барынша ашылуына ортаға бейімделуіне ықпал жасау екенін айта кетейін. Қашанда ұяңдығы басым көпшіліктің ішкі сырына үңіліп, баласына қамқорлық жасауға құқылымыз. Әрқашан келешек елдің тұтқасын ұстайтын жастарды тәрбиелеуге ерік-жігерімізді арнаймыз, – дейді Айнұр Серуенбекқызы.
Күнделікті арнайы педагогтың қызметі қауырт келеді. Ата-ана мен бала арасында берік байланыс орнатып, сан түрлі іс-шара ұйымдастырылады. Жас жеткіншекті өнерге, спортқа, шығармашылық бағытқа баулып, олардың қабілетін ашу мақсатында арнайы педагогтың біліктілігі сараланады. Әрине, баланың тілін таба біліп, білімге құштар ету – ұстаздың өлшеусіз еңбегі.
– Кей жағдайда тілінде мүкістігі бар балалар көпшілік ортада сөйлеуге қымсынады және қысылады. Сонымен қатар әрбір ойлаған дүниесін анық жеткізуге тырысатын балалар өзгелерден жасқанады. Осындайда баланың барлық психологиялық тұрғыдан даму жүйесін зерттеп-зерделеп, оларға көмекке келеміз. Семинар-тренинг барысында арнайы бағалау жүйесімен баланы ынталандырамыз. Оның денсаулығына кері әсер ететін оғаш айла-амалды анықтап, оның күн сайын дамуына ықпал етеміз, – дейді арнайы педагог.
Балтабай ОРДАБЕКОВ