Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Көлігіңіз қысқа дайын ба?

Көлігіңіз қысқа дайын ба?

Қазір екі үйдің бірінде автокөлік бар. Таңнан кешке дейінгі тірлікте осы темір тұлпардың көмегі көп. Баратын жерге жылдам жетесің, жақындарыңды да тасисың, қажетті заттарыңды да арқалап жүрмейсің. Десе де, көлік – ол жүрсе көлік, жүрмесе... Сондықтан темір тұлпар да ерекше күтімді талап етеді.

Күз мезгілінің жауын-шашыны жиі-жиі жауа бастады. Оның үстіне күннің райы да суытып, жерге түскен жауынның тайғанақ болу ықтималдылығы жоғарылады. Тиісінше, осындай кезеңде көлікке қыстық шиналар салу міндетті болады. Себебі, Қазақстан Республикасының Жол жүрісі Қағидалары мен Кеден Одағының 018/2011 «Дөңгелекті көлік құралдарының қауіпсіздігі» техникалық регламентінде «Қыс айларында қысқы дөңгелектермен немесе тиекті шиналармен жабдықталмаған көлік құралдарын пайдалануға тыйым салынады» делінген.

Жалпы, күз, қыс мезгілдерінде күн райының құбылуы жылдам. Оның салдары адамға зиянын тигізуі мүмкін. Сол себепті жолда сенімді жүру үшін тұлпардың тұяғына таға қаққандай көлікке де шегелі дөңгелек салу қажет. Қазіргі уақытта көпшілік бұған аса мән бермеуі мүмкін. Ал аяқасты қар түскенде дөңгелек ауыстыратын орталықтарда ұзын-сонар кезек қалыптасатыны белгілі. Ондай жағдайға түспес үшін қазірден қамданған жөн.
– Қыс мезгіліндегі жол-көлік апаттарының көбісі қыстық шиналардың болмауы салдарынан орын алады. Шегелі дөңгелектердің тайғанақ кездерде пайдасы зор. Ол көліктегі адам өмірінің қауіпсіз болуына көмегін тигізеді. Бүгінде күн салқындап, күн райы құбылып тұр. Күндіз жауын жауса, түнгі суықпен жер тайғақ болуы әбден ықтимал. Сондықтан қар жауып, қатқақ болған уақытты күтпей қазірден автокөлікті қысқа дайындап, шиналарды ауыстырып алған дұрыс. Жол қауіпсіздігін сақтап, жолда жүргенде абай болу керек, – дейді аудандық полиция бөлімінің ЖПҚб-нің аға қызмет инс­пекторы, полиция капитаны Әзімхан Әбдірасыл.

Бүгінде қыстық шиналардың бағасы да айтарлықтай қымбат. Арзанын да табуға болады, бірақ мамандар қауіп-сіздік үшін сапалы шиналарды салған дұрыс екенін айтады. Қайткен күнде, шамалы уақыттан соң қыс айлары бас­талады. Ал қыс келді дегенше қыстық шинасыз көліктің жүруі де екіталай. Сондықтан қазірден көлікті қамдай берген абзал.

Е.БЕРКІНБАЕВ
19 қараша 2022 ж. 371 0