Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қыран елім – Қазақстаным

Қыран елім – Қазақстаным

Еңселі егемендік ме­ре­­кесі Республика күнін на­сихаттау мақ­са­тында ауданда түр­лі іс-шаралар ұйым­дас­тырылуда. Осын­­дай рухани әрі мә­дени сайыс­ты аудан­дық білім бө­лімі ұйымдастырды. Сайыс аудан орта­лығын­дағы №36 Ә.Тәжібаев атындағы мектеп-ли­цей­ін­де өтті.

«Қыран елім – Қазақстаным» атты аудандық мәнерлеп оқу сайысына ауданға қарасты мектептерден 34 оқушы қатысты. Шығармашылық пен поэзияға жақын оқушылар белгілі ақындардың елге, жерге арналған тақырыптағы патриоттық өлеңін жат­­қа әрі мәнерлеп оқыды. Сайысқа өз шығармашылығын ұсынған оқу­шы­лар да болды.

Кейінгі ұрпаққа егемендік мере­кесінің қадір-қасиетін сезіндіру, шы­ғар­машылық, зияткерлік қабілет­терді дамыту, патриоттық рухқа тәрбиелеу мақсатында өткен байқауға шығар­машылық саласындағы мамандар тө­­релік жасады. Оқушылардың өлең таңдауы, жаттау мен мәнерлеп оқуы, тіл тазалығы мен тілдік нормалардың сақталуы әділ қазылар тарапынан ескерілген негізгі талаптар болды. Жыр жауһарларын шабыттана оқып, тыңдарманға рухани азық сыйлаған оқушылардың бәрі мықты. Әділ қазы алқаларына кіл мықтыдан нағыз жүй­рікті анықтау оңайға соқпады. Десек те, сайыс болған соң, бірдің оза ша­уып, дара шығары анық.

Сонымен «Қыран елім – Қазақ­станым» атты аудандық мәнерлеп оқу сайысының арнайы «Алғыс хаттары» №210 мектеп оқушысы Ерасыл Жарылқасым мен №35 мектеп-лицей шәкірті Асылай Бектасқызына және №191 орта мектептің намысын қорғаған Назым Анарбайға бұ­йыр­ды. Ал жүлделі үшінші орынды ақ­жармалық Ақмаржан Нұрболат­қызы, шіркейлілік Нұрбек Ақылбек, қоғалыкөлдік Аружан Бақтиярқызы жеңіп алды. Екінші орынды №42 мектеп-лицей оқушысы Сымбат Серік­бай мен №147 орта мектептің оқу­шысы Ерназар Мәулен­ұлы ен­шіледі. Ал жүлделі бірінші орынға №36 мектеп-лицей оқушысы Зере Дастанова лайық деп танылды. Жүл­делі орын алып, марапат төрінен көрінген оқушылар аудандық білім бө­лімінің басшысы Б.Съездұлының ар­найы дипломымен марапатталды.

Сайыс соңында аудандық білім бө­лі­мінің әдіскері Қаракөз Қалжанова сөз алып, марапат иелерін құттық­тады.

– Биыл еліміз Республика күні мерекесін 13 жылдан кейін ұлттық мереке ретінде қайта атап өтуде. Мереке қарсаңында ұйымдастырылып отырған іс-шарамыз өз мақсатына жете алды деп ойлаймын. Аудан орталығы және шалғай ауыл мек­тептерінің оқушылары сайысқа бел­сенді қатысты. Байқаған­да­рың­ыз­­дай, байқауға аса қиындық туғы­затын талаптар қойылған жоқ. Оқу­шылар өз сүйікті ақынының өлеңін жаттады. Өз өлеңін ұсынған талапты оқу­шылардың да еңбегі ескерусіз қалмады. Оза шауып, байқаудың ау­дандық кезеңіне қатысып отырған­дарыңыздың өзі – жеңіс. Марапат төрінен көрінген оқушыларды құт­тық­таймын. Барлы­ғыңызға сәт­тілік тілеймін, – деді Қ.Қалжанова.

Қатысушылар «Қыран елім – Қа­зақстаным» сайысын жоғары дең­­­гей­де тәмамдап, байқау жеңім­пазда­ры естелік суретке түсті.

Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ
23 қазан 2022 ж. 408 0