Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұлы Жеңіс күні – мәңгілік ел жадында

Ұлы Жеңіс күні – мәңгілік ел жадында

9 мамыр Жеңіс күні — әр адамды толқытатын ерекше, аса қастерлі де айтулы күн. Жеңіс күні қанша уақыт өтсе де, қилы өзгеріс болып жатса да ұрпаққа ең ыстық мейрам болып қала береді. Бұл Жеңіс болмағанда көптеген елдер мен халықтардың тағдыры басқаша қалыптасып, Қазақстанымыз да тәуелсіз ел болмас па еді? Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс күні — соғыстан оралмай қалған жауынгерлердің рухына бас иіп, ал арамызда жүрген соғыс ардагерлеріне бұрынғыдан да құрметпен қарап, олардың жауынгерлігіне және ерліктеріне тағзым ететін күн. Біздің ата-бабаларымыз болашақ үшін соғысқан.  «Ер бақыты ел қолында, ел бақыты ерлер қолында» - деп батыр атамыз Бауыржан Момышұлы айтып кеткен. Бүгінгі күні санаулы қалған ардагерлеріміздің ерліктеріне бас иіп, құрмет көрсету бүгінгі мен келер ұрпақтың өтелмес парызымыз болып келеді.
 
Міне, сол азаматтардың қатарында сырдариялықтардың да өзіндік үлесі болған. Біздің ауданымызда да көптеген асыл азаматтар майдан далаларында нағыз ерлерше күресе білді, жеңіс күнінің жақындай түсуіне өздерінің үлестерін қосты. Аудандық архив қорының құрамында ауданның тарихына, мәдениетіне, экономикасына үлес қосып, өзіндік қолтаңбаларын қалдырған белгілі тұлғалардың құжаттары сақталуда. Солардың қатарында туған жерге жеңісті жақындатуға үлес қосқан майдангерлеріміздің атап айтсақ, бүгінгі күнде республикаға, Сыр бойына аты белгілі қоғам қайраткері, комсомол, партия ардагері, ауыл шаруашылығының білікті ұйымдастырушысы, Ұлы Отан соғысының ардагері Жаңабай Шөкенұлы Азаматовтың, Сырдария ауданының «Құрметті азаматы», Ұлы Отан соғысының, еңбек ардагері Төлеген Әбілдаұлының, Ұлы Отан соғысының және еңбек ардагері, «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» Яхия Тасыровтың, Ұлы Отан соғысының және еңбек ардагері, «Октябрь революциясы», «Ұлы Отан соғысының» ІІ дәрежелі, «Ленин»ордендерінің  иегері Бақтияр Жақыпұлының  құжаттары сақтауда тұр.

 Жаңабай Азаматов 1913 жылы 20 сәірде Тереңөзек ауданының Шіркейлі ауылында дүниеге келген. 1941-1944 жылдар аралығында еліміздің азаттығын қорғап, Ұлы Отан соғысына қатысты. 1944-1948 жылдар аралығында Сырдария, Шиелі, Жаңақорған аудандық және облыстық партия комитеттерінде жауапты қызметтер атқарды. 1950 жылы ККП Орталық Комитеті жанындағы партия мектебін бітіргеннен кейін 1955 жылға дейін Сырдария аудандық партия комитетінің екінші хатшысы, Тереңөзек аудандық тұтынушылар Одағы басқармасының төрағасы және «Аламесек» МТС-тің бастауыш партия ұйымының босатылған хатшысы қызметтерін атқарды. 1955-56 жылдары Тереңөзек ауданының «Қызылту» колхозы басқармасының төрағасы және 1966 жылдан зейнетке шыққанға дейін «Шіркейлі» кеңшарының директоры қызметін атқарды. Ж.Азаматов қай қызметте болмасын өзін білікті басшы, шебер ұйымдастырушы ретінде көрсете білді. Облыстық ауылшаруашылығын дамытуға және білікті кадрлар даярлауға көп еңбек сіңірді. Ж.Азаматов екі мәрте «Ленин» және «Октябрь революциясы», «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» ордендерімен, көптеген медальдармен марапатталды.

Төлеген Әбілдаұлы 1922 жылы Жалағаш ауданының Ақсу ауылында дүниеге келген. Сұрапыл соғыс басталғанда, 9 класс оқушысы Төлеген әскер қатарына шақырылады. Ақтөбе қаласында жасақталған 101-дербес атқыштар бригадасына алынады. Кіші лейтенант Төлеген Әбілдаұлы 118 Ельшинск және 120-Оршанск гвардиялық танк полктар құрамында соғысқа қатысып, Шығыс Германия, Чехословакия, Польша жерлерін азат етті. 1946 жылы елге оралып, бейбіт еңбекке араласты. Дербес зейнеткер. «Қызыл жұлдыз», ІІ-дәрежелі «Отан соғысы», «Құрмет белгісі» ордендері мен «Ерең еңбегі үшін», «Еңбектегі ерлігі үшін», «1941-1945 жылдарда Германияны жеңгені үшін» және басқа да медальдармен марапатталған.

Ұлы Отан соғысының ардагері Тасыров Яхия 1922 жылы Қызылорда облысы, Тереңөзек ауданының бұрыңғы Ақтүйе ауылы, қазіргі Қараөзек елді мекенінде дүниеге келген. 1941 жылдың аяғында Ташкент облысы Фрунзе аудандық әскери комиссаряатының шақыруымен әскерге алынған. Омбы қаласында алғашқы әскери дайындықтан өтіп, 1942 жылдың қазанында майданға жіберілген. Соғыс жылдарында жаудан Сталинградты, Курскті, Барановичты, Рольшаны жаудан азат етуге қатысты. Данциг портында аяғынан ауыр жараланды. Соғысты Германияда аяқтап, 1945 жылы тамыздың аяғында елге оралған. «Қызыл жұлдыз» орденімен «Ұлы Отан соғысы» І-ІІ дәрежелі орденімен, «Ерлігі үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталған.

Майдангер Бақтияр Жақыпов 1914 жылы Қараөзек болысының үшінші ауылында дүниеге келген. 12-13 жасынан бастап соғысқа дейін колхозда еңбек еткен. Стахановшы атанған. 1941 жылдың тамыз айында Тереңөзек аудандық әскери комиссариаты арқылы майданға шақырылып, Сібірде құпия әскери бөлімде қызмет етеді. Бұл бөлімді неміс басқыншылары біліп қалып, бомбалағаннан кейін жауынгерлер дереу Ленинград қаласындағы қару-жарақ зауытына ауыстырылады. Жеңіс күнін жақындатуға осы зауытта екпінді еңбек етіп, елеулі үлес қосты. 1945 жылдың қараша айында Жеңіспен елге оралады.Майдангер атамыз сонымен қатар, ІІ дәрежелі Отан соғысы орденімен, «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысының Жеңісіне 50 жыл, 60 жыл»,  «КСРО Қарулы Күштерінің 60,70 жыл» мерекелік медальдарымен, бірнеше мәрте Мақтау қағаздарымен, Алғыс хаттармен марапатталған.

Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің басқа да марапаттары, жеке басына қатысты, қызметте пайда болған марапатталуы туралы құжаттары, қор иесі туралы баспасөз беттерінде жарияланған мақалалары, суреттері «Ауданның еңбек ардагерлері» қор коллекциясының  Р-129 қорында сақтаулы тұр.  

 Соғыс ардагерлерінің артында қалдырған рухани мұраларын, ерлігін насихаттау мақсатында көрме, сабақтар өткізіліп тұрады. Себебі уақыт өтіп, ескі көнергенмен осы рухани мұраның келешек ұрпаққа берер тәлімі мол. Осы тектес басқа да маңызды құжаттарды сақтау, оны дәріптеу аудандық архив қызметкерлерінің басты міндеті.


«Қызылорда облысының мемлекеттік архиві» КММ-нің
«Сырдария аудандық архиві» филиалының
ІІ санатты архивисті  Г.
Мейрамбекқызы
09 мамыр 2023 ж. 222 0