Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№ 98 газет

10 желтоқсан 2024 ж.

№97 газет

07 желтоқсан 2024 ж.

№96 газет

03 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Тоқсан бестегі тазалық сақшысы

Тоқсан бестегі тазалық сақшысы

Сенбілікке жұмыла кіріскен ауданның мекеме қызметкерлері екі айдан бері тазалық жұмыстарын жүргізуде. «Тазалық – ортақ іс» дейміз. Сол ортақ іске жұртшылықты ұйыстыру үшін газет тілшілері талай мәрте танымдық, сыни мақала жазды. Газет қызметкерлері де бір сәт қаламын күрек пен айырға айырбастап, сенбі сайын көше тазалығына, кентті көркейтуге атсалысады.

Әдеттегідей сенбі күнгі сенбілік жұмыстан соң үй-үйге тарайтын кезде редакцияға ардагер-журналист Сәуле Ерімбет хабарласты. Бұрынғы редактор көркейту-көгалдандыру мәселесі туралы өз пікірін білдіріп, «кент тазалығын әркім өз ауласынан бастау керек» деген ұстанымды әрдайым насихаттап жүретінін, бүгін көзге жылы көрінетін көрініске куә болғанын да айтты.

Біз газетке ұсынып отырған суретті Сәуле апай тосыннан түсіріп алыпты. Суреттен жасы 95-ке келген кенттің байырғы тұрғыны Рақымжан қажы Бәйменовтің көшені сыпырып тұрған сәтін аңғаруға болады. Жанында Нұртөре есімді немересі де бар екен. Атасы мен немересі үйдің ауласын сыпырып болған соң, көше жақ бетті қоқыстан тазалап, ретке келтіруге кіріскен. Жүзінен нұр төгіліп тұрған қарттың бұл әрекеті көпке үлгі боларлық іс.

– Бүгін түстен кейін жақсы бір көрініске куә болдым. Жасы 95-ке келген қарияның бұл ісі өзгелерге өнеге болуы керек қой деген ниет­пен тосыннан түсіріп алдым. Көпті көрген Рақымжан ата даналығымен, айтар сөзімен көптің құрметіне бөленген. Аудандық басылымда жариялаған өнегесі мол жазбаларында сүбелі сөз айтып отырады. Қарияға кент тұрғындарына үлгі болатын әрекеті үшін мың алғыс айтамыз, – дейді ардагер-журналист Сәуле Сұлтанқызы.

Аудан тазалығына жанашырлықпен қараған ардақты ардагердің өнегелі ісін кент әкімі Е.Бахтияров та жоғары бағалап, өзгелерге үлгі етті.

– Тазалық жай ғана жүрдім-бардым қарайтын дүние емес. Мұнда үлкен тәрбие негізі, мә­дениет­тілік бар. Себебі, тазалық – адамның рухани, мәдени жетілу деңгейінің, кісілігі мен тәрбиесінің маңызды көрсеткішінің бірі. Ол жан-жақты адам өмірін, болашағын, имандылығы мен адамгершілік сияқты кісі ғұмырына тән көптеген тармақтарды қамтиды. Дана бабаларымыз адам өмірінің зор байлығы – денсаулық десе, ал денсаулықтың кепілі – та­залық екенін ұғындырған. Сондықтан тазалық – адамның мәде­ниеттілігінің, адамгершілігінің таразысы, иман­ның жартысы саналады. Біз көше мәдениетін қозғағанда ең алдымен тазалықты сөз ететініміз анық. Өйткені, көшедегі мәдениеттіліктің бас­тауы тазалық екені айтпаса да түсінікті. Әрбір адам өзінің көшесін, ауласын таза ұстау арқылы қоғамға пайдасын тигізеді. Ал қоршаған орта күл-қоқысқа толып жатса, оның адам денсау­лығына тигізер зия­­ны көп. Сол себепті де тұр­ғындар айнала­ны ластамай, біреудің ай­т­уымен емес, өз­дерінің денсаулықтары үшін са­нитарлық та­за­­лыққа мән беріп қарағаны жөн. Бұл ретте Рақымжан қажының жақсы ісін өзге жерлестеріміз жалғастырса екен дейміз, – дейді кент әкімі Ержан Бахтияров.
Бибісара ТАҢАТАРҚЫЗЫ
04 қараша 2023 ж. 169 0