Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№ 98 газет

10 желтоқсан 2024 ж.

№97 газет

07 желтоқсан 2024 ж.

№96 газет

03 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Көлігіңіз қысқа дайын ба?

Көлігіңіз қысқа дайын ба?

Оңтүстік өңірлерде Арқаның саршұнақ аязындай суық болмаса да, қытымыр қыстың қаттылығы айтарлықтай білінеді. Қарашаға аяқ басқан көпшілік алдағы айларға дайындықты бастап кеткен. Жылу маусымымен қатар, жүргізушілер қыстан қысылмай шығу үшін автокөлігін даярлықтан өткізеді. Осы күні базар жағалап, автокөлік дөңгелегін іздегендер жеткілікті. Себебі, елімізде желтоқсан айына дейін жүргізушілер қыс мезгіліне арналған дөңгелекпен жүруге міндеттеледі.

Апат айтып келмейтіні белгілі. Талай адамның өмірін қиған жол апаты жүргізушінің салғырттығын кешірмейді. Көбіне жолаушы тасымалдайтын және ұзақ жолға шығатын автокөлік дөңге­лектері уақытылы ауыстырылуы керек. Бүгінде дөңгелек ауыстыру, желімдеу секілді қызметтерді көрсететін арнайы кәсіпкерлік нысандарының алдында ұзын-сонар кезек күту қалыптасқан. Сапалы әрі ұзақ мерзімге жарамды дөңгелектерді таңдау – қиынның-қиыны. Заман талабына сай шиналардың сан түрлісі нарықта қолданысқа енгізілген. Негізінен, жеңіл автокөліктің өлшеміне қарай шиналардың нарықтағы бағасы өзгеріп отырады.

Қылышын сүйреткен қыс мезгілі бас­талған уақыттан кей автокөліктердің дайындығы сыр бере бастайды. Әрине, жергілікті халық ескі көлігін жөндеумен әлек. Тозығы жеткен қосалқы бөлшектен ақау пайда бола бастағаннан, жүргізушінің қалтасы жұқарады. Шинамен бірге мотор майлары, аккумулятор, пеш секілді қо­салқы бөлшектер қай кезде де жаңартуды талап етеді.

– Бірнеше жылдан бері жолаушылар тасымалымен айналысып келемін. Қы­зыл­орда-Алматы бағытымен бірге өзге өңірлерге жиі жолымыз түседі. Жыл көлемінде сан түрлі жол апаттарын көзіміз көріп, жүрегіміз ауырады. Қан­шама адам жол үстінде зардап шегуде. Жолаушының діттеген жеріне аман-есен жеткізу – тікелей міндетім. Сондықтан жеңіл автокөлігімді үнемі жөндеуден өткізіп, қосалқы бөлшектерін ауыстырып отырамын. Осы аптада көлігімнің дөң­­ге­лектерін қысқы шинаға ауыстыр­мақ­пын. Күннен-күнге на­рық ба­ғасы түрленіп, са­палы шиналардың ба­ғасы өсуде. Мәселен, өз басым бір шинаны 32 мың теңгеден аламын. Жалпы, бір қыс мезгіліне дөңгелектерді дайындау үшін 150 мың теңгеге жуық қаражат жұмсалады. Ұзақ жолға шыққаннан кейін қосалқы дөңгелек ұстауға тура келеді. Боранды күндері жолда қалмау мақсатында мотор майының, аккумулятордың сапалысына баса көңіл бөлемін, – дейді Тереңөзек кентінің тұрғыны Ақзамхан Ікірамханов.

Бұл ретте, аудандық полиция бөлімінің мамандары да автокөліктің қыс мезгіліне дайындығын пысықтауға қатысты пікір білдірді.

– Қазақта «Жазда жанын баққан, қыста қыдың қаққан» деген даналық сөз бар. Күн жылыған сәтте қыстың қамын ұмыт қалдыратын жандар қараша айынан бастап тығырыққа тіреле бастайды. Біз әркез жол қозғалысын реттеу барысында қысқа дайындықты назарда ұстау керектігін жолаушыларға ескертеміз. Өзге өңірлерде қар жауып, күн суыта бастады. Аудан көлемінде жаздық шиналармен жүрген автокөліктерді жиі байқаймыз. Уақытылы дөңгелектерді ау­ыс­тырмаған жағдайда жүргізушілерге әкім­шілік айыппұл салынады. Жолаушының ама­ндығы басты орында болуы тиіс. Өткен жылы Тереңөзек кентіне кіреберіс бөлікке бағдаршам орнатылды. Біршама жол қозғалысы реттелді. Күре жолдың бойында қаншама автокөлік иелері боранды күні түнеуге мәжбүр болып жатады. Төтенше жағдайлар бөлімінің мамандарымен бірлесіп, жүргізушілерге көмекке келуге тырысамыз. Жол апатын, адам шығынын болдырмау үшін қадағалауды күшейте береміз, – дейді аудандық полиция бөлімінің патрульдік полция тобының аға қызмет инспекторы, полиция капитаны Бауыржан Айтбаев.

Шина желімдеу орталықтарының мамандары жергілікті халық үшін қызмет етуге дайын. Әрине, кімге болсын қауіп­сіздік маңызды. Қыстың қамын ертерек ойлаған жақсы. Ал сіздің көлігіңіз қысқа дайын ба?

Балтабай ОРДАБЕКОВ
04 қараша 2023 ж. 134 0