Ескі танысымдай есім
– Әжік! – деген дауыстан кілт тоқтадым. «Әжік дей ме, ей?..». Осы отыз-қырық жылдың көлемінде мен мұндай кісі атын естімеппін. Отыз-қырық жыл деймін-ау, баяғыда «Әжік атаң…» деп басталатын әңгімеден кейін бұл есім мен үшін ұмытылған.
Ешкім қазір баласына мұндай ат қоймайды.
Еліміз тәуелсіздік алған 1991 жылдан кейінгі туған ұрпақтың өкілін есімінен жазбай танисың: Абылай, Мағжан, Шәкәрім, Әли, Наурыз, Рамазан, Тоқтар, Әйгерім, Арай, Шұғыла, Мақпал, Рауан, Райан, т.б.
Бәрі осындай болсашы! Өкпеміздің қара қазандай болатын кездері де көп. Жақсыны көрсе ұқсап бағу әркімде-ақ бар шығар, дегенмен қазақ еліктегіш деген сөз сүйегімізге сіңіп кеткен бе деймін. Енді өз арамыздағы мына есімдерге назар аударыңыз: Ананди, Ардали, Бенладен – мен қазақтан осы үш есімді де кездестірдім. Ананди – атақты «Келін» фильмінің кейіпкері, үнді актрисасы Авико Гор. Кинода әдепті болып көрінгенмен, діні бөлек, ділі бөлек оның өмірде кім екенін құдай білсін. Қазақ қызына үлгі қылуға тұра ма, жоқ па? Ал, Усама бен Ладеннің әйгілі терроршы екенін жұрттың бәрі біледі. Ислам атын жамылып, қарапайым халықтың қырғынына себепші болған адамның атын әулие көргенімізге не жорық? Ең сорақысы, Ардали атының қазаққа қалай келіп қалғанына таңғаласың. Мен баласына осылай ат қойған адамнан бұл есімнің мағынасын сұрағанымда «Ардалион деген орыс әкеммен жолдас болыпты, әкем сол есімді құрмет тұтатын, оның үстіне «ардақты» деген сөзге ұқсайды» деп жауап берді. Жақсы, әкең сыйлаған екен, сен де сыйла. Бірақ бұл проваслав есімнің мағынасы не? Оның мағынасы «лас» деген ұғымды білдіреді.
Антропонимика ғылымы адамның аты оның тағдырына әсер етеді деп болжайды. Адам есімін ауыстыру оның өміріне түбегейлі өзгеріс әкеледі деген сенім бар. Орыс әйелдерінің ерге шыққанда ататегін ауыстыратыны осыдан қалған. Бұл қисынсыз да емес. Кейбір тілдерде «тағдыр» деген сөз «ат қою» деген мағына береді-міс.
Осы тақылеттес ұғым ең әуелі Пайғамбар хадистерінде айтылған. «Перзенттеріңе көркем есім қойыңдар». «Ақыретте сендерді өз есімдеріңмен және әкелеріңнің есімімен шақырады. Жаман есімдерің болса, ауыстырыңдар» делінеді қасиетті хадистерде. Демек, жақсы есім адамның бұл дүниелік қуанышы болса, о дүниелік таразысы екен.
Енді Әжікке келейік. Сәл қисынсыздау көрінсе де, әлгі жігітке барып, есімін кім қойғанын сұрадым. Атасы қойған ат Әжімұқан екен, еркелетіп Әжік дейтін көрінеді. Қандай әдемі қазақы сөз. «Әжі» көне түркі тілінен келген, «аға» деген мағына береді. Айтпақшы, оның інісінің аты Мұқан болып шықты. Бәрекелде, атасы бұл есімді әшейін қоя салмаған, артынан інісі ерсін деп ырымдаған.
Жалпы, менің айтпағым балаларымызға көркем, қазақша есімдер қояйық. Ал қазір атынан ұлтын айыра алмайтын бір күн туды. Аталаларымыз «күн туды» деген жаман сөз дейтін, «күн шықты», «таң кірді» деп айтатын. Әйтеуір, арты жақсы болсын.
Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,
Сурет ашық дереккөзден.