"Хобби" – жан қалауы
Әлемге танымал тұлғалар әуесқой дүниелерді өмірлік дағдыларына айналдырған. Есімдері көпшілікке белгілі жандар қарапайым сәттерде өз қалаулары бойынша түрлі хоббимен шұғылданған. бүгін біз осыған тоқталып, аты аңызға айналған адамдардың әуесқой істері жайында айтатын боламыз.
Француздардың императоры Наполеон Бонапарт жылдар бойы қалайы солдаттар мен сағаттардан колекция жинаған. Ал Ұлыбританияның көрнекті дипломаты Уинстон Черчель ойыншық әскерлер топтамасын жинауды әдетке айналдырған. Қызу өлшегіш құрылғыларды көптеп сақтайтын белгілі канцлер Бисмарк көпшілікке танымал. Қылқалам шебері Леонардо да Винчи керемет тағамдарды ойлап тауып, тіл үйірілер тәттілер жасауды ұнатқан. Химия ғылымының негізін салушы Димитрий Менделеев болса, бос уақытында чемодан жасаумен айналысыпты. Көпшілік Менделеевке қолөнер шебері ретінде жоғары баға берген. Неміс ақыны Гете өзінің туған қаласында жүріп, шегіргүлдің дәндерін сеуіп жүргенді қалайды. Кейіннен жергілікті табиғатқа әсем көрік берген гүлдерді адамдар «Гетенің шегіргүлдері» деп атап кеткен.
Қазақ зиялыларының ішінде жазушы Ғабит Мүсірепов алуан түрлі таяқтар жинаса, қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевта оттықтан коллекциясы болған.
Жалпы, ғалымдар ерлер мен әйелдер арасында жиі қолданылатын ең танымал хобби түрлерін айқындап береді. Негізінен, ерлер үшін балық аулау, аң аулау алдыңғы орында тұрады. Екіншіден, ер азаматтар көліктерге қызығушылығын арттыра түседі. Үшіншіден, спортпен шұғылдану жігіттерге қызықтырақ. Құзға өрмелеу, суға секіру секілді спорт түрлері батыл адамдарға жарасады. Коллекция жинауды әдетке айналдыру да ерлердің сүйікті ісі. Қазіргі таңда компьютерге құштарлық ерекше хобби саналады.
Жаны нәзік әйел кісілер көбіне кесте тігу, тоқу, қолөнермен айналысады. Қыздар үшін қызықты хобби – сән дизайны. Қызығушылықтың арқасында арулардың көпшілігі сән дизайнын кәсіби мамандығына айналдырады. Шын мәнінде, тағам пісіру өнері тұрмыстағы қажеттілік саналғанымен, қыздардың ерекше жақсы көретін ісінің бірі. Сурет салу, шет тілін меңгеру, көрмеге бару, кәдесый жинау адамдардың психикалық белсенділігін арттырады.
Дайындаған Балтабай ОРДАБЕКОВ