Алар асуымыз алда
Бұқаралық спортты дамыту мен халық арасында саламатты өмір салтын қалыптастыру – мемлекеттік саясаттың негізгі бөлігі. Шын мәнінде, бәсекеге қабілетті болудың басым бағыттарының бірі – әлемдік аренадағы спорттан қол жеткізген жетістіктерді еселеу. Осы ретте, Сырдария аудандық спорт клубы нәтижелі жұмыс өрнегімен көпшілік назарынан тыс қалмай келеді. Жақында аталған мекеменің жыл көлемінде атқарылған жұмысын таразылау мақсатында аудандық спорт клубының директоры Диас Әлжановпен сұхбаттасқан едік.
– Диас Жасұланұлы, өзіңіз жетекшілік ететін аудандық спорт клубының атқаратын қызметі мен материалдық базасын кеңейтуге байланысты қандай жұмыстар атқарылды?
– Өркениет көшінен қалмауды көздейтін кез келген ұлт экономикалық тұрақтылықты сақтай отырып, спортты дамытуға көңіл бөледі. Шындығында, сан түрлі спорт үйірмесін ашып, жергілікті жердің жастарын спортқа баулу – маңызды рөл атқарады. Жалпы, Сырдария аудандық мәдениет және спорт бөліміне қарасты спорт клубы 2011 жылы ашылған болатын. Қазіргі уақытта біздің мекемеде спорттың 9 түрінен 792 спортшы жаттығып келеді. Негізінен, клубта директордың оқу ісінің орынбасары, шаруашылық ісі жөніндегі орынбасары, бас есепші, медбике, психолог, әдіскер, көлік жүргізуші, 3 нұсқаушы, 11 жаттықтырушы және 10 техникалық қызметкер жұмыс істейді. Бұл ретте, гір спортынан аға жаттықтырушы Оразбек Медетбаев, қол күрестен Жасұлан Өмірбаев пен Төлеген Жақып, тоғызқұмалақтан Бексұлтан Бостандықов пен Ержан Досмағанбетов, жеңіл атлетикадан Эльмира Раимкулова, баскетболдан Нұржан Әкімжанов, волейболдан Гүлбаршын Ешпанова мен Сәбит Әбдібек, ММА-дан Иса Әкімжанов, ауыр атлетикадан Ерасыл Айдар, футболдан Нұрдәулет Қойшыбаев жас спортшыларды жан-жақты шынықтыру үстінде. Мекеменің материалдық базаны нығайтуға кешенді жоспары жасалған. Алдағы уақытта аудан бюджеті есебінен арнайы спорттық құрал-жабдықтар алуға үміттіміз. Жастарды барынша қолдап, чемпиондар шығару – басты мақсатымыз.
– Жылдың жағымды жаңалығының бірі – аудандық спорт клубтың күрделі жөндеуден өткізілуі десек, қателеспейміз. Ғимаратты жөндеу жұмыстары сапалы жүргізілді ме?
– Расында, аудандық спорт клубы мекемесі осыдан 46 жыл бұрын пайдалануға берілген бұрынғы №36 Әбділдә Тәжібаев атындағы мектеп-лицей ғимаратында орналасқан. Кезінде асар әдісімен салынған ғимараттың тозығы жетіп, спортшылардың емін-еркін жаттығу жасауына кедергі келтірген болатын. Өз кезегінде облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, жыл көлемінде ғимаратты қайта жаңғырту жұмысы жүргізілді. Айта кетейік, бас мердігер ретінде «Жылу – ХХІ» ЖШС-і бекітіліп, талапқа сай күрделі жөндеуді жүзеге асырды. Жақында Сырдария ауданының 95 жылдығы мерейтойы аясында жаңа ғимарат пайдалануға берілді. Заманауи үлгіде жаңарған спорттық үйірме бөлмелерін күтіп ұстау – тікелей міндетіміз. Осы ретте, жаңа нысанның ел игілігі жолында қызмет етуіне айрықша ықпал жасап, зор қолдау көрсеткен ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мұрат Ергешбаев пен аудан әкімі Берік Сәрменбаевқа шынайы ризашылығымызды білдіреміз.
– Толағай табысқа қол жеткізген спортшылардың жетістігіне тоқталып өтсеңіз.
– Біз осы жылы орасан зор жетістікке қол жеткізгенімізге қуаныштымыз. Білікті бапкерлер мен спортшылар аудандық, облыстық, республикалық, халықаралық жарыстарда жеңіс тұғырынан көріне білді. Мәселен, жыл басында гір спортынан Астана қаласында жасөспірімдер арасында өткізілген ҚР чемпионатында Шакиза Оразбекқызы ІІ орынды, Петропавл қаласында жалауын желбіреткен чемпионатта ІІІ орынды еншіледі. Сонымен қатар ардагерлер арасында гір спортынан Жеңісбек Төлеген қолаға қол созды. Білікті аға жаттықтырушы Оразбек Медетбаев спортшылардың жігерін жарыс жолында қайрап келеді. Сонымен қатар аралас жекпе жек шеберлері Қостанай мен Қызылорда қаласында және Арал ауданында ұйымдастырылған республикалық турнирде Ерасыл Мұратов пен Мадияр Болатов І орын белбеу иегері атанса, Нұржас Ертілеуов ІІ орынды, Нұртілеу Қалдыбек ІІІ орынды місе тұтты. Біздің әріптесіміз Эльмира Раимкулова жеңіл атлетикадан республикада үздіктер қатарынан көрініп келеді. Әріптесіміз бірнеше мәрте 10 шақырымға жүгіруден жүлделі болып, Азия чемпионатында ІІ орынды қанжығасына байлады. ҚР Халықаралық дәрежедегі спорт шебері Бексұлтан Бостандықов Францияның Канн қаласында өткізілген Еуропа кубогының және Румынияның Констанца қаласында ұйымдастырылған Әлем кубогының жеңімпазы атанды. Қай кезде де, спорт клуб тарапынан жас спортшылар мен бапкерлерге ерекше қолдау көрсетіп отырамыз. Жаңа жылда аудан саңлақтарынан жақсы нәтиже күтеміз.
– Жас спортшыларға айтар ақылыңыз болса...
– Заман көшіне қарай әрбір спорттың өзінің жарық жұлдызы жарыққа шығатыны шүбәсіз. Қандай спорт болмасын өзіңді дәлелдеу үшін күш-жігер мен еңбек керек. Спорт – жалқаулықты кешірмейді. Үнемі бір қалыпта жүрудің өзі үлкен ептілікті, ыждағаттылықты қажет етеді. Жетістікке жету жолында маңдайдан төгілген тер өзінің нәтижесін береді. Қашанда бапкер мен спортшы арасында берік байланыс орнап, жіберілген кемшілікпен жұмыс жасай алғанда спортшы нағыз майталман, саңлақ екендіктерін дәлелдей алады деп білемін.
Сұхбаттасқан
Балтабай ОРДАБЕКОВ
Балтабай ОРДАБЕКОВ