Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ауыл балаларына ағылшын тілін үйретіп жүр

Ауыл балаларына ағылшын тілін үйретіп жүр

Жалынды, жігерлі, еркін ойлай білетін, өзіндік ойы мен пікірі бар, білімді жастар – еліміздің жарқын болашағының кепілі. Ал сол жастар бойындағы білім мен тәжірибені халықтың игілігіне шын жанашырлықпен арнай алса, онда тіпті тамаша.

«Балалар білсе екен, білімін жетілдірсе екен, ауыл балаларына қаладағыдай жағдай жасалса екен» деген игі мақсат жолында жұмыс істеп жүрген ақжармалық жігіттің жүйелі жұмысы туралы естіп, бас редактордың тапсырмасымен сәрсенбінің сәтінде Ақжарма ауылдық округіне ат басын бұрдық. Биылдан бастап арнайы кабинет жасақтап, ауыл балаларын ағылшын тіліне сусында­тып жүрген жас, жерлесіміздің жұмысымен танысып, ақпараттық қолдау көрсетуді жөн санадық.

Ернар Темірбаев – Ақжарма ауылының тумасы. Елі ырысты, жері күрішті, берекелі ауылда туып-өсіп, сондағы ауыл мектебінде білім алған. Бала кезінен оқуға құштар, әсіресе, шет тілін игеруге деген ынтасы жоғары баланы ата-анасы дарынды балаларға арналған оқу ордасына беруді құп көреді. 6 сыныптан бастап облыс орталығындағы дарынды балаларға арналған «Дарын» мектебіне жолдама алады. Сөйтіп ғылым мен білімге тереңдей енген Ернардың ағылшын тіліне деген қызығушылығы одан са­йын арта түседі. Оған бір жағынан, аталған мектептегі білікті ағылшын пәні мұғалімдері себеп болған екен. «Ұстазға қарап шәкірт бой түзер» деген осы болса керек.

Кейін жоғарғы оқу орнында білімін жалғастырған кейіпкеріміз 2018 жылы «ағылшын-қытай тілі мұғалімі» мамандығын игеріп шығады. «Адам өзінің сүйікті ісімен айналысуы керек. Сонда ғана жетістікке қол жеткізеді, қолға алған ісі берекелі болады» деп білетін еркін ойлы жас сол кезден бас­тап өз білгенін кейінгі ұрпаққа үйрету мақсатында бала оқыту ісімен шұғылданып келеді. Талай шәкірттің ағылшын тілін еркін меңгеріп, қазіргідей тіл білуге деген сұраныс жоғары кезеңде оқушыларды шет тіліне баулып жүр. Өзі кезінде шет тілі мұғалімдеріне қарап бой түзесе, қазіргі таңда қанша баланың Ернарға қарап, ағылшын тілін меңгеруге деген құлшынысы артып отыр. Кім білсін, сол көп баланың ішінде еліміздің жарқын болашағы жолында үлкен қызметтерді атқаратын өрендер өсіп келе жатқан болар.

Қысқасы, ақжармалық Ернар Темірбаев 2018 жылдан бастап қолға алған ісін биыл жандандырып, демеушілердің көмегімен аудитория­сын кеңейтіп, жаңаша жұмысқа бағыт алған. Бастапқыда жай ғана бір сыныпта балаларды оқытып жүрген. Кейін «неге ауыл балаларына қаладағыдай жағдай жасамасқа» деген ой жас ұстазды толғандырған екен. Содан бастап ауыл бала­ларының білімін толықтыруда қол­дан келгенше қолжетімді жағдай жасауды көздеген. Осы мақсатына ауылдағы жақсы істердің жанашыры болып жүрген ел ағалары қолдау көрсеткен. Бүгінде Ернар Ақжарма ауылдық мәдениет үйінен арнайы жасақталған кабинетте 3 және 11 сынып аралығындағы 60-тан астам баланы ағылшын тіліне сусындатып келеді.

– Бұл бастаманың ойдағыдай жүзеге асуына ауыл азаматтарының, алдыңғы буын ағаларымыздың үлесі зор болды. Қайрат Нұрсейітов, Арман Қойшыбаев, Мақсат Заммадинов, Ернұр Асылбеков секілді азаматтар қолдау көрсетіп, қаржылай көмек берді. Бұл кісілерге аудандық басылым арқылы арнайы алғыс білдіргім келеді. Сондай-ақ ауыл әкімдігі мен ауылдық мәдениет үйі қызметкерлері де балалардың сапалы білім алуына жағдай жасап отыр. Негізінен бала оқыту ісімен айналысып жүргеніме бес жылдай болды. Бастапқыда қосымша сабақтар өткізіп жүрдік. Кейін бір ата-ананың ұсынысы бойынша осы істі бастап кеттік. Нәтижесі жаман емес. Балалардың ағылшын тілін меңгеруге талпынысы, қызы­ғушылығы артып келеді. Біздің алға қойған мақсатымыз да осы еді, – дейді Ернар.

Өзіміз көргендей, арнайы кабинетте балалардың білім алуына және қызығушылығын арттыруына қолайлы жағдай жасалған. Атап айтар болсақ, мектеп оқушыларының қызығушылығын туғы­затын кітаптар, суреттер, арнайы парта мен орындықтар қо­й­ыл­­ған. Бір ерекшелігі, Ернар каби­нетті жасақтауды өз идея­­сы не­гізінде жүзеге асырған. Кітап­тар­дың барлығын арнайы тапсы­рыспен алдырған екен. Бұнда балалардың бір бағытта ғана емес, өз қызығушылығына орай білім алуы­­на жағдай жасалған. Яғни, егер оқушы сурет салуға қызықса, сурет салатын құрал-жабдықтарды таба алады. Сондай-ақ ағылшын тілін қазіргі заман талабына сай қызықты ақпараттармен, жаңаша деректермен негіздеп өт­кізеді. «Белгілі бір кәсіпке апарар жол немесе техника мен технологиялар туралы тақырыптармен үйлестіре отырып сабақ өтсек, бұл баланың қызығушылығын арттырады. Бір жағынан оқушы жаңа ақ­параттар білсе, екінші жағынан шы­ғармашылығын дамытып, жаны қалаған іспен айналысуына да мүмкіндік болады» дейді жас мұ­ғалім. Ернардың басты мақсаты – ауыл білімін қала деңгейімен шамаластыру, ауыл балаларының да қаладағыдай қолжетімді ортада білім алуына жағдай жасау.

– Ернар ағылшын үйірмесін аш­қалы балалардың осы бағытқа деген қызығушылығы артты. Тіпті қызым қосымша сабақ болатын күнді асыға күтетін болды. Қызығып, ерекше ынтамен оқығаны сондай, аз уақыт ішінде қызым ағылшын тілінде еркін оқи алатын деңгейге жетті. Ернар – жалынды әрі жігерлі жастың бірі. Өте білімді жігіт. Үнемі ізденіс үстінде жүреді. Балалардың қызығушылығын арттыру үшін түрлі кітаптар алғызып отырады, – деп пікір білдірді ата-ана Сәуле Алиева.

Қазіргі таңда аталған үйірменің әлеуметтік желіде арнайы парақ­шасы да тұрақты түрде жұмыс жасап тұр. Онда балалардың сабақ барысындағы жұмыстары мен көп­шілік үшін қажетті ақпараттар жариялануда. Өзі де шығармашылыққа жақын Ернардың алдағы мақсаты – оқушыларының білім деңгейін арттыру. Ауыл балаларының жоғарғы оқу орнына барғанда немесе шетелге шыққанда тіл білмеуден қиналмауы үшін лайықты білім беріп, жаһанда үлкен сұранысқа ие ағылшын тілін еркін меңгеруіне жол ашқысы келеді. Осы ретте қолға алған ісін жандандырып, кабинетті одан әрі жасақтауды көздеуде. «Білім алу, білгеніңді үйрету – ең абзал садақа» деген. Ендеше игі мақсат жолында абыройлы еңбек етіп жүрген Ернарға «іске сәт» дегіміз келеді.

Ауыл балаларына ағылшын тілін үйретіп жүрген жас маманның алдағы жоспарлары да ауқымды. Ол жаңа заман талаптарын жетік меңгерген озық ойлы, креативті жастардың көп болғанын қалайды. Сондай-ақ ауыл жастарының бос уақытын жақсы істерге бағыттап, үйірмелер жұмысын жандандырғанда ғана жас­­тар саясатының нәтижелі боларына сенеді.

Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ
04 қараша 2023 ж. 168 0