Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Айдарлының ардақты азаматы

Айдарлының ардақты азаматы

Айдарлы ауылының қойнауынан талай игі жақсылар түлеп ұшқаны көпшілікке аян. Қасиеті мол, киелі топырақтың қадірін ұғынған Көзейбай Оспанов осыдан 20 жыл бұрын келместің кемесіне мініп кете барды. Бұл ретте, Ғ.Жанұзақов атындағы Айдарлық ауылдық клубы «Сағым жылдар сағынышы» атты кеш өткізді.

Ер болып туған азаматтың есімін ұлықтау қай кезде де, елдегі ағайынның құзіретінде. Қазақта «Орнында бар оңалар» деген сөз бекер айтылмаса керек-ті. Кеш шымылдығын түрген «Өмір өзен» атты көлеңке театрының қойылымы арқылы Көзейбай Оспановтың өмірінің соңына дейінгі барлық кезеңі жиналған қауым назарына ұсынылды. Бәйтеректей жайқалған қазыналы отбасының отанасы асылының ізінен ерген ұрпақтарын сахна төріне алып шықты. Осылайша, ізгілік нұрға бөленген кештің мәнін қазақ биімен «Нұрай» би тобының өнерпаздары көркемдей түсті. Өз кезегінде ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әлімхан Баһадүров, қоғамдық төрағасы Қожахмет Сүйіндіков сөз сөйлеп, кеш кейіпкері жөнінде есті естеліктерімен бөлісті.

– Өмірден жалындап өткен жерлесіміз Көзейбай Оспанов жөнінде көп дүние айтуға болады. Оның қайталанбас тұлғасы әлі есімізде. Арада 20 жыл өтсе де, арда азаматттың елге жасаған қызметі өлшеусіз. Ол – №139 орта мектепті 1975 жылы тәмамдағаннан кейін, комсомол жастар бригадасында еңбек ете білген. Екі жыл туған ауылының тыныс-тіршілігіне етене араласып, аға буын өкілдерінен тәжірибе жинақтаған жалынды жас қызмет етіп жүріп, оқу оқуды армандаған. Сол арманына 1977 жылы қол жеткізіп, Жамбыл гидромелиорация-құрылыс инс­титутының Қызылордағы филиалына оқуға түседі. Инс­титутта «Гидромелиоративтік жұмыстарды механикаландыру» мамандығы бойынша білім алады. Оқуды сәтті тәмдағаннан кейін өзі туып-өскен Айдарлы ауылына механизатар болып жұмысқа орналасқан азамат кейіннен Айдарлы совхозы бастауыш комсомол ұйымының хатшысы, бас инженер, машина жөндеу шеберханасының меңгерушісі, Айдарлы өндірістік коперативінің шеберхана меңгерушісі қызметтерін абыроймен атқарады. Негізінен, Көзейбай мәдени-тынығу жұмыстарын ұтымды ұйымдастыра білді, – деді ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әлімхан Баһадүров.

Өткен күндер желісін жиналған қауымға еске түсірген кеште Көзейбай Оспанов жайында «Дүние жалған», «Менің досым» секілді бейнебаян көрсетілді. Сонымен бірге тектінің тұяғы Көзейбайдың асыл жары Рахия Әбдікәрімова «Сағыныш хаты» монологын орындады.

– Көзейбай, сен мені естимісің? Сен кеткелі 7300 күнде жалғыз өткізген әрбір сәтімнің өтеуін кімнен сұраймын. «Өмір бойы бақытты етемін» деген сертіңді біле тұра, тағдырдың жазуына көндіктім ғой. Асыл ерім, қарт анаңды қиып кете барғанда кемсеңдеп жылаған әзиз жүректің бейнесі әлі есімде. Шын ұққаным ана үшін ең ауыр дерт баласына деген сағынышы екен. Үнемі төргі бөлмеден сені кіріп келердей есікке қарап отыратын ардақты ана бірте-бірте жадынан айырыла бастады. Тәңірден келген тосын дүние отбасымызды есеңгіретті. Амалымыз бар ма? Апармаған жерім, баспаған қыратым қалмады. Баласына аңсары ауған ананың дертіне шипа боларлық ем қонбады. Сағыныштың сары уайымы ақырында асыл ананы мәңгілік мекеніне аттандырды. Мүмкін сол баяғы байсалды қалпыңмен анаңды қарсы алған шығарсың. Некелі жарыма берген уәдемді жұтпай, ақ жаулықты ананы аялап бақтым деп ойлаймын. Еңбегімді халық бағалай жатар, – деген алты перзенттің анасы Рахия Әбдікәрімова ер азаматымен барынша сырласты.

Кеш барысында ардақты жандар Қалдыбек Айтбаев, Жарылқасын Камалов, Қуаныш Сабыров, асыл ана Қуаныш Балғадирова бейнекөрініс арқылы Көзейбай Бектайұлы туралы ерекше әңгіме өрбітті. Талай жыл қатар жүріп, замандас бола білген Қожахмет Мырзаев әннен шашу шашты. Сондай-ақ әулетте өзіндік орны бар ақылман аға жөнінде буырлары танымы бөлек әңгіме айтса, перзенттері атынан Орынбай Оспан әкесінің рухына арнап өлең оқыды. Немерісі – Дәулет күмбірлеті күй төкті. Ал Сұлтанбай Көзейбайұлы жиналған қауымға жылы лебізін білдірді. Ән айтып, би биленген кешті аудандық мәслихат депутаты Анар Қалдыбаева қорытындылады.

– Қай заманда болмасын ауылды түлетуде атқа қонған азаматтардың атқарар қызметі зор. Кімнің болмасын, туған жерге адалынан еңбек етуі, құлдыраған ауылды аяққа тұрғызуға үлес қосу негізгі міндеті саналады. Тағылымды кештің басты кейіпкерінің досқа деген адалдығы ерекше болатын. Жүрегі кең пейіл азамат бала кезінен келе жатқан достарынан қолдағы барын аямайтын. Талай жақсылық пен жамандықта жиыла қалатын асыл достары жақын жанның араларынан ерте кеткеніне қапаланатыны рас. Біз бүгінгі кешті ұйымдастыра отырып, Көзейбай Оспановтың есімін қайта жаңғырту – басты мақсатымыз болды, – деді Анар Қалдыбаева.

Қызметті адал атқарып, адал еңбегімен әріп­тестерінің құрметіне бөленген азамат отбасында да ардақты жар, мейірбан әке бола білді. Ол – 1980 жылы Рахия Әлайдарқызымен шаңырақ көтеріп, өмірге Сұлтанбай, Орынбай, Майра, Абай, Бағила және Рәбиға есімді ұл-қыз әкеліп, оларды бағып-қағып өсірді.


Балтабай ОРДАБЕКОВ
15 тамыз 2023 ж. 187 0