Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жыл үздіктері марапатталды

Жыл үздіктері марапатталды

Санаулы күннен кейін есігін жабатын барыс жылын Сыр халқы табысты қорытындылауда. Жыл көлемінде белгілі бір межеден көрінетін әрбір саланың үздіктері анықталу үстінде. Мәселен, ақиық ақын Асқар Тоқмағамбетов ауылында жылдың қорытынды іс-шарасы –  «Жыл үздіктері – 2022» тақырыбында жергілікті халыққа арналған концерт өткізілген болатын.

Ауылдағы мәдениет ошағында ұйым­дастырылған іс-шара барысында жергілікті халық тағылымды кеш­тің куәсі болды. Берекесі тасыған, алыптарға мекен болған Асқар Тоқмағамбетов ауылының әкімі Ғабдолла Алданазаров сөз сөйлеп, жиналған жұртшылықты жаңа жыл мерекесімен құттықтады.

– Қадірлі ауылдастар, Сіздерді жаңа жыл мерекесімен шын жүрек­тен құттықтаймын! Биылғы жылды табысты қорытындылап отырмыз. Әрбір салада атқарылған жұмыстар ауқымды. Қай кезде де ауылдың тыныс-тіршілігіне жан бітіретін сала мамандары үздіктер қатарынан көрін­ді. Әрбір тұрғын ауылдың атын жақсы жағынан шығаруға зор үлес қосты. Барлық ауылдастың еңбегін ерекше бағалаймыз, – деді ауыл әкімі.

Өз кезегінде 2022 жылдың қоры­тындысымен, ауылдың әлеумет-эко­номикалық дамуына елеулі үлес қосып, өз саласында жетістіктерге жетіп, белсенді жұмыс жасағаны үшін ауыл тұрғындары арнайы номинациямен марапатталды. Айта кетейік, «Жылдың ардақты ел ағасы» Жақсылық Әлсейітов, «Қай­ратты ана» Тынымкүл Молдабекова, «Ауыл жанашыры» Мирлан Айтмұханов, «Жылдың үздік медицина қызметкері» Алтынкүл Тасбергенова, «Ауылшаруашылық саласының үздігі» Ғабит Байзақов, «Жылдың үздік мұғалімі» Жанат Есенова, «Жылдың үздік мәдениет қызметкері» Гүлназ Сералиева, «Жылдың үз­дік тәрбиешісі» Жанар Мұсаева, «Жылдың үздік қаржыгері» Гүлмира Бегімсалова, «Жылдың үздік спортшысы» Ағайша Шаймағанбетова,  «Үздік тазалық сақшысы» Шолпан Арғынбаева, «Жігерлі жас» номинациясына Нұргүл Әбжанова қол жеткізді. Ал біршама ауыл жастары «Алғыс хатпен» марапатталды. Жыл бойына білім бәсекелерінде топ жарған оқушылар құрмет төрінен көрінді.

Мерекелік кеште ауыл өнерпаз­дары ән айтып, би биледі. Сонымен бірге домбырамен нақышына келтіріп күй орындаған өнерпаздар көпшілік көңілінен шықты. Мектеп оқушылары жаттау өлеңдерін оқып, өзгелерден ерекшелене білді. Шат-шадыман көңіл күйде тарқасқан ауыл жұртшылығы естелік суретке түсті.
Балтабай АЯБЕКҰЛЫ
24 желтоқсан 2022 ж. 488 0