«Кәсіпкерлер онлайн аударым қабылдамайды»: Табысын жасырғандар қалай жазаланады?
Дүкендер, шаштараз, тамақтану орталықтары, жалпы айтқанда, кәсіпкерлердің басым көпшілігі жаңа жылдан бастап онлайн аударымдар алуды тоқтатты. Тұтынушыға тек қолма-қол төлем қабылдайтындығын айтып, кейбіреулер тіпті банктық шотын біржола бұғаттап тастағанын алға тартуда.
Бұл өз кезегінде көпшіліктің «қолын байлап» отыр деуге негіз бар. Себебі қазіргі таңда халық онлайн жүйеге, электронды төлемге әбден үйреніп қалған. Каспий немесе Халық банктің арнайы қосымшасы арқылы үлкен кәсіпкерлік орталықтан бастап кішігірім дүкендерге де оңай төлем жасай алады. Бұл өз кезегінде тиімді болса, кәсіпкерлердің тек қана қолма-қол ақша талап етуі тұрғындарды абдыратқаны рас.
– Көбіне қолма-қол ақша ұстамаймыз. Тіпті біз ақша ұстап үйренбеген секілдіміз. «Кәсіпкерлерді декларациялау» дегенді естіп жатырмыз. Бірақ бір күнде барлық жер тек қолма-қол төлем талап етуі қызық жағдай болды. Сенесіз бе, мен ақша санауды «ұмытып» қалғандаймын. Миымыз әбден онлайн төлемге үйренген. Артық есеп-қисапқа ми қатыру болмайды. Арнайы қосымша арқылы қажетті көлемдегі сумманы ғана аударамыз, басқа есеп жасап керегі жоқ. Енді қолма-қол төлем жасау барысында дүкеншінің қайтарған ақшасын «санай алмай», миым ашып жүр, – дейді кейіпкеріміз.
Бүгінгі күннің өзекті тақырыбына айналған мәселені қозғауымызға да көпшіліктің пікірі негіз болып отыр. «2024 жылдан бастап декларациялаудың келесі кезеңі басталып, кәсіпкерлер декларацияланады» деген ақпарат ресми жарияланып жатқанымен, қарапайым тұрғындар оның мәнін әлі де түсінбей жүр.
2024 жылдан бастап банк ұйымдары жеке кәсіпкерлердің мобильді аударымдары бойынша деректерді беретін болады. Заңның мақсаты – кәсіпкерлік қызмет сипаты бар мобильді аударымдарды қадағалау және оған салық салу. Ол бойынша үш ай қатарынан ай сайын 100 түрлі тұлғадан мобильді аударым алған азаматтар бақылауға алынады. Егер 2 ай 100 аударымнан көп төлем жасалып, арасында үзіліс жасап төлем аударылса, я болмаса 100 аударымға жетпейтін мөлшерде болса, бұндай жағдайда тексеріс жүргізілмейді.
Айта кетерлігі, бақылау шаралары жасырын кірістер мен тіркелмеген кәсіпкерлерді анықтауды мақсат етеді. Өйткені көптеген кәсіпкер тауар мен қызметтер үшін төлемді жеке шотқа мобильді аударымдар арқылы алады. Таксиге мінсек те солай. Такси жүргізушілерінің бағаны аспандатып, кеш батса екі есе баға ұсынғанымен қоймай, кейбірі заңды түрде тіркелмегенін, мемлекетке салық төлемейтінін білесіз бе? Сонымен қатар көбіне дүкеннен зат сатып алу барысында тұтынушы чекті талап етпейді. Бұл – кәсіпкердің заң аясынан асып жұмыс жүргізуіне көмек көрсеткеніңіз болып табылады. Кәсіпкер салық төлеуге міндетті болғанымен, чек шығармай, төлемді жеке шотқа алады. Бұл мемлекет алдындағы өтемақыны барынша азайтады. Осы ретте тұрғындарға тұтынушы құқығын білу маңызды екенін ескерткіміз келеді. Оның бірі ең алдымен сатып алған затыңызға чек талап ету. Бұл арқылы бір жағынан заң талаптарының орындалуына көмектессеңіз, екінші жағынан сатып алған өнім бағасын бақылап, артық шығынға ұрынудың алдын аласыз. Заң баршамызға ортақ екені рас. Ал адал салық төлеушілер мен заңды түрде жұмысын жандандырып жүрген кәсіпкерлерге еш қорықпай, онлайн аударымдарды қабылдауына болады. Сондай-ақ жеке тұлғалар өздерінің жеке мақсаттары үшін мобильді аударымдар жасай және қабылдай алады.
Өткен жылдың қорытындысына сәйкес Мемлекеттік кірістер комитетіне қатарынан үш ай бойына әр түрлі 100 тұлғадан жеке банктік шотына аударым алған жеке тұлғалар туралы ақпарат келіп түскен. Бұл ретте банктер тек осы өлшемшарттарға сәйкес мәліметті жолдап отырады. Ақпарат кезең-кезеңімен беріледі.
– 2024 жылы елімізде кәсіпкерлік белсенділік белгілері бар мобильді аударымдарды жалпыға бірдей декларациялаудың екі кезеңінде тексереді. ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің мәлімдемесінше, кейбір қазақстандықтар кәсіпкерлік қызметтен жеке тұлғалардың шоттарына түскен мобильді ақша аударымдары мен кәсіпкерлік қызметтен түскен кірісті жосықсыз жасырады екен. Яғни, төлем қабылдағаны туралы түбіртек бермей, кәсіпкерлікпен айналысады. Бірінші кезеңде екі бағыт бойынша камералдық бақылау жүргізіледі. Біріншісі – қызметті салық органдарында тіркеу, екіншісі – кірістерді төмендету. Жеке кәсіпті тіркеусіз қызмет көрсеткені үшін 15-тен 100 АЕК-ке дейінгі айыппұл түріндегі әкімшілік жауапкершілік көзделген. Кірістерді жасырғаны үшін – төленбеген салықтар сомасының 200% мөлшерінде айыппұл, ал жағдай қайталанса, 300% өтемақы мемлекет пайдасына шешілетін болады. Сондай-ақ, чек бермегені үшін – 15-тен 50 АЕК-ке дейін айыппұл салыну көзделген. Айта кетейік, табыс алуға бағытталған аударымдар ғана декларациялауға жатады, – дейді салық төлеушілермен жұмыс бөлімінің басшысы А.Маханбеталиева.
А.МҰХАНБЕТҚАЛИ