Сахна төрінде – «Эстрада жұлдыздары»
Пародия – сатираның өзгеше бір жанры. Әр адам қайталанбас тұлға дейтін болсақ, біреудің ерекше қырын айна-қатесіз қайталау – екінің бірінің қолынан келмес өнер. Пародия әдетте елге танымал тұлғаларға, әнші-әртістерге жасалады.
Аудандық мәдениет және спорт бөлімінің қолдауымен, кент мәдениет үйінің ұйымдастыруымен аудан өнерпаздары арасында ерекше сайыс өтті. «Жұлдызды күн» тақырыбын арқау еткен аудандық байқау әдемі әзіл мен әсем әнге негізделді. Елімізге танымал жұлдыздарға пародия жасап, бақ сынауға кент және ауылдық округтерден алты өнерпаз өтініш білдірген.
Сайыс екі кезеңнен тұрды. Бірінші бөлімде өнерпаздар жүргізушінің тосын сұрақтарына жауап беріп, «Сыр сұхбат» айдарына қонақ болды. Бұл кезеңде пародия жасаушылардың өзі таңдаған образын ұқсатуы, қызықты жағдаяттық сұрақтардан қысылмай, жол таба білуі ескерілді. Екінші кезеңде өнер иелері таңдаған жұлдызының рөлін сомдап, әнін орындады. Бұл кезеңде қазылар алқасы жарысқа қатысушылардың икемі, даусы, таңдаған образын айнытпай келтіруіне баса мән берді.
Ерекше сайысқа куә болған біздің тәнті болғанымыз – мәдениет саласы қызметкерлерінің жан-жақтылығы. Негізінен, кісіге пародия жасау – қиынның қиыны. Әжуа, күлкіге айналдырмай, сомдап отырған кісісінің образын нақты келтіретін тұстарды көрерменге көрсете алу оңай шаруа емес. Сондықтан да батылдық танытып, жарысқа қатысқан қатысушылардың еңбегі орасан.
Мәдениет саласының білікті маманы А.Асанова, ауданымыздан шыққан белгілі әнші Р.Садықов және БАҚ саласының өкілі А.Мұханбетқали аудандық байқауға төрелік етті. Қазылар алқасының шешімімен қазақ эстрадасының жарық жұлдызы Медеу Арынбаевтың образын алып шығып, биін, даусын айнытпай салған тереңөзектік Ербол Бекжүнісов бірінші орынға лайық деп танылды. Екінші орынды қазақтың ерке қызы Мақпал Жүнісованы сомдаған нағилық Гүлназ Мейрамбекова иеленді. Үшінші орынды қанжығаға байлаған ақжармалық Қазбек Темірханов пен Наурызбек Төребеков эстрада әншілері Нұрлан мен Мұратты сахнаға қайта шығарғандай әсер қалдырса, тереңөзектік Ержан Жүнісов жастар арасында танымалдыққа ие Ұланғасыр Қамидың пародиясын салды. Айтыстың ақтаңгері Жүрсін Ерманов пен айтыс ақындарының жыр өрнегін қара домбырамен сахнаға алып шыққан сәкендік Алпамыс Арыстанов пен Мәдина Ералиеваның әнін жоғары деңгейде орындаған шіркейлілік Жұлдызай Оңалбаева арнайы «Алғыс хатпен» марапатталды.
– Пародия – өнердің қиын саласының бірі. Кәсіби пародияшы болмасаңыздар да, бүгінгі сайыстың көркін қыздырдыңыздар. Әрине, кемшін тұстар да бар. Бірақ дайындықтарыңыз көрініп тұр. Аудандық деңгейдегі сайыста бақ сынап, ел сыйлаған тұлғалардың рөлін сомдап, көрермен қошеметіне бөленудің өзі – бақыт. Қазылар алқасы ақылдаса отырып, шешім шығарды. Сын-ескертпелерді алдағы уақыттарда ескереді деген ойдамыз, – деді мәдениет және спорт бөлімінің бас маманы, қазылар алқасының төрайымы А.Асанова сайыс қорытындысында сөйлеген сөзінде.
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ