Тазалықты сақтауды өзімізден бастайық
Расында, тазалық – табалдырықтан басталады. Қай кезде де тазалықтың орны бөлек. Тазалық – мәдениеттіліктің көрінісі. Қоршаған ортаның тазалығына қарау әрбір азаматтың міндеті.
Аудандық газеттің тұрақты оқырманы ретінде баспасөз бетінде жарық көретін мақалаларды мұқият оқып отырамын. Соңғы кезде аудан айнасында мазмұны ерекше, тәрбиелік мәні бар мақалалар жарияланып келеді. Сондай ой саларлық мақалалардың қатарында кенттің байырғы тұрғыны, ардақты қария Рақымжан қажы Бәйменовтің «Құндылықтарымыз құлдырамасын» мақаласы мен сол мақалаға пікір білдірген Төребек Жұмабековтің «Аталы сөз ел бірлігіне үндейді» деген мақаланы оқып, ой түйдім. Шын мәнінде қазір үлкен кісілердің сөзіне құлақ асатын адамдардың азайғанынан қорқамын. Ал сондай әдепсіздікке баратындардың қатарында әйел адамдардың болуы тіпті көңілге сызат түсіреді. Айтпағым, ер азамат тұрғанда әйел адамның сөз бастауы әйел затымызға сын әрі жат нәрсе. Қашанда ер азаматын сыйлап, ошағының берекесін келтіріп отыратын әйелдердің орны бала-шағасының қасында. Басына орамалын тағып, ас-суын әзірлеп, түзде жүретін ерінің жағдайын жасау әйелдің ең бірінші міндеті болуы керек. Сөз жоқ, бұл қазақ әйелінің айнымас қағидасы болуы тиіс.
Сонымен қатар жақында газет бетінде кент әкімі Е.Бақтияровтың «Тереңөзекті бірге көркейтейік» тақырыбындағы тазалық жайында жазған мақаласын оқыдым. Бұл да саналы адамға ой салатын жақсы жазылған мақала екен. Себебі кент әкімі тұрғындарға жақсы ой тастап, тазалықтың мән-жайын түсіндіріп, ортақ үйіміз кентті көркейтуге атсалысуға шақырғаны шын мәнінде туған елге жанашыр азаматтың үндеуі деп қабылдадым.
Қазір күз айының жылы мезгілі нағыз тазалыққа аса мән беретін уақыт. Кент келбетін келтіріп тұрған бірнеше қос қабатты тұрғын үйлерге жөндеу жүргізіліп, оның айналасы абаттандырылуда. Балаларға салынған ойын алаңдары да ретке келтіріліп, сырланып, қисайған жері түзетілуде. Сонымен қатар көпқабатты үйлердің қоқыс тастайтын орындары да ретке келіп, күн сайын тазаланып, тұрғындарға жайлы өмір қалыптастырылуда.
Мен осы мекеннің қарт ардагер-ұстазы ретінде тұрғындарға айтпағым, әрбір адам ең алдымен өз үйін, ауласын, көшесін таза ұстауға міндетті. Күл-қоқыс тасталған жерде адамның денсаулығы да болмайды. Өмір сүретін ортасы, үйі мен ауласы таза болса, ел көркейеді, әрі мерейіміз де үстем болады. Сондықтан, жасымыз да, кәріміз де, бір уақыт есігіміздің алдын, көше жағымызды тазалап қоюға дағдылануымыз керек.
Қазір апта сайын барлық мекеме қызметкерлері сенбілікке шығып, көше бойын, арықтарды тазалайды. Негізінен қызметі бар адамдар біреудің есігінің алдын, мейлі ол көше жақ беті болсын, тазалап беруге міндетті емес. Егер сол үйде жарымжан, жалғызбасты адам тұратын болса, онда көмектессін, ал өзге жағдайда, әркім өз тазалығын өзі жүргізу керек. Сенбілік күндері тұрғындар үйлерінде жатпай, тазалыққа атсалысып, қоршаған ортаны, өз үйінің аумағын күл-қоқыстан тазартса, ауызбірліктің үлгісін көрсетер еді.
Сұлупан ШАМШАДИНОВА,
ардагер-ұстаз