Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Абырой биігіндегі азамат

Абырой биігіндегі азамат

Аманкелді ауылындағы №42 Қ.Баймағамбетов атындағы мектеп-лицейді ұзақ жыл басқарған Асылхан Дүйсебековтің есімі ауданның білім саласында құрметпен аталады. Ардақты азамат әке салған ізгі жолмен ұстаздық етіп, ардагерлік кезеңге абыроймен жетіп, биыл «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» атанды.

«Жақсы әке балаға қырық жыл азық» дегендей Асылхан Төлегенұлы әрдайым әкесін үлгі тұтып отырады. Үлкен отбасының басшысы, үйдің тірегі, қамқоршысы болған әкесі Төлеген Дүйсебеков еңбек жолын ұстаздық қызметтен бастап, ширек ғасыр бойы Айдарлы, Аманкелді совхоздарында партия ұйымының хатшысы болып елге адал қызмет етті. Ауданның ең жоғарғы атағы «Құрметті азамат» және «Құрмет белгісі» орденінің иегері атанып, ауыл халқына етене еңбек еткені үшін ел-жұрттың құрметіне бөленді. Анасы Қанима Сағидуллаева да ұстаздық жолда мұғалімдік қызметті атқарған ұстаз. Бұл үйдің балаларының дені ата-ана жолын жалғады.

Асылхан Төлегенұлы ауылдағы мектепті бітірген соң Қызылордадағы педагогикалық институттың физика-математика факультетіне оқуға түседі. Еңбек жолын туған ауылындағы мектептен бастап, мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары болды. Қызметтік жолында бірнеше мектепке ауысып, тәжірибе жинады. Ізденімпаз, талапшыл басшы 1991 жылдан бастап 26 жыл бойы №42 Қ.Баймағамбетов атындағы мектеп-лицейде директор болып қызмет етеді.

Физика пәнінің жоғарғы санатты маманы басшылық қызмет еткен жылдары мектеп талай жетістіктерге жетіп, мектеп-лицей статусын иеленді. Білікті басшы мектеп-лицей ұжымымен бірге бірнеше жыл бойы үздіктердің қатарынан көрінді. Атап айтқанда, 1996-1997 жылдары «Еңбек пен оқуда үздік шыққан мектеп», 2000-2001 жылдары «Облыстық үздік мектеп», 2001 жылы Республикалыќ «Таңдаулы ауыл мектебі» конкурсының лауреаты, 2003 жылы «Елдіктің берік тұғыры» номинациясы, 2004 жылы «Парасат пен ізгілік ордасы» номинациясы, 2000 жылы «Наурыз шапағаты» өнер фестивалінің лауреаты, 2004 жылы Ы.Алтынсарин атындағы Білім Академиясының тірек мектебі атанды. Бұл бір ғана оқу ордасының жетістіктері, ал мұғалім мен оқушылардың жеткен жетістіктері қаншама! Мұның барлығында мектеп басшылығының табанды да жемісті еңбегінің маңдай тері жатыр.

Асылхан Төлегенұлы мектеп-лицей ұстаздарына үнемі қолдау білдіріп, түрлі жарыстарға қатысуына жағдай жасады. Ізденуге, шығармашылықпен айналысуына көмегін аямады, нәтижесінде мұғалімдер көптеген байқаулардың жеңімпазы атанды. Білім бәйгесі ҰБТ бойынша 2009 жылы бітіруші 38 түлектің 32-і ҰБТ-ға қатысып, 24 түлектің мемлекеттік грант иегері атануы сол жылдары білім саласындағы үлкен жетістік болды.

– Менің осындай абыройлы жұмыс істеп зейнеткерлікке аман есен құрметпен шығуыма бірнеше кісілердің көмегі болды. Соның бірі – жұбайым Сейсенкүл Әбдиева. Көбіне мектептің жұмысын бірінші кезекке қоюым, алаңсыз жұмыс істеуім осы кісінің арқасы. Мал жинау, байлық жинау дегенді ойлаған жоқпын, оны Сейсенкүл де талап етпеді. Балаларды білімге, парасаттылыққа баулып өсірді. Отбасымыздың ұйтқысы бола білді. Екінші адам – қызметтегі ұстазым Мәді Маханов ағамыз. Ол кісі аудандық білім бөлімінің басшысы кезінде соңына ертіп, түрлі семинарларға ертіп барып, мен сияқты жас директорларды шыңдады. №42 мектеп қалаға жақын болғасын республикадан, басқа облыстан келген қонақтарды бізге әкелетін. Сонда мектептің дайындығын алдын ала өзі көріп, барлық ұсақ-түйек жұмысқа дейін қалай жасау керек екенін айтып түсіндіретін. Біз ол кісінің талғампаздық, тапқырлық қасиетіне таң қалатынбыз.

Әлі есімде 1996 жылы республикалық семинар болып, оған Білім министрінің орынбасары, бірнеше ғалымдар, облыстық білім басқармаларының басшылары келді. Біздің мектепке түскі үзілістен кейін келетін болды. Сонда Мәді ағамыз маған кіре беріске ұлттық сусындар қоюды тапсырды. Барлық сусындарды сырлы ыдыс, ұлттық қазақша ыдыстарға құйып, сусын құятын қыздардың қазақша киініп тұруын тапсырды. Бұл көрініске келген қонақтар өте риза болды. Сонымен бірге ауданда өтетін білім бөлімінің кеңесінде оқу тәрбие жұмыстарын талқылағанда тексерілген мәселені бүгі-шүгесіне дейін талдап, нақты тапсырмалар беретін. Өзімен жас шамасы қатар мектеп директорларын қатты сынға алатын. Кейін байқасақ біз сияқты жас директорларға сабақ болсын деп әдейі жасайды екен. Ол кісі нағыз «сегіз қырлы бір сырлы» кісі еді. Өзі музыкант, әрі спортшы, сөз тапқыш, керемет ұйымдастырушы бола білді. Мен Мәді ағамызды нағыз ұстаздардың ұстазы дер едім, – дейді қызмет еткен жылдары туралы Асылхан Төлегенұлы.

Ұзақ жылғы табанды еңбек өз жемісін берді. А.Дүйсебеков 1997 жылы «Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің үздігі» атанды. 2017 жылы «Қазақстан Педагогикалық Ғылымдар Академиясының мүшесі» болып сайлануы мектеп басшысының мерейін үстем етті. Ал «Қазақстан Респуб­ликасына 10 жыл» мерекелік медалі, «Ерен еңбегі үшін» медалі, «Үздік түлек» Қорқыт ата университетінің мерекелік медалі, «Ы.Алтынсарин» медалі, «Сырдария ауданына 90 жыл» мерекелік медалі өз ісінің майталманына берілген баға болды.

Ұлағатты ұстаздың шәкірті Зейнұр Жаманқұлов бүгінде Асылхан Төлегенұлының ізбасары ретінде мектеп-лицей басшылығын абыроймен атқаруда.

– Аманкелді – туған ауылым. Осында мектепке барып, ұлағатты ұстаздардан білім алдым. Сондықтан ұстаздардың есімін құрметпен, мақтанышпен айта аламын. Бүгінде ұлағатты ұстаз, білікті басшы болған Асылхан ағайдың іс-тәжірибесін лайықты жалғастыру міндетін алғаныма қуаныштымын. Басшы ретінде, ұстаз ретінде ағайдың қамқорлығын көрдік. Мектеп-лицей үшін жасаған еңбегі ұшан-теңіз. Ағай басқарған жылдары ауыл мектебі талай жетістіктерге жетті. Ұстаздардың еңбегі де лайықты бағаланды. Шәкірттеріміз биік белестерден көрінді. Енді міне, сол міндет пен талап үдесінен шығу үшін аянбай еңбек етіп келеміз. Қай кезде де жәрдемін, ақылын, кеңесін беріп тұратын Асылхан ағайға айтар алығысымыз мол. Ұстазға берілген «Құрметті азамат» атағымен шын жүректен құттықтаймыз, – дейді Зейнұр Жаманқұлов.

«Адам ұрпағымен мың жасайды» демекші Асылхан ағайдың отбасында 3 қыз, 1 ұл өсті. Олардың үлкені Венера мектепті үздік аттестатпен бітіріп, әкесінің жолымен физика пәнінің мұғалімі мамандығын алды. 1 Май, №101 мектептерде физика пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеп, Назарбаев зияткерлік мектебі ашылған жылы конкурстан өтіп, сол мектепке жұмысқа орналасты. Екінші қызы Нейла да үздік оқушы, үздік аттес­тат иегері атанды. Ол да мұғалімдік жолды таңдады. Қорқыт ата университетін технология пәні мұғалімі мамандығы бойынша бітірген. Қазір №264 мектеп-лицейінде мұғалім болып қызмет жасайды. Үшінші қызы Нұргүл «Бәріміз мұғалім бола бермейік» деп қаржы саласына оқуға түскен. Нұргүл де мектепті үздік бітірген түлек. Қорқыт ата университетінің кредит және аудит факультетінен қаржыгер мамандығын алған. Алғашында ауылда мектепте, ауруханада есепші болып жұмыс істеп, кейін облыс орталығындағы үлкен мекемелердің бірінде бас есепші болып қызмет атқарып келеді. Шаңырақтың кенже баласы Ғалымжан инженер-бағдарламашы.

– Ғалымжан 7 сыныпта оқып жүргенде мектепке алғашқы компьютер алдық. Ол кезде облыста ешқандай мектепте компьютер жоқ еді. Біздің мектеп сол жылы шетелден грант ұтқан болатын. Соған компьютер, видеокамера, музыкалық аппаратура алған болатынбыз. Осы құралдарға ол өте құмар болды. Компьютерді Ғалымжаннан басқа ешкім қоса, басқара алмайды. Кабинеттерді аралап, мұғалімдердің сабағына видеолар көрсетеді. Міне, осы қызығушылығы ұлғайып, мектеп бітірген соң сол кездегі жаңа мамандық инженер-бағдарламашы мамандығын таңдап, мамандығы бойынша Қорқыт ата университетін бітірді. Өз мамандығы бойынша облыстық қаржы басқармасында жұмыс жасады. Салаға компьютердің енуіне көп еңбек сіңірді. Есеп-қисап жұмыстарына компьютердің енді еніп жатқан кезінде, «мемлекеттік сатып алу» дегеннің алғашқы шыққан уақытында Ғалымжан оны тез меңгеріп, басқаларға үйрететіндей жағдайға жетті. Қазір «Jsoft» жеке компаниясында администратор болып қызмет жасайды, – дейді Асылхан Төлегенұлы.

Ата-анасынан тәлімді тәрбие алып, ағартушылық қызметпен айналысып, өзі де өнегелі отбасының отағасы атанған ардақты азаматты бүгінде ауыл халқы мен аудан жұртшылығы құрметтейді. Ұстаз болып жаратылған адам үшін ел ықылысынан асқан бақыт та болмас, сірә?!

Б.ТАҢАТАРҚЫЗЫ
03 қазан 2023 ж. 409 0