Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Адал еңбекті ту еткен ардақты ана

Адал еңбекті ту еткен ардақты ана

Қай кезде де қарапайым­ды­лық қалпынан таймайтын те­рең­өзектік Алтыншаш Омарова көп балалы аналар қа­тарында. Жай­дарлы мі­незімен айналасына ме­­йі­рім шуағын тө­гетін ар­­­дақ­ты жан­ның шаңы­рағына бар­­ғаны­мызда ол бақ­ша ішін­де гүлдерін бап­тап жүр екен. Үне­­мі ел үшін еткен ең­бегін дау­­ламайтын оның бойында із­­гілік­ті қа­­сиет­ті көрген едік. Бас ре­дактордың тапсырмасы не­гізінде нағыз ша­­руа­да шы­нығып, залалсыз­дандыру саласында шыңдалған Алтыншаш Қуанышқызы жөнін­де кеңінен ой өрбіту үшін қолымызға қалам алдық.

Негізінен, Алтыншаш Омарова осыдан 67 жыл бұрын Тереңөзек кентінде дүниеге келген. Әкесі – Қуаныш пен анасы – Зейнекүл 8 перзентті өмірге әкеліп, өсіріп жеткізген. Сол кездегі №36 А.Жданов атындағы орта мектептен білім алған кейіпкеріміз сан түрлі салада қызмет ете білген. Талай қиыншылық пен ауыртпалықты еңсере білген отбасында бойжеткен Алтыншаш апай осыдан 42 жыл бұрын аймақта жұқпалы індеттің өршуіне байланыс­ты құрылған аудандық залалсыздандыру мекемесінде қызмет атқарады. Тегеурінді басшы Зұрқарнай Бодықов басқаратын мекемеде 40-қа жуық нәзік жандымен бірге жүріп, залалсыздандырушы маман­дығын меңгереді.

– Мен аудандық залалсыздандыру меке­месінде 15 жыл еңбек еттім. Біздің меке­меміз Абай Құнанбайұлы көшесінің бойында ор­на­ласқан ескі аурухананың ішінде болды. Таң­ертеңнен бастау алатын жұмыс барысында ауру ошағына баруға міндеттіміз. Үй-жайларды, қора-қопсыны залалсыздандыруды жүзеге асырамыз. Барлық жұмыс қолмен жасалатындықтан, у­­­­лы сұйықтықты әзірлеу үшін асқан жауап­кершілік керек болатын. Басшымыз Зұлқарнай Бодықов пен оның орынбасары Жанұзақ Бекжүнісов білмесімізді үйретті. Шыбын-шіркей, құмырсқа, шаян секілді жәндіктерді улауда бір­шама ауыртпалықты сезіндік. Бір жағы­нан әйел затына аталған қызмет түрі оңай соқпасы анық, – дейді ардақты ана.

Кейіннен, аудандық залалсыздандыру мекемесі жұмысын тоқтатып, аяулы ана зейнет демалысына шыққан. Әрине, күні бойы химиялық улы заттарды қолдану денсаулыққа кері әсерін тигізеді. Келер жылы отасқандарына 50 жыл болатын ерлі-зайыпты Сәрсенбай Ахметов пен Алтыншаш Омарова 2 ұл, 2 қызды тәрбиелеп өсірген. Қазіргі уақытта олардың балалары сан түрлі мамандық бойынша еңбек етуде. Мәселен, үлкен қызы Бақыт Қызылорда облысының тері-венерология диспансерiнде зертханашы, кіші қызы Бақнұр көп бейінді облыстық ауруханасында медбике болып жұ­мыс жасайды. Сонымен бірге ұлдың үлкені Ғалымжан Камаз жүк көлігін тізгіндесе, інісі Бауыржан мал шаруашылығымен айналысады. Қазіргі уақытта берекелі отбасы арнайы фазенда ашып, төрт түліктің басын көбей­туде.

– Жолдасым – Сәрсенбай Ахметов жол жөндеу саласынан зейнет демалысына шық­ты. Осы күні отбасылық кәсіп саналатын мал шаруашылығына бас-көз болып отыр. Бос уақытымда күбі пісіп, сары май аламын. Құрт жасаймын. Үйімізден ағарған үзілмейді. Ертеректен келе жатқан ата кәсіпті жандандырып, күнкөріс қамын жасап келеміз. Жаз мезгілінде бақшаға гүл еккенді жақсы көремін. Аулада жайқалып гүл өсіп тұрғаны адамға ерекше көңіл-күй сыйлайды. Бұл ретте, еңбекпен есеюдің жолын білетін біздер қара жұмыстан, мал бағудан қашқан емеспіз. Алдағы уақытта немерелеріміз лайық­ты орындарын тауып, елдің құрметтісі болғанын қалаймыз. Қашанда «Адам өмірі – қамшының сабындай ғана қысқа екен, досы көп және ұлағатты ұрпақ тәрбилеген ұтады екен» деген Қорқыт атаның нақыл сөзін әрбір адам естен шығармағаны абзал, – деді Алтыншаш Қуанышқызы.

Өз кезегінде Алтыншаш Омаровамен талай жыл көрші болған Ақкенже Атабаева жайдарлы жан жөнінде ізгі лебізін жеткізді.

– Қазақта «Алыстағы ағайыннан, жаныңдағы көрші артық» деген тәмсіл бар. Алтыншаш екеуміз бірнеше жылдан бері көрші болып, емен-жақын араласып келеміз. Қос отбасындағы жақсылықты бөлісіп, қиындықта болысып қатар тату-тәтті өмір сүріп жатқан жайымыз бар. Кезінде залалсыздарндыру саласында қажырлы еңбек еткен замандасым қай кезде де жайдарлы қалпынан таймайды. Қарапайым мінезінен айнымайды. Төрт перзентін жеткізіп, Сәкеңнің бабын тауып, үй-жайын гүлдендіріп отыр. Биязы қалпынан таймайтын аяулы жан, бесаспап отанасының деніне саулық тілейміз, – дейді Ақкенже Атабаева.
Қашан көрсең де, айналасына болыса жүретін, кең пейіл, ақжарқын жүзді ананың ғұмыры ұзақ болсын дейміз.

Балтабай ОРДАБЕКОВ
22 тамыз 2023 ж. 195 0