Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ғылым дамымай, ел өркендемейді

Ғылым дамымай, ел өркендемейді

Ғылымы мен білімі жан-жақты дамыған мем­лекет әлемдік бә­секеде де, қай тұста бол­масын есесін жібер­мейді. Ғылымға тура жол ал­ған, білімге ба­ғыт­талған ұрпағы бар ел­дің қашан да бәсі биік. Ал әлемдік аренада биік мінберлерді ба­­ғындырудың негі­зі ғы­лым саласы біз­дің елде қан­ша­­лықты дамыған? Жас­­тардың зерттеу жұ­мыс­тарын жүргізуге қы­зығушылығы қан­дай? Оған мемлекет ла­йықты қолдау көр­сетіп отыр ма? Осы жайды саралап көрмекпіз.

ҒЫЛЫМ – ДАМУДЫҢ БАСТЫ КІЛТІ

Белгілі бір тақырыпты таңдап, ол туралы індете зерттеу, бір ізге тү­сіп ғылымның жаңа қыры мен сы­рын ашу қызықты. Бірақ, ол да адамның жеке қасиеттері мен қы­зығушылығына тікелей байланған дү­ние. Елімізде ғылым мен білім саласы дамымаған деуден аулақпыз. Ға­лымдар түрлі жаңалықтармен әлем­ді таң қылмаса да, ел эконо­микасын біршама алға сүйреп отыр­ғанын айтып өткен орынды. Әрі-бері­ден соң дана халқымыз көне заман­нан әр істің ретін, ебін жақсы біл­ген. Ғылым мен техника дамымай тұрып-ақ жасап шығарған, ойлап тапқан дүниелерін тізбектеп отыр­сақ, таң қалмасқа амал болмайды.

Еліміз етек-жеңін жинап, тәуел­сіздікке қол жеткізгелі бері әлемдік рейтингте бәсекеге қа­бі­летті болуға ұдайы ұмтылуда. Қа­зақта ғылым кейін ғана пайда болған жоқ. Қазақ ғылымы сонау ғасырлар қойнауынан өріс алады. Өнертапқыштар халқымызда бұ­рыннан болған. Әйтпесе, бірнеше тас­па қайыстан көмкеріп қамшы өріп, ішек пен ағаштан түрлі аспаптар жасап, бүгінгі күнге ұмтылмас мұ­ра қалдырмаған болар еді. Қанша ға­сыр бұрын зәулім-зәулім кесенелер мен күмбездер орнатып, күн­нің түсу бағыты негізінде жылынуды қамтамасыз ететін сәулет өне­рінің ірі жетістіктері – моншалар құ­рылысын ой­лап, іске асырғаны тарихтан бел­гілі болса, ғылым мен өнер­табыс ХХ ғасырда пайда бола қал­ды деп қалай нүкте қоямыз?! Дом­быра мен қобыздың, сыбызғы мен сазсыр­найдың әуелеген үні құ­лақтың құрышын қандырғанда, «пах, шіркін, нағыз физика, нағыз акус­тика, нағыз өнертабыс деген осы екен-ау» деген ойға қаласыз.

Ал, ХХІ ғасыр – ғылым мен тех­ни­каның дамыған дәуірі. Адам­зат­тың өмір сүру дағдысы ауырдан жеңілге ойысқан сайын, адам бір ғана түймешік арқылы бүкіл әлем­­ді басқарғысы келеді. Адам ар­ман­дайды. Адамның қолынан бәрі ке­­леді.Ұшатын кілем болса, ай­шы­лық жерден жылдам хабар алсам дейді. Ақырында, ұшақтың да, ұя­лы байланыстың да сан түрін ойлап табады. Жарықты қосасыз ба, теле­дидарды басқа арнаға бұрасыз ба, қиындығы жоқ. Тіпті, орныңызда отырып басқара беріңіз. Пультті өзіңізбен алуды ұмытпасаңыз бол­ғаны.

Бұның бәрі ғылым мен білімнің да­мығандығының нәтижесі. Отан­дық ғылым мен өндірісті сөз ететін болсақ, салыстырмалы түрде даму деңгейіміз төмен. Үй­ің­іздегі теледидарыңыз атақты LG компаниясыныкі болса, компа­ния Оңтүстік Кореяға тиесілі. Қо­лыңыздағы смартфоныңыздың сыртында тістелген алманың суреті бей­неленсе, ол АҚШ-қа тиесілі. Көлігіңіздің құжатында «Hyundai» деген жазу болса, ол да кәрістердің өнертабысы.

ҒЫЛЫМҒА ҚЫЗЫҒУШЫЛЫҚ ҚАНДАЙ?

Ал енді мәселеге ойысайық. Неге біздің елде ғылымның даму деңгейі өзге елдермен салыстырғанда төменірек?

Отандық ғылымды дамыту мақсатында шаралар, конкурстар қабылданып жатқа­нымен, ғылым саласы біршама ақсап тұр­ғаны мәлім. Қазақстан халқының сауат­тылық және құзыреттілік деңгейін баға­лау әлемнің көптеген елдерінен елеулі артта қалған. Экономикалық ынты­мақтастық пен даму ұйымының 16-65 жас аралығындағы ересектердің құзыреттілігін халықаралық бағалау бағдарламасының нәтижелеріне сүй­енсек, Қазақстан оқу бойынша 34-орынды, ма­те­­матикалық сауаттылықтан (39 ел­­дің ішінен) 33-орынды және ақпарат­тық­-коммуникативтік технологиялар са­ла­­­­­­­­­сын­­­­­дағы сауаттылық бойынша (36 ел­­­дің ішінен) 32-орынды иеленген. Қазақ­станның нәтижелері ЭЫ­ДҰ-ға қа­ты­сушы ел­дердің және Ресей Федера­ция­сының орташа көр­сет­кішінен (оқу бой­ынша 9-орын және мате­матикалық сауат­тылық бойынша 15-орын) әлдеқайда төмен. Бұл осыдан бірнеше жыл бұрынғы дерек. Егер бұл ахуал өзгермесе, ұлт­тық адами капитал нашарлап, кәсіби кадр­­лардың азаюы және еліміздің эко­но­ми­калық әлеуетінің әлсіреуі орын алуы мүмкін.

Бұл сараптаманы жазып, тақырыпқа ар­­қау етуімізге еліміздегі ең іргелі оқу орда­ларының докторантура бөлі­міне бөлінген орындардың игерілмей жат­қанын хабарлап, дабыл қағуы себепкер болды. Яғни магистратура бөлімін тәмамдағаннан кейін ғылымға ден қоямын деген адам одан әрі докторантура бөлімін оқып, докторлық диссертация қорғап, ғылым әлеміне «ғылым докторы» атағымен енеді. Десек те, белгілі университеттің биыл­­­ғы көрсеткіші бо­йын­ша докторантура бөліміне бөлінген орын­дардың әзірге тек тең жартысы ғана игерілгенін есепке алсақ, бұл расында да да­был қағарлық жағдай.

Бұрындары жоғарғы білімнен кейінгі және докторантура бөліміне орындар аз бөліне­тін еді. Онның бірі ғана бұл бөлімді оқып, ғылыми атақ алатын. Қазақстан Республикасы Үкіметі 2019 жылдың жел­тоқсанында Қазақстан Респуб­ликасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын қабылдады. Соған сәйкес грант­тар, жалпы белгіленген орындар саны бірнеше есеге артты. Бұл әрине жақсы. Көп жастың құр арман қумай, оқуға түсіп, білім алуына мүмкіндік те зор дегенді білдіреді. Бірақ жастардың ғылымға қызығушылығы төмендеп бара жатқандай.

Керек десеңіз, қазір зерттеу жұмысын ақыға жазып беру қызметін көрсететін «ғалымдар» да бар. Ондай нәрсе бұрыннан болған негізі. Яғни жоғарғы оқу орнын бітіруші түлекке қорғауы тиіс диплом яки диссертациялық жұмысты ақыға зерттеп, жазып береді, ал студент комиссия көзінше қорғап шықса, тиісті бағасын алып, қолына дипломын ұстаса, болды. Әрі қарай ғылым қайда, зерттеу кімге керек? Ешкімге маңызды емес. Жұмысбасты яки отбасылы жандар мен зерттеу жүргізуге құлқы не қызығушылығы жоқ студенттер «дип­лом жазушыға» жүгініп, тиісінше қажет көлемдегі зерттеу жұмысын жазғызып алады. Кейбірде студент бақылау комис­сия­сының алдына барғанда не туралы жазып келгенін білмейтін жайттар да кездескен. Ғылым іздеу үшін, білім қуу үшін оқуға түс­кен соң, сол жолға адал болу абзал. Бірақ бүгінгі таңда жоғарғы оқу орнынан кейінгі бөлімге білім үшін емес, жұмыс орнынан табысына үстеме ақы қосылатыны үшін ғана түсетіндер қатары көбейген. Бұл да рас.

Ғылым мен білімнің қарыштауына кедергі болып тұрған тағы бір мәселе – көшірме жұмыс. Иә, біреу еңбектеніп жұмыс жазады, зерттейді, күні-түні көз майын тауысады. Екінші біреу дәл соны сөзбе-сөз көшіріп алып, нәпақа табады. Бұл барып тұрған ұрлық әрі надандық. Авторлық құқық туралы заң бар екенін біреу білсе, біреу білмес. Яғни біреудің жазбасын көшіріп, жариялау қылмыс болып табылады. Не десе де, әлдекімнің маңдай терімен жазылған дүниеге көлденең көк атты жиендік еткенімен, иелік ете алмасы анық.

ОТАНДЫҚ ҒЫЛЫМНЫҢ ҚАЗІРГІ КҮЙІ

Отандық ғылымның қазіргі деңгейі өркениетті елдермен салыстырғанда әлдеқайда төмен. Себеп – қаржыландыру жүйесі мен ғылымды басқару мәселелері. Маңыздысы – ғылымның елге, өнеркәсіптің дамуына қосатын үлесі, әкелер пайдасы. Бұл ретте біз әлемде 61-орындамыз. Бұл көрсеткіш дамыған елдер деңгейінен 24 есе төмен дегенді білдіреді. Қазақстан Рес­публикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында білім мен ғылым дамуының әлсіз тұстарының бірі – ғылым, білім және өндірістің нашар байланысы деп көрсетілген.

Отандық ғылымның қарыштауына тағы бір кедергі – ҚР жоғары білім беру жүйесінде ғылыми қызметкерлерді еңбекке ынталандыру деңгейінің төмендігі. Ғылымды ақша­мен бағалауға болмайтындығы белгілі. Яғни, бір ғалымға белгілі қаржы ұсынып, «жаңалық ойлап тап» деп тапсырма беру нәтиже бермейді. Дегенмен, бүгінгі нарық заманында болашақтың іргетасын қалаушыларға алаңсыз ғылыммен айналы­су­­­ға жағдай жасалуы тиіс.

Өркениеті озық елдерде ғалымдар ең жоғарғы зиялы топ өкілдері ретінде бағаланады. Соған сай олардың еңбектерін жеткілікті дәрежеде бағалап, өздеріне де құрмет көрсетіледі. Мысалы өркениетті озық ел ретінде алдыңғы шепте аталатын Ұлыбританияда әлем елдерінде үлкен сұранысқа ие техникалар өндіріледі. Себебі елде ғылым қуамын, жаңалық ашамын, техника ойлап табамын деген ғалымға жақсы жағдай жасалған. Тіпті университет қабырғасында жұмыс жасайтын әр ұстаздың өзіне ғана тиесілі кішкентай зерттеу кабинеті болады екен. Онда кітаптар мен тиісті құрылғылар орналасады. Әрине қажет-жарақтармен қамтамасыз етілген тыныш орынның болуы ғылыммен айналысу үшін таптырмас мүмкіндік. Тіпті Түркияда да ғалымдардың жұмыс жасап, шығармашылық адамының жаңа дүние шығарып, ойлап табуына жағдай жасалған. Ал Қытайда ше? Қытай бүгінде АҚШ пен КСРО-дан кейінгі үшінші әлемдік державаға айналды. Бұрындары «мынауың «китайский ғой» десе, ойыңызға «сапасыз» деген ассоциация келе қалатын еді. Себебі 20 жыл бұрын «Made in China» белгісі соғылса, «сапасыз» дегенмен пара-пар болатын. Уақыт өте қытайлық технологиялар әлемде ірі жетістіктерге жете бастады. Сөзімізге дәлелді «Чанъе-5» аппаратының 44 жылда алғаш рет Ай бетінің топырағын жинап, оны Жерге жеткізуімен келтірсек болады. Қытайлық Huawei, Baidu, Alibaba, Tencent сияқты компаниялар халықаралық нарықты жылдам қарқынмен жаулап алуда. Қытайлық бренд сапасы қазір еуропалық және америкалық өнімдерден кем емес. Себебі өркениетті ел саналатын аталған мемлекеттерде ғылым мен білім дамып, ғылыммен айналысушыларға толық жағдай жасалған. Күніге түрлі технология­­­лар ойлап шығаруға қауқарлы жапон­дықтар тапсырма үшін бір-бірінің ғылыми мақаласын ұрлап, өз атынан жарияламайды. Себебі халықтың ғылым мен бі­лімге деген көзқарасы айқын.

Бірақ онда ұлттық құнды­лықтың тө­мендеп бара жатқаны байқалады. Жақын­да бір жазбадан оқыдым, Жапониядан келген қонақ қазақ халқының бірлігіне, ауыз­біршілігіне таң қалып, «Сіздер біздің техникаларға қызығасыздар, бірақ бізде мынадай бірлік, сыйластық жоқ. Мен тіпті әкемнің туған бауырларын да танымаймын. Әркім өз бетінше, тек өзі үшін ғана өмір сүреді» деп таң қалысқан көрінеді. Иә, халықтың ауызбіршілігі мен татулығы ең бірінші орында. Десек те қазіргі заман көшіне, талабына ілесіп отыру өте маңызды.

Мемлекет қазір қалай өзге елдердің алдында өз-өзін мойындата алады? Жаңашылдыққа бет алып, әлем мойындайтын, әлем халқы тұтынатын техника, өндіріс жасап шыққанда ғана әлем елдеріне танылу мүмкіндігі болады. Бұл ретте ұлт келешегі үшін еңбек ететін ғалымдарға артылар жүк жеңіл емес. Бірақ, «Кім ғалым?» деп қарап отыру керек деген сөз емес. Бұл ретте зерттеуге, жаңалық ойлап табуға ынталы мамандарды тартып, оларға лайықты қолдау көрсетілуі қажет. Әйтпесе, толып жатқан ғылыми журналдар мен конференциялар мемлекет бағасын бере алмайды.

ҒЫЛЫМДЫ ДАМЫТУДЫҢ БАСТЫ БАҒЫТТАРЫ ҚАНДАЙ?


Ғылым саласындағы олқылықты оңтай­лан­­­­­­дыру үшін бағдарлама қабыл­данғанын атап өткен болатынбыз. Ол бойынша бүгінгі таңда тиісті жұмыстар атқа­рылып жатыр. Онда отандық ғылымды дамы­тудың басты бағыттары мен міндеттері анықталған. Олардың ішінде білім және ғы­лым жүйесінің кадрлық әлеуетін дамыту мәсе­лесі бірінші атап өту керек. Бұл тұста бағ­дарлама үш бағытты көздейді: ғылыми әлеуетті дамыту, кадр резервін күшейту және көшбасшыларды дамыту бойынша стратегиялық HR-менеджментті ен­гізу жөніндегі жұмыстарды кешенді түрде жүр­гізу. Сондай-ақ, білім мен ғылым инфра­құрылымын дамыту және цифрландыру, ғы­лым инфрақұрылымын жаңғырту және ға­лымдардың сандық дағдыларын дамыту шараларын жандандыру да көзделуде. Одан кейін білім беруді басқару және қар­жыландыру жүйесін трансформациялау, ғы­лыми-зерттеу қызметін жаңғырту. Ғы­лы­ми-зерттеу қызметін жаңғыртудың бір­ден-бір жолы – ғылымды интернационалдандыру. Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағ­дарламасында отандық ғылымның дамуына барлық деңгейдегі білім беру маз­мұ­нын жаңғыртудың әсері зор екендігі де ай­тылған.

«Ауруын жасырған өледі» дейді дана халқымыз турасына тартып. Жоғарыда көз көріп, құлақ естіген мәселелерді тізбектедік. Десек те, жоқ екен деп құр санды сапақтауға тағы болмайды. Елімізде демеркуризациялы өңделген көмірден вакуумда алтын өндіру, бөліп алу үшін үздіксіз әсер етуші құралдар мен технология әзірленуі, өсімдіктер және олардың синтетикалық баламаларының жаңа биологиялық бел­сенді қосылысы арқылы бірегей дәрілік заттар алу, атом энергетикасының дамыту бағдарламасы бойынша энергетика саласында жер бетін атмо-геохимикалық түсіруде оның геологиялық ортадағы тех­ногендік өзгерістерінің әдістемесі мен мо­дельдік бағдарламасы әзірленуі, сондай-ақ алғаш рет Қазақстанда радон 222Rn изото­пынан дозалық жүктемесі анықталып, қазақ ғалымдары оны алудың әдістемелік нұс­қаулығын әзірлегенін айтуға болады. Және ауыл шаруашылық, медицина салалары бой­ын­­ша ірі-ірі жетістіктер орын алғандығы көз қуантады.

ТҮЙІН

Білім беруді және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдар­ламасының қорытындылары қойыл­ған мақсаттар мен міндеттердің 93,4%-ға орын­далғанын көрсеткен. Қазақстан Рес­публикасында білім беруді және ғылымды дамыту­дың 2020-2025 жылдарға арналған мем­­­­­­­­­­­­л­­­е­кеттік бағдарламасы бойынша ор­ын­­­­­дал­ған міндеттердің пайыздық үлесі жо­ғары бола­тынына сенім мол. Бағдарлама қабыл­­данғалы үш жыл өтсе, мерзімді кезең­нің аяқталуына одан аз уақыт қалды.

Ғұлама ғалым әл-Фараби «Ғылымы жоқ елдің – болашағы жоқ» деген екен. Қасым-Жомарт Тоқаев «Той қуалайтын емес, ой қуа­лайтын кезеңмен бетпе-бет келдік. Бұл дәуір – ақыл-ойдың, ғылым мен білімнің, еңбектің дәуірі» деген болатын. Расында да, әлемдік аренада айтулы орын алып, бәсекеге қабілеттілікті арттырып, еліміздің терезесін өркениетті елдермен теңестіру үшін ғылымға бет бұру, өнертапқыштарға лайықты қолдау көрсету маңызды.

Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ

08 тамыз 2023 ж. 238 0