Өз хоббиіңізді білесіз бе?
Жалпы адамзат баласының күнделікті өмірі күйбең тіршілікпен, жұмыспен, әр түрлі шаруамен өтіп жатады. Ал сол жұмыстан бөлек бос уақытында әр адамның өзіне тән, өзінің болмысына сай сүйіп айналысатын қызығушылығы, яғни хоббиі болады. Хобби дегенміз не?
Хобби – әр адамның бос уақытында сүйікті ісімен айналысуы, бір нәрсеге әуестенуі. Хоббидің адам өмірінде біршама пайдасы бар десек, кателеспейміз. Адам өзінің жақсы көретін ісімен шұғылдану арқылы ой-өрісін кеңейтіп қана қоймай, күйзелістерден арылады. Сүйікті ісіңізбен айналысу сізге өзіңізді дамытып, қандай да бір мәселелерден немесе келеңсіздіктерден оңай шығуға мүмкіндік береді және жүйкені тыныштандырады.
Хоббидің түрлері сан алуан. Мысалы, шығармашылық, саяхат, әртүрлі спорт түрлері, өзін-өзі дамытуға арналған хобби және тағы да басқа көптеген түрлері бар. Хоббидің қауіпті, экстремалды түрлері де бар екен. Тіпті кейде қайғылы аяқталатын жағдайлар да кездесетін көрінеді. Атап айтқанда, серфинг, парашюттен секіру, құзға шығу, су астында жүзу, ұшақпен ұшу, көше скейттерінің жарысы, мотоциклмен жарысу және тағы басқа. Ал сіз ерекше әрі қызықты хобби түрлерін немесе иелерін білесіз бе?
Сіз бен біз біле бермейтін ерекше хоббиі бар әлемдік танымал тұлғаларға тоқталсақ. Атақты кинорежиссер Уолт Диснейді білетін боларсыздар. Уолт Дисней теміржол мен пойыздарды жақсы көреді екен. Ең қызығы Диснейлендтің ешқайсысы ойыншық теміржолсыз болмаған және оның кеңсесінде паровоздың үлкен үлгісі орнатылған көрінеді. Көпшілікке белгілі атақты өнертапқыш Никола Тесланың сүйікті ісі – серуендеу кезінде көгершіндерді тамақтандыру екен. Ол күнделікті жатын бөлмесінің терезесінен тамақ лақтырып, көгершіндерді тамақтандырады. Ал егер де ауырып бара алмайтын жағдайда құстарды тамақтандыратын адамды жалдайды екен.
Хобби – адам өмірінің маңызды бір бөлігі деуге болады. Әр тұлға өзінің қабілетімен, дарынымен ерекшеленеді. Өміріңізді жұмыстан бір сәт босатып, сүйікті ісіңізбен айналысуға кеңес береміз. Өз хоббиіңізді тауып, шығармашылықпен айналысып, күйзелістерді ұмытуға тырысыңыз. Сүйікті хоббиіңізді таба білу арқылы өмірден ләззат алып, жан дүниеңіз жадырай түседі.
Алтынай ЖҮНІСОВА