Сот приставының құзыреті
Сот приставы – мемлекеттiк қызметте тұратын және соттар қызметінің белгіленген тәртібін қамтамасыз ету бойынша өзiне жүктелген мiндеттердi орындайтын лауазымды тұлға.
Сот приставының қызметі – өте жауапты жұмыс. Сот приставы туралы заңдар Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделген және Қазақстан Республикасының басқа да нормативтік құқықтық актілерінен тұрады. Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 7 шiлдедегi «Сот приставтары туралы» Заңының 7-бабында Сот приставы өзiне жүктелген мiндеттердi орындау мақсатында азаматтардан сот қызметiнiң белгiленген тәртiбiн сақтауды, сондай-ақ соттың үй-жайында және сот отырысы залында құқыққа қайшы iс-әрекеттер жасауды тоқтатуды талап етеді. Өзiне берiлген құқықтарды қатаң заңға сәйкес пайдалануға және өз қызметiнде азаматтар мен заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерiне нұқсан келтiруге жол бермейді. Судьяларды және сот процесiне қатысатын өзге де тұлғаларды, сотқа келуден жалтарған адамдарды сот орындаушысына немесе атқарушылық iс-әрекеттер жасалатын жерге күштеп алып келудi жүзеге асырады деп көрсетілген.
Сот приставына кемінде жиырма бір жасқа толған, заңгерлік орта білімі бар, сондай-ақ денсаулық жағдайы жақсы, арнаулы тексерістен өткен Қазақстан Респуликасынын азаматы болып табылатын адам тағайындала алады.
Сотта әділдік жүзеге асып, тәртіп пен адамгершілік нормаларын аттамай, құқықтық жүйенің қатаң сақталуы қамтамасыз етіледі. Ал сот приставы құқықтар мен міндеттеріне осы игі іске сай өз септігін тигізеді.
Қорытындылай келе, сот приставының атқарар жұмысы жауапкершілікті, сабырлылықты, білімділікті талап ететінін айтып өткім келеді. Сот приставына қойылатын талапқа лайықты болуға әркез дайынмын!
О.Дүйсенов,
Сырдария аудандық соты әкімшісінің бас маман – аға сот приставы