Кемеңгердің мәңгі өшпейтін мұрасы

Ауданға қарасты елді мекендерден келген көркемсөз оқу шеберлері алғашқы кезеңде хәкімнің өлең-жырларынан үзінді оқыды. Адам өмірімен ұштасып жатқан терең мағыналы кемеңгер шығармалары баға жетпес ғибрат іспетті. Тағылымды іс-шараның мазмұнын аша түскен ұлы ақынның рухани еңбегі жастардың өрісін кеңейтпек. Екінші кезеңде барлық талапкер жазушы Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романындағы кемеңгердің образын аша түсті.
– Қазақтың данышпаны Абай Құнанбайұлы әр дәуірдің шындығы мен шынайы көрінісін жан-жақты жырлай білді. Байқау барысында көркемсөз оқу шеберлері ұлы ақынның мән-мағынасы зор еңбектерін нақыша келтіріп оқығаны қуантты. «Кіл жүйріктен кім жүйрік?» деген сөз бар. Нағыз талант иелері өз өнерімен ерекшеленді деп білеміз. Оның ішінде, тіл мәртебесін көтеру мен, ұлттық этикетті сақтауға өнерпаздар барын салғаны көрініп тұр, – деді халықаралық «Қазақ тілі» қоғамдық бірлестігінің аудандық филиалының төрағасы Шаһарбек Нұрсейітов.
Байқау нәтижесінде, бас жүлдені шіркейлілік Г.Әбутәліпова, І орынды аманкелділік К.Сержанқызы, ІІ орынды сәкендік Н.Асылбекқызы, ІІІ орынды ақжармалық Г.Тоғжан және шағандық С.Айтмағанбетова иеленді. Іс-шара соңында жеңімпаз бен жүлдегерлерге арнайы диплом мен бағалы сыйлық табысталды.
Балтабай ОРДАБЕКОВ