Текелі қаласының Құрметті азаматы атанды
Жетісу облысынан жақсы жаңалық жетті. Шалғайда жүрген жерлесіміз, ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің Текелі қаласындағы №5 өрт сөндіру бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Еркін Асқарбекұлы Дүйсенбаев «Текелі қаласының Құрметті азаматы» атанды.
Тереңөзектің тумасы Е.Дүйсенбаев мектеп бітіргеннен кейін Қазақ Ұлттық техникалық университетінде жоғары білім алса, кейін ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің Көкшетау техникалық институтын тәмамдаған. Институтта «Өрт қауіпсіздігінің инженері» мамандығын игерген ол 20 жылға жуық уақыт ішінде өртке қарсы қызмет органында абыройлы қызмет атқарып келеді. Бүгінде Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің «Жетісу облысының Төтенше жағдайлар департаментінің өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» мемлекеттік мекемесінің Текелі қаласындағы №5 өрт сөндіру бөлімінің бастығы болып, халыққа қызмет көрсетуде.
Әрине төтенше жағдай айтып келмейді, тілсіз жаумен күресуде табандылық пен қайсарлық керек. Қиындықпен бетпе-бет келгенде жылдам шешім қабылдау басқа адамның өмірін құтқарып қалуы мүмкін. Міне, осындай қасиеттерді бойына жинаған азаматтық қорғау подполковнигі өз жұмысына зор жауапкершілік танытуда. Осы қызметі үшін Еркін Асқарбекұлының елеулі еңбегі еленіп, оған «Текелі қаласының Құрметті азаматы» атағы берілді.
– Перзенті зор жетістікке жетіп жатса, ата-анаға одан асқан бақыт жоқ. Еркін балам жастайынан осы мамандықты таңдап, төтенше жағдай саласында қызмет етуді қалады. Өз арманы жолында білім алып, қызметтік жолын бастады. Бүгінде сол қызметінің жемісін көруде. «Құрметті азамат» атағы сол елге сіңірген еңбегі үшін беріледі. Сондықтан ұлымның азаматтық қорғау саласында айтулы еңбегі бар екенін мақтаныш етемін, – дейді әкесі Асқар Дүйсенбайұлы.
Сырдариялық азаматты мерейлі атағымен құттықтаймыз!
«ТТ» ақпарат