Бегім ана туралы аңыз
Ертеде Сыр бойында қатыгез бір хан өмір сүріпті. Ханның залымдығына құрық бойламайтын, қызметімен ханға жаққан уәзірі болыпты. Хан бірде нөкерлерін ертіп, серуен құрып жүргенде бір сұлу қызға кез болыпты. Қыздың сұлулығына таң-тамаша қалған хан сол жерде есі кетіп ғашық болады. Қыздың әке-шешесінен рұқсат сұрап, баласын алмақ болады.Сөйтсе, сұлу қыз бір молданың мәпелеп отырған жалғыз баласы екен. Қыздың аты Бегімана екен. Хан отыз күн ойын, қырық күн тойын жасап, Бегіманаға үйленеді. Қартайған ханның жас аруға үйленгеніне уәзірі іштей қызғаныш білдіріп, оны сырт көзге білдірмейді. Ханның өзіне пара-пар бәйбішесі бар екен. Әлгі уәзір осы бәйбішені қолайлап, Бегіманаға айдап салып отырады. Ханның жоқтығын пайдаланып бәйбіше Бегіманаға күн көрсетпейді. Бәйбішенің отымен кіріп, күлімен шығып жүреді. Шағынатын адамы жоқ Бегімана жат жерде жылаумен күнін өткізе береді. Уәзір бір күні ханның келер күнін аңдып алдынан шығады. Ханды оңаша шығарып алып, сұмдық хабар жеткізеді. «Сіздің жоқтығыңызда пайдаланып, жас тоқал жеңіл жүріспен айналысты, атыңызды кірлетті», – дейді. Мұндай хабарды естіген хан жаңағы жерде көзіне қан толып, ауылына қарай шаба жөнеледі. Істің ақ-қарасын тексермей, Бегімананы ортаға шақыртып алады. Келген соң Бегіманаға: «Мен жоқта ұрлық істеген көрінесің, осының рас па?» – дейді. Бегімана шошып кетіп, бұл уәзір мен бәйбішеден келген пәле екенін біледі. «Жоқ», – деп мойындамайды. Бірақ уәзірдің сөзіне сенген хан сол жерде қылышпен Бегімананың бір бұрымы мен бір қолын шауып алады. «Менің саған берген жазам осы, сен боссың!Ұрлық істеген обалың өзіңе. Енді өмір бойы соның тақсіретін тарт!» – дейді хан. Жылап еңіреген Бегімана жолға шығады. Бұл осымен қала берсін. Енді қыздың әкесіне келейік. Сол күні қыздың әкесі түс көреді. Түсінен шошып оянып, жолға жинала бастайды. Жолда қызына кездеседі. Қызы әбден арып-ашып, жүдеген. Азапты көп көргенін кескіні-ақ айтып тұр. Қызынан ханның істеген қорлығын естіп әкесі бармағын тістейді. Қызын жетектеп ханға қарай бет алады. Ханның алдына келіп: «Қызымның қолын шауып, бұрымын кесіпсің. Кінәсін мойнына қой», – дейді. Хан тұрып: «Қызың менің жоқтығымды пайдаланып, жеңіл жүріске түскен, ұрлығы сол. Мен өмір бойы соның азабын тартсын деп, осындай жаза қолдандым», – дейді. Қыздың әкесі ойланып тұрып-тұрып қызының ақ-қарасын жұрт алдында тексермек болады. Халыққа қарап: «Егер менің қызым адал, күнәдан пәк болса, онда осы жерде қызымның бұрымы мен қолы орнына бітер, егер күнәсі болса, осы күйінде қалар», – дейді. Осыны айтуы мұң екен Бегімананың бұрымы мен қолы орнына кері бітеді. Қызының ақтығына көзі жеткен соң ханға қарап: «Менің қызымды осы кезге дейін азапқа салдың. Жанын бекер күйдіріп, істің ақ-қарасын тексермедің. Сен де осының көрген қасіретін тарт. Еліңді жылан сорсын», – дейді. Осы кезде Бегімана құсқа айналып ұшып кетеді. Ол аспаннан бір дорба топ етіп түсіреді. Әлгі дорбаның көлемі үлкейіп келіп аузы ашылып, ішінен ирелеңдеген жыландар шығып, қара құрттай қаптап, ханның елін шаға бастайды. Хан да, бәйбішесі де, уәзірі де өледі. Жыландар жазықсыз халықты да шаға бастайды. Елдің үлкендері жиналып Бегімананың әкесіне келіп: «Хан азапты қызыңа көрсетті. Қара халықтың жазығы не? Өлер хан өлді. Енді айтқаныңнан қайт, дұғаңды қайтып ал», – дейді. Шал осы жерде дұға оқып: «Жыландардың уын қайтардым. Енді олар залалсыз. Бірақ жыландар елдеріңнен кетпейді», – дейді. Сөйтіп хан жазасын тартады. Бегімана осы ұшқанымен елсіз далаға барып қонады. Қонған жерінде үлкен мұнаралы үй пайда болады. Бегімана осы үйде тұра береді. Ханнан азап көрген қыз: «Өмір бойы еркек көрмеспін» деп, ер адамға ренжіген дейді. Қазір бұл мұнара Каукейден он шақырым қашықтықта орналасқан. Алыстан-ақ мұнартып көрінеді. Бұл жерді «Бегімана» деп атайды. Ер адам бұл жерге бармайды екен. Мұнараға жиырма метр қалғаннан-ақ жер жұмсартып жүргізбейді екен. Бегімананың мұнарасы өте биік, әлі күнге сыны кетпеген. Мұнараның ұшар басына қарағанда биіктігі сондай, бас киімі түсіп қалады екен. Халық аузында «Бегімана әрбір жұма күні терезесінен сыртқа көз салып тұрады екен» деген аңыздар бар.
Massaget.kz