Сауда орталықтарындағы өрт қауіпсіздігі
Адам өміріне қауіп әкелетін тілсіз жау – өрт оқиғасының көпшілік қоғамдық орындарда орын алуы көп ретте қайғылы жағдаймен аяқталады. Сондықтан адамдар көп шоғырланатын жерде, яғни сауда объектілерінде өрт оқиғаларының алдын алу үшін өрт қауіпсіздігі талаптары туралы айтып өтуді жөн көрдік.
Сауда орталықтары үлкен қалаларда ғана емес, шағын аудандарда тіпті ауылдық жерлерде де бар. Сондықтан өрт қауіпсіздігі ережесін қатаң сақтау ең алдымен сауда орындары басшылығының міндетіне кіреді. Басшылық тарапынан өрт қауіпсіздігіне жауапты адам бұйрықпен бекітіліп, ол төтенше жағдай орын алған кезде қалай әрекет етуі керектігі жөнінде нұсқаулықты білуі міндеттеледі.
Көп ретте сауда орындарына бір мезгілде адамдар саны көп жиналатындықтан онда міндетті түрде өртке қарсы қауіпсіздік қатаң сақталуы тиіс.
Ең алдымен адамдарды сыртқа шығаруды қамтамасыз ету үшін бірнеше сыртқа шығу есіктердің болуы және ол есіктердің құлыптаулы болмауы қажет. Өрт сөндіргіш құралдарының қолжетімді, әрі көпшілікке көрінетін жерде дайын тұруы шарт. Негізінен сауда орталықтарында өрт қауіпсіздігі автоматты жүйеге қосылып, дабылды сигналдардың ақаусыз жұмыс істеуі тиіс. Сонымен қатар жыл сайын жергілікті әкімшілікпен бірлескен жоспарға сәйкес оқу-жаттығу жүргізіліп, сауда орындары қызметкерлерінің шұғыл әрекет етуі, дайындығы пысықталуы шарт.
Өрт қауіпсізідігі талаптарын сақтау тілсіз жаудан келетін қауіптің алдын алып, одан келетін материалдық және адам шығынын болдырмауға мүмкіндік береді.
Сондықтан аудандағы барлық сауда орындары төмендегі өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етудің ережесін сақтауын ескертеміз:
– Сауда залдары мен эвакуациялау жолдарында жанғыш материалдарды, қалдықтарды, орамалар мен контейнерлердi уақытша сақтауға, сонымен қатар жанғыш ыдыстарды ғимарат терезелерiнің сыртқы және ішкі жағына жапсарлас орналастыруға болмайды.
– Терезелері немесе түтiн шығарылатын шахтасы жоқ жайларда (бөлмелерде) жанғыш орамаларда жанғыш немесе жанбайтын тауарларды сақтауға болмайды. Жанғыш тауарлар мен жанғыш орамадағы тауарлар қоймалары сыртқы қабырғалардың жанында орналастырылады.
Сауда кәсiпорындарында сатып алушылар жүрген сауда залдарында отты пайдалану арқылы жүргізілетін жұмыстарды жүргiзуге, сауда залдарында ауа шарларын толтыратын немесе басқа да мақсатта жанғыш газдары бар баллондарды орнатуға, баспалдақ торлары алаңдарында, тамбурлерде және басқа да эвакуация жолдарында сауда, ойын аппараттарын, банкоматтарды, терминалдарды орналастыруға және тауарлар сатуға, эвакуация жолдарында сауда, ойын аппараттарын және құрал-жабдықтарды орналастыруға, сондай-ақ тауарлар сатуға болмайды.
Біздің ауданда жабық базарлары болмағанымен ашық алаңда сауда жасайтындардың өрт қауіпсіздігі ережесін қатаң сақтауы керек. Мәселен, сауда қатарларының жабындылары жанбайтын материалдардан жасалуы қадағаланса, сауда қатарлары арасындағы өтетін ашық жолдары матамен, қағазбен тағы да басқа жанғыш материалмен жабуға болмайды. Тағы ескере кететін жәйіт – базарларды басқа мақсаттағы ғимараттармен орналасуына жол берілмейді.
Сауда-ойын-сауық орталықтарында балаларға арналған алаңдарды цокольды немесе жертөле қабатында орналастыруға болмайды.
Өміріңізге, жақындарыңызға қауіп әкелетін тілсіз жау – өрттен сақтанудың ең негізгі жолы оны алдын алу және қауіпсіздік ережесін қатаң сақтау екенін ұмытпаңыз!
Сырдария аудандық төтенше жағдайлар бөлімі