«210 мектеп» құрамасы жеңімпаз
Сырдария аудандық жастар ресурстық орталығының директорының міндетін атқарушы Нұржан Сейтжанов жетекшілік ететін «Жайдарман» лигасы жыл басында маусым шымылдығын түрген болатын. Аудан көлемінде жасақталған 10 топ өзара бақ сынап, финалдық кезеңге жолдама алды. Ақтық сында жергілікті көрермендер кіші және үлкен финалдық сайыстың куәгері болды.
Негізінен, «Мирас» жастар ұйымы қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен жүзеге асқан «Жайдарман» ойындарында аудан жастары бас қосқан. Ең алдымен, кіші финалда «Тереңград», «34+1», «Smart 37», «Сейфуллин» құрамасы өнер көрсетіп, кубокты шағандық жастар еншіледі. Ал үлкен финалға шыққан құрамалар арасындағы бәсеке қыза түсті. Жылдың үздігі анықталатын сайыста «Элита», «Аманкелді жастары», «36 жастары», «Демеушіміз Бесарық», «210 мектеп» құрамасы жүлделі орындарды сарапқа салды.
– Сырдария ауданында «Жайдарман» лигасы бірнеше жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Жыл сайын нағыз үздікті анықтау барысында әрбір ойыншыға қатаң талап қоямыз. Біздің мақсатымыз – талантты, өнерге жақын жастарды тәрбиелеу, жайдарман сахнасында шынықтыру болып табылады. Маусымдық ойынның әрбір кезеңі жекпе-жек форматында өткізілсе, финалда әрбір құрама жеке дара өзіндік шеберліктерін байқатты, – дейді аудандық жастар ресурстық орталығының директорының міндетін атқарушы Нұржан Сейітжанов.
Өз кезегінде финалдық ойынның нәтижесінде, жүлделі ІІІ орынды «Аманкелді жастары», ІІ орынды «Демеушіміз Бесарық», І орынды «210 мектеп» құрамасы еншіледі. Жеңімпаз құрама мен әрбір жүлдегерге арнайы кубок пен «Диплом» тапсырылды. Сонымен қатар жайдарман сайысының «Үздік ойыншысы» номинациясына Ақерке Мүсілімова мен Ақтілек Мұратұлы ие болды.
*****
Бұрнағы күні аудандық «Жайдарман» сайысы Ақжарма ауылында жалғасын тапты. Өнерлі жастардың қатысуымен өткізілген сайыс Сырдария ауданының 95 жылдық мерейтойына арналды. Өз кезегінде 2 кезең бойынша 7 құрама ұтымды әзілдерімен көрермен көзайымына айналды. Ақжарма ауылдық әкімшілігінің маманы А.Асқаров жиналған көпшілікті Сырдария ауданының 95 жылдық мерейтойымен құттықтап, жайдарманшыларға сәттілік тіледі.
Жалпы, «Жайдарман» ойынының «Сәлемдесу кезеңіңде жиналған көпшілік «Элита», «Аманкелді жастары», «Демеушіміз Бесарық», «210 мектеп», «AJ», «Сейфуллин», «34+1», құрамасының өнерін тамашалады. Ал «Бес жаңалық» атты кезеңде кез келген құрама әуенді, ұтымды әзілден құралған қоғам жаңалығын оқыды.
«Ақжарма 2» шаруашылығының демеушілігімен жүзеге асқан «Жайдарман» ойынының екінші мәрте жеңімпазы «210 мектеп» құрамасы атанды. ІІ орынды «Сейфуллин» құрамасы иемденсе, ІІІ орынды «34+1» құрамасы қанжығасына байлады. Айта кетейік, барлық құрамаға қаржылай сыйлық үлестірілді.
Балтабай ОРДАБЕКОВ