Қоғам тыныштығын 82 полиция қызметкері күзетеді
Қоғам өмірінде жиі кездесетін мәселелердің бірі – азаматтардың қауіпсіздігі мен жергілікті халықтың тыныштығын күзету болып табылады. Жиырма миллионға жуық халқы бар елімізде полиция қызметкерлерінің қызметіне басты назар аударылады. Күні-түні қауіпсіздік іс-шарасын қамтамасыз ету барысында құқық қорғау органдарының мамандары қырағы қызметімен көпшілікке танылады. Сан алуан оқиғаға тап келетін тұрғындардың басым бөлігі аудандық полиция бөлімінің құрылымдық жүйесімен етене таныс болмауы бек мүмкін. Сондықтан ішкі тәртіпті сақтауға зор үлес қосатын құқық қорғау саласының жұмысын тізбектейтін боламыз.
Жалпы, аудан көлемінде аттестациядан өткен штат бойынша 82 полиция қызметкері жұмыс істейді. Өз кезегінде аталған бөлімде бірнеше бөлімше құрылған. Айта кетейік, кадр, қылмыстық іздестіру, тергеу, әкімшілік полиция, жергілікті полиция, кезекші, уақытша ұстау изоляторы секілді бөлімшеде кәсіби сала мамандары жасақталған. Сонымен қатар арнайы топтар қатарында анықтау, ақпараттық, аналитика және байланыс, штаб, көші-қон қызметі жатқызылады. Сала мамандарының атқаратын жұмысына сай функционалдық міндеттер жүктелген.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жұртқа жақын полиция» қағидатын орнықтыру үшін кешенді іс-шаралар қабылдау керектігін басты назарға алған болатын. Жалпы, тәулік бойы кез келген жағдайға дайын болуы үшін тәртіп сақшыларына қажыр-қайрат пен төзімділік қажет. Расында, әрбір адам басына қиындық түскен кезде құқық қорғау саласының өкілінен көмек күтетіні жасырын емес. Әділетті қоғамды құру жолында ел қорғаны бола білген полиция қызметкерлерінің құзіреттілігін арттыру – күн тәртібінен ешқашан түспейді.
Шын мәнінде, полиция қызметкерлері отбасылық жанжалдан бастап, ауыр санаттағы қылмысқа дейінгі істерді ізін суытпай ашуға тырысады. Қазіргі уақытта аудан көлемінде 20 учаскелік полиция инспекторы мен олардың 3 көмекшісі жұмыс жасайды. Ауданға қарасты әрбір ауылда 1 учаскелік полиция қызметкеріне қоғамдық тәртіпті сақтау міндеті жүктелген. Ал «Құмкөл» кенішінде 2 учаскелік полиция инспекторы тыныштықты күзетеді. Тереңөзек кентінде 2 учаскелік полиция пункті орналасқан. Яғни, тәртіп сақшылары Оспан Әбілпаттаев және «Қазақ» көшесіндегі арнайы пунктте қызметтік бөлініске сай еңбек етеді. Бұл аумақтарға халық көп шоғырланған. Негізінен, тәртіп сақшылары тәулік бойы 3 ауысым бойынша кезекшілік атқарады. Күндізгі және түнгі мезгілде 1 бағытта бақылау жасаса, кешкі уақытта 5 бағыт бойынша кезекшілік атқарылады.
– Қай кезде де, аудан көлемінде тұрақтылық орнағаны жақсы. Сан алуан тәртіп бұзушылық пен қылмысқа тап келетін сала мамандарының жұмысы қауырт. Кез келген жергілікті тұрғын аудандық полиция бөліміне келіп, қызметкерлерге өз мәселесі бойынша жүгіне алады. Құқық қорғау саласының майталмандары жыл көлемінде қырағылық танытып, жауапкершілікті айтарлықтай сезінеді. Адам өміріне қауіп төндіретін қылмыстардың алдын алып, жол қозғалысы, ұрлық, зорлық-зомбылық секілді бірнеше бағыттағы маңызды істерді атқарады. Үнемі басшылық тарапынан барлық сала маманын жоғарғы марапатқа ұсынып, лайықты құрмет көрсетіп келеміз. Айта кетейік, сала мамандарынан арнайы есеп алынып, қоғамдық тыныштықтың ахуалы күнделікті сараланып отырады. Елді мекендердегі орын алған оқиғаларға байланысты қосымша көмектер жасалады. Учаскелік полиция қызметкерлерінің біліктілігін арттырып, тәжірибесін толықтыруға аса мән береміз. Себебі, қызмет барысында кәсіби білім мен тәжірибенің рөлі айқындалады. Мақтаулы мамандарымыз құқық қорғау саласының мәртебесін биіктетіп, ел қорғаны бола бермек, – дейді Сырдария аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Ербол Жанәлиев.
Жалпы, аудан көлемінде жол қозғалысын реттеу, жол апаттарының алдын алу маңызды рөл ойнайды. Бүгінде күре жолдың бойында адам өміріне орасан шығын әкелетін жол апаттары жиі кездеседі. Осындай жағдай тәртіп сақшылары жолаушыларға жол ережесін бұзбауды түсіндіріп, сақтық іс-шарасына көңіл бөлуді сұрайды.
– Біздің жол қауіпсіздігіне жауапты мамандарымыз тәулігіне 10-15 автокөлік тоқтатып, тиісті шара көреді. Көбіне автокөлік жүргізушілері арасында масаң күйде жүретін азаматтар кездеседі. Қашанда жолаушылар тасымалдайтын жандардың жол ережесін сақтауы күн тәртібінен түспейді. Бұл ретте, күнделікті қадағалауды күшейтіп, шығын орын алмауына баса назар аударамыз. Арнайы профилактикалық іс-шаралардың сәтті жүзеге асуының арқасында бірқатар тәртіп бұзушылықтардың алдын аламыз. Жұмыс барысында заңдылыққа сүйеніп шешім қабылдаймыз, – дейді аудандық полиция бөлімінің ЖПҚб-ға қарасты ППт аға қызмет инспекторы, полиция капитаны Бауыржан Айтбаев.
Расында, көпшілікпен тығыз қарым-қатынаста болып, қырағылығымен даралану – тәртіп сақшысына тән қасиет. Қызмет бабында жүріп, ел тыныштығы үшін жаны құрбан болған ел қорғандары да жоқ емес. Артында баласынан көз жазып қалған ата-ана, әкесінің ерлігін мақтан тұтатын перзенттері қалады. Өз кезегінде күні-түні дамыл көрмейтін тәртіп сақшыларына көпшілік тарапынан айрықша құрмет көрсетілуі керек. Себебі көптеген тәртіп бұзушылықты болдырмауға күш салған олар ел қорғаны ретінде антына адал екендіктерін әркез дәлелдеп келеді.
Балтабай ОРДАБЕКОВ