Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

Үш минут

Қазақтың көрнекті ақыны Мұхтар Шаханұлына арналады

Сатқындықты көрген мұндай кім бұрын,
Ел басына қайғы салған туды күн.
Жарамсақтар жанын салды жабам деп,
Мың тоғыз жүз сексен алты сұмдығын.

Қарғыс атқыр қара күн қан жалатқан,
Қан жалатқан темір күрек, таяқтан.
Қаптап кетті-ау қара ниет иттер-ай,
Жазығы жоқ қыздарды итке талатқан.

Жауыздықтың түрін мұндай кім көрген,
Жазықсыз жас қанша езіліп, иленген.
Арулардың ақ жүздерін қан жапты,
Кең алаңда бұрымынан сүйрелген.

Бозбалалар аузынан сүт кетпеген,
Бойжеткендер жиырмаға да жетпеген.
Баудай болып жатты алаңда қиылып,
Бұдан артық жауыздық та өтпеген.

Соның бәрін жасыруға, жабуға,
Жарамсақтар кірісті жан салуға.
Қиянаттан тастай болып түйілді,
Намысы бар ер-азамат қанында.

Көңілде мұз, жанарларда жас қатты,
Жүректерде жылжымай бір тас жатты.
Жазығы жоқ жастарға қол көтеріп,
Жауыздар-ай ойлады не мақсатты.

Көздерден де ыстық жастар қанша                                                                       ақты,
Қаншама мұң қабырғаны қаусатты.
Міз бақпады-ау,
Осы жайлы бір жан да,
Биік көрген мәртебені, мансапты.

Міз бақпады кең ойлы да кемеңгер,
Ақылы дария, ойы мұхит тереңдер.
Елге еткен қастандықты жасырды,
«Елдің қамын ойлап жүрміз» дегендер.

Жанды жеген жауыздықтан, жаладан,
Жазылмады жүрек ауыр жарадан.
Осы кезде Кеңестердің съезі
Мәскеуде өтті, әлем көзін қадаған.

Осы съезд, осы ендігі бір үміт,
Жүрек біткен кетті білем жиі ұрып.
Күтіп отыр, күтіп отыр бір хабар,
Теледидар алдына жұрт жиылып.

 …Қалаулылар қалды біздің тағы үнсіз,
 Ұл тудық па жасық әрі жалынсыз.
 Желтоқсанның жайын айт деп съезде,
 Жедел хаттар борап жатты дамылсыз.

Мәселелер жатты айтылып мың түрлі,
Ердің бағын сынар енді күн туды.
Осы кезде мінбер жаққа залдағы,
Ақын Мұхтар Шаханұлы ұмтылды.

Сөйлер кезде қиын-ау сөз бермеген,
Ыза-намыс, көкірегін кернеген.
Келіспеген жайды айтып қояр деп,
Басшылар да қақпалайды кеудеден.

Бару қиын дәл мінбердің жанына,
Кезек те көп, мұнда да дау-дабыра.
Алдарқатқан «күтіңізге» шыдамай,
Ақын Мұхтар ұмтылады тағы да.

Бірақ оның тағы жолы болмады,
Кедергілер тым көбейді жолдағы.
Енді ақын Президентке ұмтылды,
Сөз сұрауға қағазымен қолдағы.

Президент алдында тұр, тұр әлі,
Тыпыршиды таусылғандай шыдамы.
Басқа шешім болып қалар деді ме,
«Тек үш минут беріңіз» деп сұрады.

Беймәлім ғой қай жағына бұрады,
Тыпыршиды таусылғандай шыдамы.
Президент енді ғана көз тастап,
«Не жайында айтасыз» деп сұрады.

«Нені айтар» деп талай көздер қадалды,
«Тек Аралды, айтам» – деді Аралды.
Жеткізуге желтоқсанның сұмдығын,
Жасау қажет болды осындай амалды.

«Нені айтар» деп сан суық көз оқталды,
Залдағы шу, жүрістер де тоқталды.
Президент сол кез басын сәл иіп,
«Тек үш минут...» деп қалды.

Ақын Мұхтар содан шықты мінберге,
Сөз қуатын жұрт дәл бұлай білген бе.
«Алматыда, Желтоқсанда…» дегеннен,
Бес мың адам тына қалды бір демде.

Ақ алмастай ақиқаттың ғажабы-ай,
Ойналғандай болды отты нажағай.
Желтоқсанның жаңа айтылды шындығы,
Жендеттерге кеш берілген жазадай.

Біреу қалды жауар бұлттай түнеріп,
Біреу отыр бір тіріліп, бір өліп.
Сұмдық сырын жасырылған тыңдады,
Шын тілеулес көзіне жас тіреліп.

Үш-ақ минут,… уақыт қой қас-қағым,
Күркіретіп өтті Астана аспанын.
Үш-ақ минут үш мың есе көбейтіп,
Жібергенді ақынның да дос-жауын.

Ауыр шындық, атылғандай біреуге оқ,
Үйірілді біреулерге үрей боп.
Үзілісте қашты ақыннан талайлар,
Бір бәлесі қызметіме тиер деп.

Қашты ақыннан құрмет, мансап тапқандар,
Кеудесіне орден, жұлдыз таққандар.
Қалаулысы еткен момын халқының,
Намысы мен арын таптап, сатқандар.

Қашты ақыннан зор билікке жеткендер,
Желтоқсанға кінәлі, қан төккендер.
Аңқау, адал, тым қонақжай халықтың,
Ақ ниетін, дастарқанын тепкендер.

Асыра алсаң жақсылықты мың асыр,
Жарқырайды қай кезде де шын асыл.
Құшты ақынды академик Сахаров,
Құттықтады ұлы Шыңғыс, Расул…

Шын елдікті қорғайық та қорғасақ,
Шын ерлікті қолдайық та қолдасақ.
Бүкіл халық ақынына қол соқты,
Бар Алматы жатты шалқып, той жасап.

Үш-ақ минут уақытта қас қағым,
Ашылғандай болды түнек аспаным.
Үш минутта оқығандай болды ақын,
Қанмен жазған қаһармандық дастанын.

Жалғыздықты жалпақ елге жайдырар,
Әр сөзі оның жұрт жадында жаңғырар.
…Сол үш минут ақынның да есімін,
Үш мыңдаған ғасырларға қалдырар.


Махмұтбай ӘМІРЕҰЛЫ,
ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі
16 желтоқсан 2023 ж. 236 0