Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Кеудесі кенен, болмысы берен

Кеудесі кенен, болмысы берен

Қазақтың «әдемі қартаю» деген сөзі қандай ғажап десеңізші. Түсінгенге оның мағынасы тереңде жатыр. Саналы ғұмырын қоғамның дамуына, оның әлеуметтік-экономикасының өсуіне қызметін арнаған жанның қарттыққа абыроймен жетуі нағыз азаматтық. Себебі мына алмағайып қоғамда жақсы мен жаман­ның қатар жүретіні секілді қасықтап жиған абыройыңды, шелектеп төгу де әп сәтте болатын дүние.

Бүгінгі біздің кейіпкеріміз тереңөзектік азамат Марат Сақтапов сегізінші онжылдықтың қақ ортасына жетсе де, ақ адал маңдай тердің арқасында ел-жұрттың құрметіне бөленіп отыр. Ардагердің осынау жасқа жетіп, адал еңбегінің арқасында талай марапат алып, оның ішінде ауданның ең жоғарғы атағы Құрметті азамат атануы сол еселі еңбектің қайтарымы.

Марат Сақтапов ағамыздың жүріс-тұрысына қарап, 85 жасты бағындырған ақсақалға ұқсатпайсыз. Кеудесі кең, тіп-тік ұстаған бойы мен көптің алдында айтатын сөзі бар тұлға туған ауданды көркейтуге атсалысып, бүгінде базарының бағында отырған жайы бар.

Осы күні ауданның келелі жиындарында, кенттің мәселесін талқыға салатын кеңесте ауылдың жанашыр азаматы ретінде алдыңғы қатарда отырып, тұрғындардың жайлы өмірі үшін өзекті мәселелерді жетесіне жеткізіп айтып отыратын қасиеті тағы бар. Барды бағалап, жақсыны жақтап, жетістікке марқая қарайтын кісілігі өзінше бөлек адамгершілік қасиет. Әрине, қазіргі қоғамдағы мәселелердің шешімі атқа қонған ер азматтардың қолында деп кесіп айтуға болмас. Мәселен, кейбір әлеуметтік жағдайлар, екі адам арасындағы келіспеушілік, отбасылық кикілжіңдер мен тентектік секілді мәселелер ауыл ақсақалдардың кеңесуімен шешіліп жатады. Міне, осындайда қоғамдық жұмыстан алшақтамай, қажет жерінде өзіндік пікірін білдіріп отыратын ақсақал турасын айтып, зиялылығын да көрсетеді.

Осынша қасиетті бойына сіңірген азамат зұлым фашизм тұтқиылдан жариялаған Ұлы Отан соғысы басталардан үш жыл бұрын өмірге келді. Бір отбасында үйілмелі-сүйілмелі балалар бір-бірін жетектеп жүріп, ержетті. Соғыстың кесірінен мектепке тоғыз жасында барып, өзі тектес балалармен бірге колхоз жұмысына қатысты. Жерге түскен дәнді, масақты теріп, қара жұмысқа бала кезінен араласты. Соғыс балаларының қайбірінің қарны тоқ болды дейсіз, бар азықты талғажау етті. Өмірдің ащы кермек дәмін бала кезден татқан ер жігіт қиындыққа мойымады. Талаптанып, алдына мақсат қойып, мектеп бітірген соң жоғарғы білім алуды, білікті маман атануды армандады. Он тоғыз жасында мектеп бітіріп, қарапайым жұмысшы болып еңбекте ысылды. Білімге деген құштарлығы мен арман-мақсаты бір арнаға түйісіп, сол жылдары ауылды дамытуға ең қажетті деген мамандық агроном болу үшін Алатаудың бөктеріндегі әсем қала Алматыға жол тартты. Қоғамдық өмірге белсенді араласып, институт қабырғасында жүріп, талай мәрте оқу орнынын намысын қорғап, спортта да жетістікке жетті. Алыстағы Сыр өңірінен келген ауыл баласы жоғарғы оқу ор­нын бітіріп, қолына дипломын алып, туған елге оралды.

– Алғашқы еңбек жолымды аудандағы тұқым инспекциясында бастадым. Одан ке­йін әрбір төрт жыл сайын қызметім ауысып отырғанын өмірдің өзі ұсынған бағы мен сыны деп қабылдадым. Содан кейінгі қызметім төрт жылдан соң ауыл шаруашылығы басқармасында болды. Басқармада маман­дығым бойынша агроном болдым. Бас агрономдық қызметті абыроймен атқарған болуым керек, сол жылдардағы ауданның басшысы болған Қ.Қаз­антаев ауданда біраз тәжірибе жи­на­­ған мені қазіргі Н.Ілиясов ауылы, бұрынғы Қазақ ССР-ның 50 жылдығы атындағы шаруашылыққа бас агроном етіп жіберді. Менің бағыма орай шаруашылыққа жаңа директор да тағайындалған кез еді. Социалистік Еңбек Ері Алдаберген Бисеновтың бай тә­жі­рибесін бойыма жи­нап, оны еңбекпен ұштастырып, шар­уашылық жұмысын алға сүйреуге атса­лыстық. Бір қызығы осы шаруашылықта да 4 жыл еңбек еттім, – дейді Марат Жаналханұлы еңбек жолын еске алып.

Білікті ауыл шаруашылығы маманы аудан бас­шылығы сеніп тапсырған жаңа қызметке – 1976 жылы Шіркейілі совхозына партия ұйымына хатшылық қызметке ауысады. Аудан тарихында Шіркейлінің де терең, бай тарихы бар екені белгілі. Қазақтың Қалтайын дүниеге әкелген, күллі мұсылман әлеміне белгілі Тапал ахун, Күдері Қожа Көшекұлы, Қара молда, Кеңес Одағының батыры Жаппасбай Нұрсейітов осы ауылдың тумалары. Міне қасиет дарыған ауылда еңбек еткен Марат Жаналханұлы 1978 жылы мемлекеттік марапат «Құрмет белгісі» орденімен наградталады. Шіркейілідегі қызметі жайында Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесіне 2 мәрте депутаты болған Бексұлу Синаева апамыз былай дейді:

– Қазақстанның халық жазушысы Қалтай Мұхамеджанов, ақын Әбіраш Жәмішов, Еңбек Ері Балдырған Мұстафаева, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты Қызкенже Пірішова, оған екі мәрте сайланған Қыдырқожа Майлықожаев, СОКП съездерінің депутаттары Жаңабай Азаматов пен Орынкүл Сүлейменова біздің ауылдың тумалары екенін әрине, мақтан тұтамыз. Олар еңбек майданында тер төгіп, ауыл шаруашылығын дамытуға тер төккен азаматтар. Міне, қарапайым диқанның еңбегін елеп ескеретін де жақсы адамдар, көреген басшылар болады. Сондай жайсаң азаматтың қатарында біздің ауылға қызметке келген Марат Сақтаповты ерекше айтар едім. Осы азаматтың арқасында менің де еңбегім ескеріліп, Жоғарғы Кеңеске депутаттыққа ұсынылып, екі мәрте депутат болдым. 18 жасымда колхозшы болып бастап, 20 жасымда күрішші болып, звено жетекшісі ретінде күріштен мол өнім алып, алдыңғы қатардан көрінуім мені осындай дәрежеге жеткізді. Ал оған себепші болған азаматтың бірі Марат Жаналханұлы. Қазір шүкір, еңбегімнің зейнетін көріп, елдің ортасында отырмын, – дейді «Еңбек даңқы» орденінің иегері Бексұлу Синаева.

Иә, «жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дегендей, орынды айтылған жылы сөз адамды жігерлендіреді емес пе? Өмірде жақсы тұлға болып, адамгершілік қасиетімен ел анасынан осынау алғыс алған азамат бұдан әрі де талай қызмет баспалдағын бағындырды. Партияның ХХІ съезі атындағы совхозында директор, аудандық «Орман шаруашылығы» мекемесінде басшы ретінде өз саласының майталманы атанды. Зейнеткерлік демалысқа шыққан соң да ел тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында «Сельхозхимия» мекемесінде жас кадрларды еңбекке үйретті.

– Ауданда бар ғұмырын еңбекке арнаған, туған жерді түлетуге атсалысып, ауыл шаруашылығын өркендетуде өзіндік қолтаңбасы қалған азаматтың бірі – Марат Сақтапов. Мәкең ондаған жыл қызу еңбектің көрігінде шыңдалды. Ауданның көптеген шаруашылығында жұмыс істеді. Бір әулеттің ер азаматтары, ағасы Мұхтар Сақтапов, өлеңнен маржан терген ақын. Ауданның бас ақыны. Сөз қадірін білетін, кейінгі ұрпаққа айтар әңгімесі көп ақсақалдың ізін басқан інісі Мәкең де ел қадірлісі. Кент ақсақалдары басын қосқан кеңесте өзінің салихалы, салмақты ойын айтып, әділдіктің орнауына барын салады. Қашан көрсеңіз де қоғамда белсенді. Ағамыздың өмір жасы ұзақ болсын, – дейді аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев.

Қырық жылға жуық еңбек өтілінде қызметте ер азаматтың жағдайын жасап, бабын тапқан сүйікті жары, марқұм Күләш апамен жақсы үлгілі отбасы болды. Өсірген ұл-қызы өнегелі отбасы иелері атанып, немере сүйгізіп отыр. Қазір немерелердің алды жоғарғы оқу орнының студенттері.

Абырой биігіндегі азаматтың аудан үшін сіңірген еңбегі әлі талай мақала болып жазылып, ұрпақтан-ұрпаққа жететін болады.

Бибісара ЖАНӘЛІ
23 қыркүйек 2023 ж. 275 0