Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Адал еңбекті ту еткен

Адал еңбекті ту еткен

«Таулар алыстаған сайын биіктей түседі» деген қуатты сөзді мақаламызға кіріспе етуді жөн санадық. Терең білім, берік ұстаным, іскерлік қабілет, қарапайымдылық пен үлкен азаматтық қасиеттер бір бойынан табылған Бейбіт Жахайұлы туралы қалам тербегенде, жадымызға тек жақсы естеліктер оралды. Бұл заңдылық та еді...

Қай жерде болмасын беделге ие болып, халықты жарықпен қамтамасыз ету саласында елеулі еңбек еткен азаматтың дүниеге келуі сұрапыл жылдармен тұспа-тұс келген. 1944 жылдың ақпан айында туған Бейбіт Әбдіреев – Қызылорда қаласының тумасы. Елдегі ахуал бір ретке түсіп, ел тұрмысы қайта қалпына келе бастаған кезде кейіпкеріміз білім жолын бастаған. Облыстағы Коммунизм колхо­зындағы білім ошағынан әріп танып, осы мектепті 1960 жылы бітіріп шыққан. Одан кейін Алматы қаласына арман қуып, ілім іздеп аттанып, Политехникалық институтта білім алған. Жоғары оқу орнында энергетик мамандығын игеріп, үздік дипломды қолға алған соң, алғашқы еңбек жолын Шардара қаласындағы су электр станциясында инженер болып бастаған. Кейін тәжірибесін толықтырып, туған жерге қайта оралған азамат үш жылдай уақыт Қызылорда қала­сындағы КОПЭС мекемесінде энергетик болып жұмыс істеген. Одан кейін Жалағаш ауданында бас инженер, сосын Тереңөзек кентінде электросвет, «Сельхозэнерго», «Тереңөзек газ тарату» мекемелерінде басшылық қызметті абыроймен атқарған. 2000 жылдардан бастап «Байқоңырэнерго» мекемесінде энергетик болып қызмет етеді. Осы мекемеден зейнет демалысына шыққан Бейбіт 2009 жылға дейін халыққа сапалы қызмет көрсету жолында аянбай еңбек етті. Аптал азамат қай салада еңбек етсе де қарапайымдылығымен ерекшелене білді. Білімді, адал, ешкімді жатсынбайтын, ренжітпейтін адам қай жұмыста болсын абыройлы болатыны сөзсіз.

1972 жылы өмірлік жары Раушан Мәті­баевамен шаңырақ көтеріп, отау тікті. Бейбітпен таныстығымыз осы жылдары басталған еді. Біз отбасылық достар бол­дық. Сыйласып, араласып, қиын сәтте бір-бірімізге қолдау болып, қуанышымызды ортақ бөлістік. «Ашаршылықта жеген құй­қа­ның дәмі ауыздан кетпейді» деген бар. Кейін аудан алқабы үлкейіп, ірі шаруа­шы­лықтар нығайған жылдары электр қуатының қажеттілігі артты. Сол жылдары ауданға білікті, тәжірибелі маман қажет болды. Осындай абыройлы әрі жауапты қызметке лайықты азамат таңдалып, Бейбіт Әбдіреев «РЭС» электр жүйесі басшысы болып тағайындалды. Тереңөзекте аудандық электросвет басшысы болып қызметке кіріскен жас маман жас та болса бас болып, алғашқы күннен бастап кадрлық мәселелерді шешуге білек сыбана кірісті. Кентте жаңа екі этажды кеңсе қолданысқа беріліп, техникалық база мен құрал-жабдық мәселесі де шешім тапты. Бейбіт білікті маман ретінде көзге түсіп, электр желілерін жаңарту, қауіпсіздік сияқты мәселелердің шешім табуына көп үлес қосты. Әсіресе ірі күріш шаруашылықтары науқан кезінде электр қуатын көп тұтынатын еді. Әр саладағы сұранысты ескере отырып сапалы жұмыс жүргізді.

Ақ жүректі азамат ауданға қарасты біраз ауылға электр бағанасын орнатып берген еді. Солардың көбі әлі күнге халыққа қалтқысыз қызмет етіп келеді. Бейбіттің атқарған үлкен еңбегінің бірі Сәкен Сейфуллин ауылындағы малшылар қыстағына 24 шақырым жерден электр желісін тарт­қызып беруі. Мен сол уақытта совхозда жұмыс жасайтынмын. Ауданға бөлінген қа­ра­жатты ұтымды игеріп, алыс ауылға жарық қосуға барын салды. Күздегі егін жинау науқанында жүздеген адам жататын дала қосы, қыста малшыларға қыстақ болатын ауыл тұрғындарының жарыққа қол жет­кізіп, қуанғандарын көрсеңіз. Бұл үлкен жү­ректі, адал еңбек еткен азаматтың қызмет бабында атқарған игі істерінің бір үлгісі ғана.

Біз Бейбітпен жұмыс бабында жолдас болып, отбасылы болған соң да араласып, өмірінің соңына дейін сыйлас бауырдай болдық. Сыйластық ұрпақтар жал­ғастығымен керемет үйлесім тауып, әлі де ортамыз үзілген емес. «Әкең өлсе де, әкеңнің көзін көрген өлмесін» деген. Айналасына ұдайы жақсылық жасап, кейінгіге үлгі-өнеге боларлықтай ғұмыр кешкен аза­маттың балаларымен араласып тұрамыз. Көңілі кең, жаны жайсаң азаматтың шағын ғана баспанасынан қонақ арылмайтын еді. Жары Раушан да көпшіл, әдемі әңгімесін айтып отыратын жан. Өмірлік зайыбы екеуі екі ұл, бір қызды өсіріп, тәрбиеледі. Қызды қияға, ұлды ұяға қондырып, үлкен өмірге қанаттандырды.

«Әке көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» демей ме?! Бейбіт пен Раушандай ата-ананың тәрбиесін көрген ұл мен қыз өмірден өз орындарын тапты. Үлкен ұлы Бауыржан да, оның келіншегі де денсаулық сақтау саласының білікті маман­дары. Қызы Майра болса аудандағы өрт сөндіру саласында елеулі еңбек етіп келеді. Кішісі Саттар мемлекеттік қызмет саласында ұзақ жыл қызмет етіп, жақында ауылдық оркуг әкімі болып жаңа қызметін бастады. Қай салада болмасын әкеден алған тәрбие мен анадан алған өнегесі балаларын жерге қаратқан емес. Бүгінде бір-бір шаңырақтың егесіне айналған жандар ұрпақтарын үлгілі іске үйретіп келеді. Ал Раушан – аудандық кітапханада еңбек етіп, құрметті зейнет демалысына шыққан ардагер ана.

Үлкенге ізетті іні, кішіге арқасүйер аға болған, айналасына нұрын шашып, ешкім­нен жақысылығын аямаған арда азаматтың арамыздан ұзағанына бір жыл уақыт өтіпті. Адам баласына қатты сөйлеп, ренжіту дегенді білмейтін жан еді. Құдай басқа салса, көнбеске амал жоқ, азапты аурудың тауқыметін талай жыл тартты. Быр жыл бұрын бұл өмірді тірілерге аманат етті де, мәңгілік мекеніне аттанды. Иә, «Орнында бар оңалар» деген. Аяулы дос, сыйлас азаматқа жайың Жұмақтан болсын деп дұға етеміз. Ұрпағыңмен мың жасап, артыңда қалған жанашыр жақының барда атың еш ұмытылмайды дегім келеді.

Нұрпейіс Сағиұлы,
Сырдария ауданының
Құрметті азаматы

14 ақпан 2023 ж. 177 0