Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Текті әулеттің түлегі

Текті әулеттің түлегі

Газетіміздің «Шалғайда жүрген бір түлек» айдары көпшіліктің көңілінен шыққан болатын. Осы уақыт аралығында Сырдарияның киелі топырағынан түлеп ұшқан перзенттері жайында танымдық мақалалар мен сұхбаттар оқырман назарына тұрақты түрде ұсынылып келеді. Бүгін Тереңөзектің тумасы, қазір Ақтөбе қаласындағы «Ақтөбе Гранд Строй» ЖШС-де аға шебер болып абыройлы еңбек етіп келе жатқан Досхан Сермағанбетовпен сұхбатты ұсынамыз.

– Досхан Дарханұлы, алғашқы сұ­рақ­ты туған жер, балалық шақ, білім ал­­ған мектебіңіз, ұс­таз­­дарыңыз жайында қойсақ. Балалық ша­ғың­ыз қан­дай естеліктермен есте қал­ды?

– Әрине, дүниеге адам болып келген соң туған жеріңнің топырағы мен кең пейіл адамдары қашанда ыстық болады. Қасиеті мен киесі дарыған Тереңөзектің төл перзентімін. Дүние есігін 1997 жылы 22 сәуір күні ашып, асыл әжем Ұлжанның бауырында өстім. Әжем мені «Түсімішім» деп ерке­лететін. Кішкентай болсам да бұзық болмай, ақыл айтқанды тыңдап, бәрін түсініп жүретіндіктен болсам керек осылай атайтыны. Әжем үнемі жанына тетелес бауырым Досболмен бірге алып жүретін. Бір жерге барса, қамзолының қалтасына тәттісін салып біздің аузымызға тосатын. Менің есімімді үлкен ағам Досхан деп қойыпты.  Қазақтың танымал әртісі Досхан Жолжақсыновтың есімін берсе керек. Әжем өте таза кісі болатын. Біздің де үстімізге қыл жуытпайтын. Оттың басында үлкен кісіні бәріміз жақсы көруші едік. Аудандағы №210 О.Әбілпаттаев атындағы орта мектепке барып, алғашқы ұстазым Гүлайым Әбдіомаровадан әріп танып, оқуды үйрендім. Мектеп өмірі ешқашан ұмытылмайды. Жақсылыққа ұмтылуды, жамандықтан жиренуді үйреткен сынып жетекшіміз Салтанат Сағындықоваға айтар алғысым мол. Ғылыми жобаларға қатысып, жеңімпаз болып, мектеп, ұстаз мерейі тасыған кездер керемет естеліктер. Үздік оқушы ретінде Көкшетауға лагерьге баруым ұстаздардың еңбегі. 9-сыныпты үздік аяқтап, 11-сыныпты бітірген соң М.Тынышбаев атындағы Қазақ көлік және коммуникация­­лар академиясына оқуға түстім. Алматы қаласында жоғарғы білім алу бақыты бұйырғанына қуандым. Бұл бір жағынан ата-ана үмітін ақтау болса, екіншіден, ұстаздарымыздың берген білімі мен тәрбиесінің жемісі. Осы сұхбатты пайдаланып, барша ұстаздарыма алғыс айтқым келеді.

– Мамандық таңдау – адам өміріндегі ең күрделі әрі жауапты қадам. Өзіңіз­дің таңдауыңыз теміржолдың болуы бе­кер емес екені анық ғой?

– Бұрыннан келе жатқан есті сөз бар. Яғни адам өмірде екі нәрседен қателеспеу керек. Біріншісі – жар таңдағанда, екіншісі – мамандық таңдағанда. Өмірден өз орныңды тауып, адал еңбек ету әр адамның арманы деп ойлаймын. Әрине, таңдау әртүрлі болады. Ал менің таңдауым теміржол болуы шын мәнінде бекер емес. Өздеріңіз білесіздер менің нағашы атам Ғани Сарқыншақов теміржол саласында 42 жыл еңбек еткен азамат, қазір зейнеткер. Ал атамның ағасы Әби Сарқыншақовтың есімін елімізде білмейтін жан кемде кем. Ол кісі ауданымыздың А.Тоқмағамбетов ауылында туған. Өмірден өткенше ел экономикасының күре тамыры болып саналатын теміржолда қызмет етті. Өзінің еңбекқорлығының, адам­гершілік қасиетінің арқасында жер­лестерінің мақтанышына айналды. Міне, бала кезімнен үлкен атаны көрдім. Ол кісінің айтқан әңгімелерін тыңдадым. Өзі сондай қарапайым, сыпайы, барынша әділ, мәдениетті кісі болатын. Үнемі кітап оқып жүретін. Туған жерден жырақта тұрса да жергілікті басылымнан қол үзген жоқ. Жұмыс кабинетінде үстелде «Тіршілік тынысы» газетінің жаңа нөмірлері жататын. Ата елдің жағдайынан үнемі хабардар болып, реті келсе Қызылордаға, ауылға келіп кетуге асығатын. Айналасындағы жақын жуықтарына, тіпті бейтаныс адамдарға да қол ұшын созуға даяр болатын. Менің арманымда Әби атамдай азамат болсам деген ой тұратын. Сондықтан болар қос атамның жолын қуып теміржол саласын таңдағаным. Жоғарғы оқу орнында оқып жүргенімде оқуымды жақсы оқып, атам жаман атымды естімесін деп алдыма мақсат қойдым.  Оқу орнын ойдағыдай аяқтап, қолыма диплом алдым. Көлік, көлік техникасы және технологиялары мамандығын алып, техника және технологиялар бакалавры дәрежесі берілді.

– Жоғары білімді маман атандың, алғашқы еңбек жолың қалай бас­талды? Қазіргі кезде қандай қызмет атқарып келесің?

– Қолына дипломын алған жас маманға бірден жұмысқа орналасу оңайға тимейді. Сондықтан көп жастар алған дипломдарын сандыққа салып, басқа салаға немесе бизнеске кетіп жатады. Ал мен теміржол саласында еңбек жолымды бастауға талаптандым. Ол үшін қосымша жолаушылар вагондарының жолсерігі кәсібі бойынша курс оқып, кәсіби дайындығым жайлы куәлік алдым. Бұл осы саланың қызметін атқаруыма қажет құжат. Дегенмен қызмет Ақтөбе қаласынан бұйырды. 2018 жылдан бері осы қаладағы «Ақтөбе Гранд Строй» ЖШС-де жылжымалы құрам жөндеу цехында аға шебермін. Цехта жұмысшылармен бірге вагондарды, тепловоздарды жөндеп, қатарға қосамыз. Ақтөбеде вагондарды, тепловоздарды жөндеудің бұрыннан негізі қаланған. Мұнда еліміздің түкпір түкпірінен көне вагондар әкелінеді. Цехтағы жұмыс күні-түні тоқтамайды. Қазіргі кезде теміржолда жолаушыларға қызмет көрсетіп келе жатқан вагондардың арасында біздің цехтан күрделі жөндеуден өткен вагондар баршылық. Оларды сонау алыстан танимыз, себебі вагондар мен тепловоздардың әрбір бөлшегінде біздің шеберлердің қолтаңбасы қалды.

– Қазіргі жастар өзің секілді темір­жол саласына келе бермейді. Әлде бұл дұрыс пікір емес пе? Негізінен мектеп бітірген түлектер ІТ, медицина, педагогика саласын көбірек таңдайды. Сіздің пікіріңізді білсек?

– Соңғы технология барлық салаға келді. Мейлі ол мұғалім болсын, дәрігер болсын, инженер де технологияның озық үлгісімен жұмыс жасайды. Мәселен, көлік жөндеуші де оның ақауын анықтау үшін компьютерлік диагностика жасайды. Сол секілді теміржолға да ІТ-дің келгеніне де көп уақыт болды. Өздеріңіз білесіздер қазір пойызға билетті ешкім вокзалға барып, кезекке тұрып алмайды. Барлығы дамыған, қолыңыздағы смартфонмен қалаған пойызыңызға билет аласыз. Вагондар мен тепловоздар да соңғы технологиямен жабдықталған. Ең мықты деген бағдарламашылар біздің салада да бар. Сондықтан жастардың теміржолға келмейді деген пікіріңізге қосылмаймын. Теміржолшы нағыз ер азаматқа тән мамандық. Күннің ыстығы мен суығында шойын жолда пой­ыз­дардың кідіріссіз жүруіне жұмыс жасап жүрген ер азаматтар қаншама. Қара жұмыстан қашпай, тепловоз машинисі болып, жолаушылардың діттеген жеріне аман-есен жетуіне жағдайын жасап жүрген жол­серіктердің арасында қаншама жастар бар.

– Жас та болса, күрделі мамандық иесі болып, үлкен жұмыстың басында аға шебер болып жүрген өзіңізді жерлестеріңіз мақтан етеді. Сіз үшін теміржол саласы өміріңізге қандай өзгеріс әкелді деп ойлайсыз?

– Жоғарыда айтып өткенімдей теміржол саласында еңбек ету мен үшін үлкен абырой. Қажырлы еңбек пен ізденісті талап ететін қызметте қандай да бір жетістікке жетсем, ол алдыма қойған мақсатыма жасалған қадам. Күрделі саланы меңгеру үшін әлі талай уақыт керек. Себебі теміржол – елдегі жолаушылар қатынасы мен жүк тасымалының күре тамыры десек болады. Қайта түлеп, ырысы мен несібесі молайып жатқан сала ел экономикасын жоғарылатуға, халықтың әл-ауқатын арттыруда тигізіп жатқан үлесі орасан. Осы саланың дамуына азда болса үлесімді қосып жатқаныма қуанамын. Жанымдағы аға буын ағалармен, әріптестеріммен күн сайын жетістікке жеткеніміз елге жасаған қызметіміз. Еліміздің қай түкпірінде жүрсем де туған жердің киелі топырағы желеп-жебеп жүретінін сезінемін. Мүмкін жылдар өткенде осы саланың білікті маманы атанармын, сол кезде қарапайым шебер ретінде еңбек жолымды бастағанымды мақтан ететін боламын. Теміржол мені азамат ретінде есейтті. Қиындыққа төтеп беруді, мойымауды, қолыңнан келсе аянбауды үйретті. Осынша өзгерістерді өміріме әкелген теміржол саласына өмір бойы құрметпен қарайтыным анық.

– Бала – ата-ана өмірінің жалғасы, ата-ананың тілегі – баласының жақсы адам болуы. Отбасыңыз жайында айтсаңыз?

– Ата-анам қарапайым жандар, жастайынан бас қосқан ата-анамның тұңғышымын. Әзірге бойдақпын. Соңымнан ерген жалғыз қарындасым Минуара бар. Минуара жетінші сыныпта оқиды, анамның жанында жүріп, үй тірлігіне қолғабыс етеді. Анам Нұргүл қол­дау­шым, тілекшім. «Анаңды үш рет Меккеге арқалап апарсаң да, қарызыңнан құтылмайсың» деген даналық сөз бар. Қолымнан келгенше анама, оның жағдайын жасауға тырысамын. Бауырларыма, қарын­дасыма қамқор болу – ағалық парызым.

– Рақмет, Досхан, әрдайым арман-мақсатыңызға жете беруіңізге тілектеспіз!

Сұхбаттасқан Бибісара ЖАНӘЛІ
30 тамыз 2023 ж. 582 0