Бекем бірлік пен көркем тірліктің жемісі
Жаратылысынан ұстаз болып туылу екінің біріне бұйыра бермейтін бақыт. Елена Мясцова ұстаздықты адамға берілетін сый деп біледі. Өмірлік мамандығына айналған ұстаздық жолда тура 33 жылдан бері еңбек етіп келе жатқан бала бағбаны жақында мемлекеттік марапат иесі атанды.
Қызығы мен қиындығы қатар жүретін ұстаздық қызметте мақсаты айқын мұғалім бастауыш сыныпқа сабақ береді. Алдына қойған мақсаты – жақсы ұстаз болу. Елена Анатольевна бұл мақсатқа сөзсіз жеткен ұстаз. Бүгінде кәсіби деңгейі жоғары, шығармашылық қабілеті мол тұлғаға айналған педагогтың тәлімін жүздеген шәкірт алып, үлкен өмірге қанат қақты. Ұстаздың бір ерекше қасиеті – оның шеберлігінде. Ізденімпаз ұстаз өз тәжірибесінде әрбір оқушының өз бетінше жұмыс істеу қабілетін шыңдап, дамытуға мән беретіндігінде. Әрбір сабағын шығармашылықпен жоспарлап, жас жеткіншектің ойлау, қабілетіне сай бағыт беріп, ізденуге қалыптастырады.
–Бастауыш сыныптың оқушысының көңілі де, арман-мақсаты да ақ парақ секілді. Оның сана сезімі қалай дамитыны, нені үйреніп, білетіні ұстазына байланысты. Сондықтан алғашқы ұстаз ретінде әрбір сабақты қызықты, тартымды өткізуге мән беремін. Бала жалықпау керек, арасында ойын да ойнаймыз, ән де айтамыз, би де билейміз. Балаға еркіндік беремін. Бұл бала қабілетінің ашылуына зор мүмкіндік береді. Күн сайын алған білімдерін өмірге қолдануға үйретемін. Әрбір бала бір-бір әлем. Сондықтан түрлі әдіс-тәсіл қолдануға тырысамын. Дұрыс сөйлеуге, ойын еркін жеткізуге байланысты әдістерді пайдаланамын, – дейді педагог-зерттеуші Е.Мясцова.
Жауапкершілігі зор мамандық иесі балаларды өз елінің патриоты болуға тәрбиелеп қана қоймай, оларды қазақ халқының салт-дәстүрін, мәдениетін сыйлауға, мемлекеттік тілді құрметтеуге үйретеді. Бұл қасиеті өзге тілді отбасында да қалыптасқан. Ұлты басқа болғанымен – тілеуі бір ардақты ұстаз туған елдің нағыз патриоты.
Елена Мясцова ауданда түрлі этнос өкілдерінің басы қосылатын мерекелердің ажарын келтіріп, жарасымды ұлттық киімін киіп, ән салуды дәстүрге айналдырған. Ұлы Никита – ауданға белгілі әнші. Олар орыс тілінде ғана емес, қазақ тілінде де ән салып, мерекелердің сәнін келтіреді. Ассамблеяның белді мүшесі Е.Миясцова Республика күніне орай облыста өткен салтанатты жиында облыс әкімінің қолынан арнайы марапат алды. Бұл бекем бірлік пен көркем тірліктің жемісі деп білеміз.
– Осы марапатқа жету жолында менімен бірге болған, көмектескен, уақыт пен күш-жігерін жұмсаған әрбір адамға алғысымды білдіргім келеді. Сондай-ақ жоғары нәтиже көрсетуге мүмкіндік бергендердің барлығына алғыс айтамын. Мен бүгін марапат ретінде Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың Құрмет грамотасын алдым. Менің жетістіктерімді атап, еңбегімді жоғары бағалағаны үшін алғысымды білдіремін. Жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беру – қазіргі қоғамымыздың басты міндетінің бірі. Ал балалық шақ – Отанға деген сүйіспеншілік сезімін қалыптастырудың ең құнарлы кезеңі. Ел Президенті жүктеген міндеттерді жүзеге асыруға, қол жеткізген нәтижелерді сақтап, арттыруға алдағы уақытта да бар күш-жігерімді салатыныма сенімдімін, – дейді ұлағатты ұстаз.
Үш баланың анасы, бес немеренің әжесі атанып отырған ардақты ұстаз еңбек жолын бастаған №36 Ә.Тәжібаев атындағы мектеп-лицейде қазіргі кезге дейін еңбек етеді. Қызметімен елге сыйлы, еңбегіне адал ұстазды мемлекеттік наградасымен құттықтаймыз.
Бибісара ЖАНӘЛІ