Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Тәжірибесі толысқан бас агроном

Тәжірибесі толысқан бас агроном

Іргелі аудандағы ірі шаруашылықтардың бі­рі саналатын «Ақжарма-2» ШҚ жыл са­йын күріштен тау тұрғызып, ел ырысын еселеп келеді. Бұл істе шаруашылықтың диқандары «Баптай білгенге, жер жомарт» деп ерте көк­темнен тың жерге түрен түсіріп, дән себеді. Таңалакеуімнен кетпенін арқалап, ала жаздай маңдай термен тынымсыз еңбек етіп, Сыр дақылын күтіп баптайды. Ал егін жинау науқаны келгенде «Егінші жылда арманда» дегендей, «ырыс­ты ысырапсыз жиып-теріп, төккен тердің мерейін көрсем» дейді. Осындай еңбектің үйлестірілуі, ұйымдастырылуы әрине шаруашылықтың бас агрономына тіке­лей байланысты. Бұл істе «Ақжарма-2» ШҚ-ның бас агрономы Бекболат Байділдаев зор жауапкершілік танытып келеді.

«Шымшық сойса да қасапшы сойсын» дегендей, Сыр салысын егіп, одан мол өнім алу әркімнің қолынан келетін іс емес. Бұған да таудай талап керек. Егістік жерді игеріп, өнім алу үшін біліктілік, тәжірибе қажет. Оған жетуде талмай еңбектену керек. Сол кезде дала әнге, қырман дәнге толып, агрономның мерейі үстем бол­мақ. Осыған жету тұрғысында ақ­жармалық бас агроном 2014 жылдан бері еңбектеніп келеді.

Б.Байділдаев әуелде әке ізі­нен қалмай, егістік танапта жүрді. Әкесі Мақтабек Бердіқожаев сов­хоз техника­сын тізгіндеп, комбайнмен күріш орып, 2-3 жыл қа­тарынан чемпион болыпты. Атасы Байділдә да техника тілін жетік меңгерген жан екен. Міне, солардың ізін жал­ғаған жас аграрлық салада білім алып, агрономдықты меңгерген. Ол мектептен кейін Көкшетау қаласындағы аграрлы бизнес колледжінде білім алады. Мұнда «Өсімдік қорғау агрономы» мамандығын игерсе, араға 3 жыл салып Қорқыт ата атындағы университетте «Агроном» мамандығында оқып, білім-білігін жетілдіреді.

Университеттегі білімді дала қосындағы еңбекпен ұштастырып, тәжірибені толыстыруда Бекболатқа кәнігі мамандардың көп көмегі тиген.

– Ең алғаш еңбек жолымды осыдан 8 жыл бұрын «Ақжарма-2» ша­руа қожалығында бастадым. Марат аға Бисенов басқаратын ша­руашылықта ол кезде Жарқынбай Асылбекұлы бас агроном болды. Мен сол кісіге көмекші ретінде жұмысқа алынып, егін егу саласының қыр-сырын меңгере бастадым. Осы саладағы тәжірибемнің толысуына «Ақжарма-1» фермерлік қожалығының төрағасы Шакизамен Айтановтың да көп септігі тиді. Міне, осындай тәжірибелі мамандардың қасында жүріп, Сырдың басты дақылын егіп, күтіп-баптау ісіне ма­шықтандым. 2018 жылы шаруашылықтың бас агрономы Ж.Асылбекұлы құрметті зейнет демалысына шықты. Содан бері шаруа қожалықтың бас агрономы қызметін мен атқарып келемін, – дейді Бекболат Мақтабекұлы.

Жас та болса бас агроном егінге су жетпей жатқанда не істеу керек, күріш ауырғанда қандай шаралар жасау қажет екенін көрді. Жай­қалған атыздың арасында сабақтан дәнді айырып, оның өнімділігін бағамдады. Әйтеуір, жанашыр, тәжірибелі мамандардың жанында жүріп, Сыр дақылын егіп-жинаудың сырына қанықты. Ерте көктемнен алтын күзге егіннің агротехникалық шараларын жасап, бітік шығуына жағдай жасайды. Күрішті қоректендіру, арамшөптерімен күресіп, ты­ңайытқыштарды беру ісін бас агроном үйлестіреді.

– Күріш егу – таза еңбек. Мұнда бір жұмысты жасағанда дұрыс болмай, оны қайта жасап шығатындай мүмкіндік жоқ. Ерте көктемде жер жырту сәтінен бастап жауапкершілік жоғары. Бұл ретте, диқандарға қойылатын талап күшті. Ал егін өнімді болу үшін барлық бап-күтімі келісті болуы керек. Тыңайтқыштар уақытылы беріліп, күріш қажетті қорекпен қамтылуы тиіс. Қазақ халқы «Еңбегіне қарай өнбегі» деп бекер айтпаған ғой. «Баптай білгенге, жер жомарт» деген де бар. Сол себепті де егістік танапта тек еңбек еткеннің ғана еңсесі биік болмақ, – дейді бас агроном.

Шаруашылықтың жыл сайынғы межесі белгілі. Осы жұмыстарды ұтымды ұйымдастырып жүрген бас агроном жұмысына шаруа қожалық басшылығы тарапының ризашылығы мол және зор жауапкершілік артады. Биыл шаруашылықта 1200 гектар жерге егін егілсе, күрішіне орақ түскен сушылардың алғашқылары 72 центнердер өнім алды. Бұл – жақсы көрсеткіш.

Бекболат өзі 4 ағайынды. Анасы Ләззат Нұртаева – ауылдағы балабақшада тәрбиеші. Ал бас агроном отбасын құрып, еңбектен бақытын тауып келеді.

Иә, ел ырысы болған Сыр күрішінен мол өнім алуда агрономдардың еңбегі өлшеусіз. Олар осы егін саласының жол бастаушысы десек артық айтқандық болмас. Сондықтан осындай жауапкершілігі мол істі тиянақтылықпен атқарып жүрген Бекболат Байділдаев секілді жас мамандар ауыл шаруашылығы саласын дамытуға зор үлестерін қосып жүр.

Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ
20 қыркүйек 2022 ж. 418 0