Ақылды Гудси
Шуақты көктемнің ымырт кешінде ауруханада жатқан Серік ұзақ ойдың үстінде отыр еді. Әлдебір шыққан дыбыстан селк ете қалғаны бар. Палатаның ішінде ерсілі-қарсылы жүрген жігіт шайдың қамына кірісіп кеткен. Жүзі жүдеу, сырқаты жанын қысқан науқас біткен бір-біріне тілеулес. Дәрігердің нұсқаулығын орындайтын медбике дертті болған жандарға ем-дом жасап әлек. Десек те, қаншама адам жабырқаулы күйде күндерін өткізуде. Бағанадан үнжүрғасы түсіп отырған Серікке қарата жас жігіт шай үcтінде әңгіме бастады.
– Аға, сіздің саятшылығыңызды былайғы жұртшылық жақсы біледі. Тазы баптайтын қасиетіңіз де бар. Аңшылыққа шығу әсте қызық шығар.
– Бала күнімізден аттан түспей, тоғай жағалап аңшылыққа шыққаным рас. Қызығушылық дегенді қойсай, құмарымыз қанғанша саятшылықтан үйге оралмайтын едік. Шалшық судан, тобықтан келетін балшықтан кешіп өтіп, мәлім, борсық, қырғауылды қуалап жүре беретінбіз. Соның салдары жас келгенде шығып жатыр.
Иә, бірнеше рет аурухана төсегіне таңылған Серіктің қара жұмыста ысылғаны көрініп тұр. Талай мәрте Тереңөзек пен Шағанның ортасын тоздырып, егін де еккен, аңшылықты да кәсіп еткен. Оның Гудси атты тазысы болған. Парсылардың «таза, алғыр, шапшаң, жүйрік» деген теңеуіне келетін тазының аңшының айнымас серігі екені қазақ халқына етене таныс. Үнемі байсалды қалпынан таймайтын Серіктің маңғаздығы ерекше болмысын ашып тұрады. Әрбір істі байыппен жасауға тырысатын аңшы қолға үйретілген тазыны Анатолий есімді жергілікті азаматтан аттай қалап алады. Қимастай көрінетін тазыны Анатолий Қостанай қаласына көшіп бара жатқандықтан ендігі егесіне мықтап тапсырады.
1984 жылдың күзі... Буыны бекіген тұста нағашылары Сәтбай мен Сәдібектен аң аулауды үйренген Серік аңшылыққа інісін ертіп шыға бастады. Екі аяқты мотоциклдің үстіне мініп алатын Гудсиді олар жанынан тастамайды. Асылында, қазақ тазыны жарғақ және шашақ құлақ деп екіге бөлгені мәлім. Қазақы тазылар секундына 30-40 мың дыбыстық тербелісті сезіп қоятыны бар. Иіс сезу мүмкіндігі де зор. Кейде Гудси жүйткіп келе жатқан мотоциклдің үстінен қарғып түсіп, жол бойында жолыққан аңдарға бас салатын еді.
Бау-бақшалық алқаптың маңында киіз үй тігіліп тұрады. Егін егуден сілесі тастай қатқан Серіктер жастыққа жантая бергенде тазысы жүгіре жөнелді. Артынан ілесіп қуған Серік пен інісі тазысының борсық қуып бара жатқандығын байқады. Жемтігін тасасынан шығармайтын тазы борсықты қуып әкеліп ініне тықты. Негізінен, борсықтарда қыстық және жаздық ін болады. Бұл жолғысы – жаздық екен. Шұңқырды қаза бастаған аңшы жаздық інді терең етіп үңгіді. Борсықты үркіту үшін жыңғылды шұңқырға тастаған болатын. Ағаштың басын жұлмалап, тартқылап, борсық ойнай бастаған тұста Серік мылтықтың шүріппесін басып келіп жіберді. Алажаздай қауын мен балықты азық еткен борсық сол орнында жан тәсілім етті.
Гудси ақылды. Аңшылыққа шыққанда иесіне бағынады. Үнемі олжасыз қайтпайды. Сондықтан оның бабын Серік барынша жасауға тырысады. Бүр күні мәлінді қуып әкеліп, жиде талының төбесіне шығуына мәжбүрледі. Келесі күні қырғауыл мен қоянның ортасына ылаң салды. Иесі секілді саятшылықтан ләззат алатын секілді.
Саятшылықтағы небір қызықты күндерін баяндаған Серіктің еңсесі көтеріле бастады. Көңілденіп, тазысын еске алды. Медбикенің ескертуіне қарамастан түн ұзақ әңгімесін жалғастырды. Аттың жалына жармасқан жастық шағы ел ағасының әлі есінде. Жүйрік тазының талай қызықтары айтылған ол түн осыдан жеті ай бұрын орын алған. Саятшылықты сүйікті кәсібіне айналдырған Серік ағаның бүгінде сырқаты сыр берген. Бізде тек адуынды ағаның дертінен тез айықса деген тілек бар.
Балтабай ОРДАБЕКОВ