Қайраткер. Тұлға. Азамат.
Қайраткер. Тұлға. Азамат. Бұл теңеулердің барлығын өнегелі өмір иесі Түймебай Айтбаевқа қарата айтсақ қателеспейміз. Тағдыр жолы қиын да күрделі кезеңдермен тұспа-тұс келсе де ел мүддесін бәрінен биік қойып, адал еңбекті ту еткен азаматтық қарым-қабілетінің арқасында абырой биігіне көтерілген тұлға расында да барлық құрметке лайықты еді. Ол кеудесін от пен оққа тосқан, Отан үшін ұрандатып жау әскеріне қарсы соғысқа қатысқан майдангер болды. Жеңіс туын желбіретіп елге оралған соң бейбіт күннің берекесін тасытуға белсенді араласты. Ауылдық кеңестің хатшысы болды. Ұстаздық қызмет атқарып, мектеп басқарды. 42 жыл білім саласының дамуы үшін тер төгіп, ұрпақ тәрбиеледі. Елге еткен еңбегі еш кетпей абыройға да бөленді.
Біздің қолымыздағы «Қарттарым – асыл қазынам атты» еңбекте Түймебай Айтбаевтың қысқаша өмірбаянымен қоса пікірі жарияланған екен. Онда майдангер-ұстаз «Облыс әкімінің «Қарттарым – асыл қазынам» акциясын өткізуге ықылас білдіруі, үндеу қабылдауы – қолдауға тұрарлық ұлағатты іс. Аға ұрпақ жайында ұлағатты естеліктер жинағын шығару – игі қадам. 1997 жылы 10 қазанда Қазақстан Республикасының Президенті Ақмола қаласында республика жастарымен кездесу өткізді. Сонда жастар алдына күрделі 7 талап қойды. Қазір жастарымыз осы талапты орындауға құлшыныс білдіруде. Жыл сайын жастардың білімге, ғылымға деген құштарлығы артып келеді» деп жазыпты.
Біреуге кішіпейіл іні болса, біреуге үлгілі аға болып, қазыналы қарттыққа абыроймен жеткен ауданымыздың тумасы, тарихи тұлға Түймебай Айтбаев есімі аудан халқына етене таныс. Республика көлемінде «Үлгілі ауыл» атанып, батыр атын иеленген ауылдағы №132 орта мектепке майдангер-ұстаздың, ұзақ жыл ұстаздық салада басшылық қызметте болып, жас өркеннің өсуіне, өркен жаюына септігін тигізген ұстаз есімі 2003 жылы берілген. Бүгінде талай шәкіртті түлетіп ұшырған мектеп атын көпшілік білгенімен, Түймебай Айтбаевтың тағылымды тағдырын барлығы тереңірек біле бермейді. Биыл туғанына 100 жыл толған батыр-ұстаздың торқалы мерейтойы қарсаңында ұстаз есімін жаңғыртып, тағылымды тағдырдың тәлімді тұстарын қаламымызға арқау етпекпіз.
Саналы ғұмырының 42 жылын ұстаздық қызметке арнап, жемісті еңбек етіп, туған ауылын өркендетуге үлес қосқан азамат 1923 жылы Нағи Ілиясов атындағы ауылда дүниеге келген. Ол кезде бұл ауылдық округ К.Маркс деп аталған. Кедей шаруа отбасында дүниеге келген ол кішкентайынан білімге құштар, батырлыққа бір қадам жақын болып өскен. Атаның қанымен, ананың ақ сүтімен бойына ер азаматқа тән игі қасиеттерді жиып өскен кейіпкеріміз үлкендерден көрген тәлімін өмір бойы азық еткен. Әкесі Айтбай Октябрь революциясына дейін ауқатты адамдар қарауында қызмет істеген. 1929-1930 жылдары колхозға мүше болып, оны ұйымдастырушылардың бірі ретінде қоғамдық жұмыстардың басы-қасында жүрген. 1934 жылы әкесі дүниеден озып, тұрмыстың тауқыметін тартқан анасы Тәжігүл Есмағанбетова Шарипа, Дәмелі, Түймебай есімді балаларын ешкімнен кем қылмай өсіріп, оқытып-тоқытып, өз алдына азамат етіп қалыптастырған.
Әкесі дүниеден озғанда мектеп жасына таяған бозбала 1934 жылы жетіжылдық мектепке барады. Әкесінің «адам бол» деген өсиетін, тәлімі мен тәрбиесін биік ұстап жүру үшін қатарластарынан ұдайы алда болуға тырысып, көп оқып, еңбектеніп, ілім үйренеді. Мектеп бітіргеннен кейін 1940 жылы Қызылорда қаласындағы педагогикалық училищеге түсіп, ұстаздықтың қыр-сырын меңгере бастайды. Бірақ бұл кезеңдер елдегі дүрбелеңге толы шақпен тұспа-тұс келіп, енді ғана екінші курсты тәмамдаған жігітті әскер қатарына алып кетеді. Содан сұрапыл соғысқа атсалысқан Түймебай Айтбаев ерен ерлік көрсетіп, Туапсе қаласын азат етуге және Великие Луки қаласы бағытындағы шайқастарға қатысады. Жан алысып, жан беріскен, кескілескен ұрыста жеңіс үшін жаудан тайсалмай, ерен ерліктің де, еңбектің үлгісін көрсеткен азамат келесі жылы ауыр жарақат алып, елге оралады. Жаралы болып, туған жерге оралғанымен, құр жатуды құп көрмеген ол денсаулығы ептеп түзелгеннен кейін Шіркейлі ауылдық кеңесінің хатшысы болып қызмет етеді. Кейін бейбіт заман орнап, соғыс аяқталып, денсаулығы біржола қалыпқа келгеннен кейін білімін жалғастыруды ойға алады. Солай 1949 жылы педучилищенің 3-курсынан бастап қайта жалғастырып, 1950 жылы бітіріп шығады. «Кәсіби ұстаз» деген құжатын қолына алып, сол жылдан бастап ұстаздық жолды бастап кетеді.
Міне, Түймебай Айтбаевтың мұғалімдік еңбек жолына дейінгі өмірінің өзі бір адамның ғұмырындай үлкен ерлікке толы. Ал ұстаздық жолы басталғаннан кейінгі кезеңнің өзі бір мақала емес, түгел зерттеу еңбегіне жүк боларлықтай. Саналы ғұмырын салмақты іске арнаған азаматтың мұғалімдік жолы осылай басталып, 42 жыл табан аудармастан бала тәрбиелеу ісімен айналысқан. Қазіргі таңда ұстаздың есімі берілген №132 мектептен басталған ұстаздық жол осылайша тарих беттерінде қалған. Айта кетейік, ол кезде аталған мектеп Э.Тельман атында еді.
Кейіпкеріміз кейін білімін толықтыру мақсатында 1956 жылы Н.В.Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтын тарих мамандығы бойынша бітіріп, сол жылдан бастап мектептің оқу ісі жөніндегі меңгерушісі, ал 1961 жылдан бастап мектеп директоры болып тағайындалған. Әрине, көпті көрген азамат басшылық қызметті ұршықша иіріп, көргені мен білгенін, өмірлік тәжірибесін қызметіне арнай білген. 1987 жылы зейнет демалысына шыққанға дейін бір орында 26 жыл бойы директорлық қызметте болуының өзі – білікті азаматтың адал әрі елі үшін еңбек еткен жан екенін аңғартатындай. Адал еңбек қашан да үлкен марапатқа лайық. Осы ретте Сыр елінің тумасы Түймебай Айтбаевтың еңбегі аудан, облыс, тіпті республика көлемінде лайықты бағаланған.
1974 жылы есімі облыстың құрмет тақтасына ілінуі – еселі еңбектің өлшемі десек, артық айтқандық емес. «Қазақ ССР Халық ағарту ісінің үздігі», «Қазақ ССР-не еңбегі сіңген мұғалім», «КСРО халық ағарту ісінің үздігі» атақтарымен марапатталған. Сондай-ақ «Ұлы Отан соғысы» орденімен, медальдармен марапатталуы да марғасқа мұғалімнің елеулі еңбегінің еленгені еді. Т.Айтбаев кезінде республикалық дәрежедегі мұғалімдердің съезіне делегат, ауылдық кеңеске депутат болып сайланған. 2001 жылы «Өмірі үлгі-өнеге» номинациясымен «Ғасыр адамы» атағына ие болғанын да айта кету керек. Түймебай ағайдың ғаламат тірлігі ұрпаққа ұмытылмастай ұлағат болып баяндала бермек. Шәкірттерінің дені бүгінде облыстық, аудандық мәслихат депутаты, ғылым кандидаты болып, халыққа қалаулы қызмет етіп келеді. Ұлағатты ұстаздың тәлімін көрген көп шәкірттің бүгінде түрлі салада басшылық қызмет атқарып отырғаны да ауыз толтырып айтарлықтай мақтаныш. Бұның барлығы «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы», «Ұстаздан шәкірт озар» деген мәтелдерді тәпсірлеп тұрғандай.
Кезінде үлкен мінберлерде сөз сөйлеп, өзінің тәжірибесімен көпке белгілі болған ұстаз туралы талай газет-журнал жарыса жазыпты. Осындай бір газет зерттеу барысында біздің қолымызға түсті. Бұл – 1989 жылғы баспа екен. «Лениннің өмірі мен қызметі – білім мен тәрбиенің негізі» деп ұрандата тақырып қойылған көлемді мақала «№132 Э.Тельман атындағы орта мектебі тарих пәнінің мұғалімі Түймебай Айтбаевтың жұмыс тәжірибесінен» деген түсіндірмемен басылыпты. Тереңөзек аудандық халыққа білім беру бөлімінің методикалық кабинеті атынан жарияланған мақалада ұстаздың тәжірибесінен үзік бөліктер жарияланыпты. «Кабинеттік оқыту – сабақтың сапалық кепілі» деген бөлімде Түймебай ағайдың арнайы кабинет жасақтап, оқушылар үшін көрнекілік құралдарымен толықтырғаны туралы айтыпты. Онда «Оқушылардың алған білімінің берік және толық болуына оқу процесінде көрнекі құралдар қолданудың шешуші маңызына жете мән беріп, Айтбаев жолдас жергілікті жердің жағдайына сай жақсы тарих кабинетін жасады. Кабинетінде тарих, қоғамтану программаларының талабына сай көрнекі, техникалық оқу құралдары жеткілікті, олар тиісті орындарға орналастырылған. Мұғалім оқушылар көмегімен қолдан көптеген көрнекіліктер (таблица, схема, стенділер, альбомдар) жасады...» деп жазылған. Сондай-ақ мұғалімнің жасақтаған сыныптық шағын кітапхана барын және онда сабақ барысына қажетті кітаптар жинақталып, сабақ барысында қолданылып отыратыны туралы баяндалыпты. Ал директорлық қызмет атқарған жылдары Түймебай Айтбаев үш бағытта жұмыс жүргізген. Атап айтар болсақ, мектепті толық үлгірімге жеткізу бағыты, мектептің педагогикалық ұжымымен бірге мектепте оқушылардың қоғамдық пайдалы еңбегін ұйымдастыру және білім мен тәрбие беру ісінде мектеп жұмысын жаңаша құру. Міне ұзақ жыл өзі аянбай еңбек етіп, негізгі базасын қалыптастыру жолында елеулі еңбек сіңірген азаматтың атын сол мектепке беру – адал еңбекке көрсетілген лайықты құрмет болды. Ел Үкіметінің ресми шешімімен 2003 жылы №132 орта мектепке Т.Айтбаевтың есімі берілді. Бүгінгі таңда білімнің қарашаңырағына айналған, ұлылардың ізі қалған мектеп ауыл халқына қалтқысыз қызмет көрсетіп келеді.
Осы орайда, саналы ғұмырын білім саласына арнаған тұлғаның ұрпақтары туралы айтпай өтуге болмайды. Түймебай Айтбаев өмірлік жұбайы Күлзинат Нұрашқызымен бірге көзінің ағы мен қарасындай болған қос қызды өсіріп, оқытып, тоқытып, үлкен өмірге қанаттандырған. К.Нұрашқызы Н.Ілиясов ауылының тумасы, ауылдың гүлденуіне зор үлес қосқан еңбек ардагері. Ауылда әкесі Нұраш Нұркеновтің есімі берілген көше бар. Ол кісі ауылды ұйымдастыруға айрықша еңбек сіңірген, колхоз төрағасы болған. Осындай текті тұлғалардан тарайтын кейінгі ұрпақтар, яғни Т.Айтбаевтай әке жолын жалғаған қыздар білім саласын өмірлік қызмет етіп таңдаған. Айтбай Роза Түймебайқызы әке жолын жалғап, тарих ғылымына бағыт бұрған. Ол – тарих ғылымының кандидаты, елімізге белгілі доцент. 30 жылға жуық ғұмырын жоғары білім беру саласына арнаған ардақты жан. Сондай-ақ мектептердегі 6-сыныпқа арналған Дүниежүзі тарихы оқулығының авторы екенін де айта кетейік. «Білім беру саласының үздік қызметкері» атанған Роза Түймебайқызы жоғарғы оқу орындарының студенттеріне арналған «Орта ғасырлар» оқу құралының да авторы. Ал отбасының үлкен қызы Гүлжан Түймебайқызы ұзақ жыл Қызылорда облысындағы фармация саласында басшылық қызмет атқарған. Қос қыздан тараған Айжан, Бақытжан есімді немерелерден Асылым, Айсұлтан есімді шөберелер бар. Олар да іргелі әулеттің абыройын асқақтатып жүрген озат өрендер.
Осы ретте қолда бар мәліметтерге сүйеніп Т.Айтбаев пен К.Нұрашқызына адал қызмет етіп, үлкен әулеттің абырой-беделінің артуына өзіндік үлес қосқан Аманкелді Нұрашев пен Нағима Қошқарбаева есімді жақсы кісілердің еңбегін және одан тарған ұл-қыздардың да бірқауым ел болғанын айтпай өту мүмкін емес. Ауылда инженер болып қызмет еткен, бүгінде өмірден өткен Аманкелді Нұрашевтің есімін нағилықтар жақсы біледі. Ал осы әулетке келін болған Нағима апамыз тереңөзектік майдангер Құрманай Қошқарбаевтың қызы. Бүгінде елге тұтқа болған ардақты азаматтан тараған ұрпақтармен қатар әулеттің келіндері де ұстаздық жолды таңдап жемісті еңбек етіп келеді. Олардың қатарында немересі Алмаштың, шөберелері Сымбат, Гүлзат, Әмина, келіні Маржан мен Самалдың мерейлі мұғалім екенін айтып өтейік. Бауырына басқан немересі Бақытжан ҚазМУ-дың Шығыстану факультетінің «Корея және Жапония» кафедрасында ұстаздық етсе, Айжан есімді немересі Қазақ Ұлттық Педагогикалық Университетінде қызмет атқаруда. Олар текті әулеттің түлегі болғандарын әркез мақтаныш санайды.
Халқымызда «Адам еңбегімен, ұрпағымен мың жасайды» деген даналық сөз бар. Биыл туғанына 100 жыл толған Түймебай Айтбаев адал еңбегімен де, ұлағатты ұрпағымен де мың жасайтын тұлға. Біз қайраткер-тұлғаның, майдангер-ұстаздың 100 жылдығына орай қалам тербеп, тағылымды тағдыр жолын хал-қадірімізше жазып шықтық. Ең бастысы ел үшін еткен ерлік те, еңбек те ұмытылмайды, үлгі етіліп, ұлықталады. Біздің бүгінгі мақаланың ең басты түйіні де осы...
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ,
Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі