Қызылорда қаласының «Құрметті азаматтары» белгілі болды
2023 жыл – Қызылорда қаласы үшін тарихи және саяси оқиғаларға толы, табысты жыл ретінде есте қалмақ. Сыр жұртшылығы үшін бергені мол, берекелі кезеңдерімен есте қалған Қоян жылын қорытындылауға арналған салтанатты шара кеше А.Тоқмағамбетов атындағы қалалық мәдениет үйінде өтті, деп хабарлайды Кyzylorda-news.kz.
Қала әкімі Асылбек Шаменовтың қатысуымен 2023 жылдың қорытындысы мен үздіктерді марапаттау салтанатты шарасы жуырда ғана «Ерен еңбегі үшін» медалін алған белгілі композитор Сәбит Ұлықпанның «Үміт» атты композициясымен басталып, келер жылдан жақсылық күтіп, үмітін үкілеп келген көрерменді ерекше әсерге бөледі.
Қорытынды кеште шаһар басшысы жыл көлемінде жеткен жетістіктер мен атқарылған ауқымды жобаларға тоқталып, барша қала тұрғындарын санаулы күндерден кейін төрімізге енетін Жаңа жыл мерекесімен құттықтады.
Жыл тоғысында «Өткен жылға өкпе жоқ, келер жылдан үміт көп» дегенді жиі айтамыз. Расында бұл жылдың бізге сыйлаған жақсылығы мол. Қос тойымыз қабат келіп, облысымыздың 85 жылдық және шаһарымыздың 205 жылдық мерейтойлары салтанатымызға сән қосты. Мерейлі күндермен қатар, Тасбөгет кентінің 75, Ақсуат ауылдық округінің 95 жылдық белестерін атап өттік. Жыл бедерінде берекелі бастамалар сәтті жүзеге асып, тұрғындарымыздың тұрмыс-тіршілігі түзелді.Облыс орталығында іргелі ғимараттар бой түзеді. Аймақ басшысының қолдауымен облыстық бюджеттен бөлінген 8 млрд. теңгеден астам қаражатқа «Отбасы орталығы» мен Тасбөгет кентіндегі дене шынықтыру-сауықтыру кешені есігін айқара ашса, 1000 орындық «Өнер орталығы», «Облыстық қан орталығы» және «Оқушылар сарайының» құрылыстары қарқын алды.Осылайша қаламыздың әлеуметтік-экономикалық маңызды мәселелері шешімін тауып, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуда белсенді жұмыстар атқарылды. Шаһардың инженерлік-инфрақұрылымын дамытуда ауқымды істер жасалды. Жол сапасын жақсартуда кешенді шаралар қабылданып, қала қарқынды құрылыс алаңына айналды.Өтіп бара жатқан жыл қаламыз үшін шын мәнінде бірлік пен берекенің, жаңа жетістіктер мен мүмкіндіктердің, халық қалаған, серпінді жобалардың орындалуымен аса құнды жыл болды. Әрине, әр жаңа жылға енер сәтте жақсылық пен жағымды жаңалық күтеміз. Ендеше келер жылы сол ойымыздағы арман-тілегіміз жүзеге асып, бақ-берекеміз таси берсін» деген шаһар басшысы Асылбек Шаменов қаланың әлеуметтік - экономикалық дамуына және қоғамдық - саяси өмірінің өсіп-өркендеуіне қосқан үлестері үшін бірқатар азаматтарға Қызылорда қаласының «Құрметті азаматы» атағын табыстады. Сондай-ақ, жыл көлемінде әртүрлі салада жетістіктерге жеткен бірқатар азаматтар «Жыл үздігі» номинациясымен марапатталды.
Кеш мерекелік концертпен жалғасып, қазақ эстрадасының жұлдызы Кенжебек Жанәбілов, ҚР Еңбек сіңірген әртісі Күлән Қалымбетова, Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық жоғары колледжінің камералық оркестрі, «Орда», «Жас толқын» вокалды топтары, М.Қалауов атындағы Өнер мектебінің «Балбұлақ» халықтық балалар үлгілі би ансамблі, «Арайлы» би тобы және «Ақмарал» би студиясы, «Сырлы саз» халықтық-фольклорлық этно ансамблі, қаламызға белгілі «Дастан» квартеті, «Мереке» вокалды аспаптар ансамблінің әншілері салтанатты шараға қатысушыларға мерекелік көңіл-күй сыйлады.