Тиынмен тарихты танып жүр
Күнделікті күйбең тіршілікпен көп нәрсеге мән бермей жатамыз. Бірақ адамның жан дүниесі өзі қалаған іске қарай бұрып тұрады. Оны «хобби» деп атайды. Яғни негізгі тіршіліктен бөлек жаны рахат табатын іс. Мысалы, кейбіреулер сурет салса, енді бірі бимен айналысады дегендей. Сонымен қатар коллекция жинайтындар да бар. Біздің кейіпкеріміз Наурызбек банкнот жинауға қызығады екен.
Ол әр түрлі мемлекеттің ақшасын жинауға әуестенген. «Бұл бір жағынан қызық әрі түрлі мемлекеттің негізі болып табылатын валютасы арқылы сол елдің тарихынан хабар алып отырамын. Өз кезегінде әлем елдері туралы ақпарат адамның ой-өрісін кеңейте түсетіні анық» дейді кейіпкеріміз.
Наурызбек Құрақбаев өзге мемлекеттердің ақшасын жинауды 2019 жылдан бастаған. Қағаз ақша ма, тиын ба, кейіпкеріміз үшін бұл жағы аса маңызды емес. Жұмыс барысында шетелдіктермен байланыс орнатқан кезден бастап өзге елдің ақшасын жинауға деген қызығушылығы артқан.
– Белгілі компанияда қызмет етіп жүрген кезім. Компания шетелмен байланыс орнатады. Кезекті конференция Алматы қаласында болып, ол жаққа әлемнің түкпір-түкпірінен шетелдіктер келді. Жұмыс барысында, одан қалса қызығушылық қой, шетелдің азаматтармен сөйлесіп жүрдім. Бірнеше күн бойы таныс-біліс болып қалған әріптестер кетерінде өз естеліктерін қалдырғысы келді. Содан ресейлік азамат қалтасынан жүз рубль шығарып өзінің аты-жөні мен қолын қойып берді. Оны көрген өзге шетелдіктер де өз елінің төл ақшасын естелікке қалдырды. Сол кезден бастап валюта жинауға деген қызығушылығым оянды. Былай айтқанда шетелдік әріптестердің естелікке қалдырған банкноттары маған біраз нәрсе үйретті десем болады, – дейді ол.
Наурызбек әр мемлекеттің ақшасын жай ғана жинап қоймайды екен. Қолына қай елдің банкноты түссе, сол мемлекеттің тарихы, бүгіні туралы ізденіп, ғаламтор арқылы өзге мемлекетті зерттеп шығады. Және міндетті түрде сол елдің ақшасына қатысты ақпарат алып отырады. «Өзге елдің ақшасын жинау маған көп нәрсе үйретті» деуінің сыры сол. Шындығында, титтей ғана тиын сол елдің өткен тарихынан сыр шертіп тұрады. Себебі қай елдің ақшасы болсын белгілі бір тарихқа, елдің ерекшелігіне негізделіп жасалады.
Наурызбектің валюталар коллекциясында вон, юань, доллар, рубль, сум, сом сияқты ақшалар бар. Ол өзі шетелге шықпаса да шетелге шыққан таныстарынан сол елдің ақшасын әкелуді сұрайды екен. Солай өзінің жаны сүйетін, қызығатын хоббиімен айналысып келеді. Оны тек хобби деп қарамай, жанына жақын істі пайдалы біліммен ұштастырып, өзінің білімін, білігін дамытып жүр. Шет елдердің қазіргі ақшасын ғана емес, қолданыстан шыққан ақшаларын да өз жинағына қосуы кейіпкеріміздің әлем тарихына деген қызығушылығын байқататындай.
– Жалпы жаңа нәрсені көру, білу адамға ерекше күш-қуат береді ғой. Бұрын көрмеген қалаңызға сапар шексеңіз де, бұрын бармаған жерге барсаңыз да кәдімгідей күш жинап, энергия тазарып қалады. Ал әлемде біз көрген, біз білетін нәрседен басқа қаншама қызық бар. Өзім қазіргі күнге дейін шет мемлекетке шығып көрмедім. Бірақ қай елдің ақшасы қолыма түссе, сол елге барғандай күй кешемін. Алла жазса, ендігі жерде мендегі банкноттар коллекциясын өзім барған елдерден әкеліп жинасам деген мақсатым бар. Жаңашылдық пен жаңа білім адамның көкірек көзін ашып, ойын сергітеді, – дейді ерекше хобби иесі.
А.МҰХАНБЕТҚАЛИ